August 29

Бірінші карта


Абай өңірінде ғажайып Көкентау таулары бар. Дәл осы жерден қызыл жосамен жасалған жұмбақ жазбалар табылды. Ғалымдар оларды палеолит дәуірінен ерте қола дәуіріне дейінгі әртүрлі кезеңдерге жатқызады. Олар туралы алдағы басылымдарда міндетті түрде толығырақ айтамыз, әзірге назарларыңызға белгілі өлкетанушы, «Прииртышье» («Ертіс өңірі») Өлкетану қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Павел Жуковтың сызбалардың қалай табылғаны және бұл аумақтың тағы басқа құпиялары туралы жазбасын ұсынамыз. 👌
Бірінші карта☝️
Қазан айы аяқталуға жақын қалғанда, біз тағы да Көкентау тауларына келдік. Біз дегеніміз - қалалық «Прииртышье» («Ертіс өңірі») қоғамының өлкетанушыларымыз. Бұл шағын тау сілемі бірнеше жылдан бері бізді қызықтырып келеді. Барлығы әдеттегідей әңгімеден басталды. Қалалық институттардың бірінің оқытушысы, аңшы, Ертіс өңірінің білгір маманы Көкентау жартастарында кездесетін сызбалар туралы айтып берді.
«Суреттер тасқа қашалған ба?» деген сұрағымызға «Жоқ, олар қызыл бояумен боялған» деп жауап алдық.😮 Әрине, мұндай хабарды елеусіз қалдыра алмас едік. Өйткені, петроглифтер, тас бетіне қашалған сызбалар біздің ауданда жиі кездесетін құбылыс. Арқар, жылқы, түйе бейнелерін таптық. Аңшылық, соғыс, ғұрыптық билер көріністері бар... Ескекшілер мен қайықтардың бейнелері де болды, бірақ жосамен салынған суреттер жоқ. Кейінірек белгілі болғандай, мұндай сызбалар сирек емес.
Сонымен алғашқы сапар өз жемісін берді. Жолсерік бізге сызбалары бар екі орынды көрсетті - адамдар, бұланның басы, жолақтары бар тіктөртбұрыш. Таста не бейнеленгенін түсіну өте қиын болып шықты, көптеген сызбалар солып, өшіп қалған, тас ұсақталған, сондықтан бұл жердің құпиясы көп болды. 🤷‍♀️

Кейінгі сапарларда жаңа сурет, сызбаларды іздеу көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Нәтижесінде ежелгі суретшінің ізі қалған алты жер табылды. Бұл жерде ежелгі суретшілер ғана емес, сонымен қатар қазіргі вандалдар да өз ізін қалдырыпты.
Суреттерді іздеу кезінде басқа да олжаға кенелдік. Ежелде тоналған қорғандардың жанынан орнатылған тас мүсіндер, үлкен тастан жасалған қоршаулар табылды. Оны кім салған, не үшін, бұл мегалиттер нені қорғаған – бұл сұрақтарға әлі жауап жоқ.
Күздің қара бұлттары қазірдің өзінде түнеріп тұр, көл бетіндегі аққулар ұшып кеткен. Бүкіл табиғат қыс мезгіліне дайындалуда, бірақ күн әлі қысқара қойған жоқ, біз мүмкіндігінше көп мәлімет алуға тырысамыз.
Үш басты Үш-Айыр шыңына қарай беттедік. Біз айналамызға мұқият зер саламыз, әрбір тастың астына қараймыз.
-Таптым! – деген қуанышты айқай естіледі.


Жалғыз жартасқа асықтық. Тар үңгірдің төбесінде сызбалар кездесті және олар қаншалықты жақсы сақталған десеңізші! Ежелгі суретші жақында ғана арқарды, әлдебір түсініксіз бұрыштық нысанды бейнелегендей... Ол суретті саусағымен салған сияқты, саусақтың ені сызықтардың еніне сәйкес келеді. Бірақ арқар неге төңкеріліп бейнеленген екен? Еске түсірсек, өлтірілген жануарлар осылай бейнеленген. Бірақ бұрыштық үлгі нені білдіреді? Біз кенеттен үнемі көз алдымызда болған Үш-Айыр шыңын көрдік. Суретші бұл табысты жерді керемет суреттеген! Мүмкін сол қасиетті мекенге сәтті аңшылық үшін алғыс айтқысы келген шығар, мүмкін өлтірілген жануарларды тыныштандыру үшін де салған болар, десек те суретші бұл аймақтың алғашқы жоспарын, шын мәнінде, алғашқы географиялық картасын жасады. Осы жерлерден керуен жолдарының сызбалары мен Пири Рейстің, Магеллан мен Колумбтың ескі карталары мен Айдың арғы бетінің қазіргі картасы басталады. Бәлкім, мұның бәрі шындыққа жанаспайтын шығар, бірақ осы дөрекі болса да ежелгі суретті көргенде жаным жылыды. Ал бұл аңшы өзінің мекендеген жерін белгілеу арқылы бүгінде компаспен және GPS навигаторымен қаруланған біз сияқты планетада тұратындарға жақындай түскендей.🤗
Күн еңкейіп, ұясына батуға сәл қалды, әдеттегідей жанды жабырқататын күздің салқын лебі, үйге қайтатын уақыт болды.
Осы көне өлкеге бір емес, бірнеше рет келетінімізді біліп, қимай қоштастық. Артымыздағы көне мүсіндер қыстың ұзаққа созылатынына өкінгендей болды.
Фотосуреттер Павел Жуковтыкі