August 1

Алматыда бірегей «Арқалан» Петроглифтер саябағының құрылысы туралы келісімге қол қойылды  

Достар, біздің жақсы жаңалығымыз бар: кеше «Арқалан» Петроглифтер саябағын құру туралы ресми келісімге қол қойылды!🙏
Құжатқа Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК (қаланың Бас Ботаникалық бағын басқарады) бас директоры Гүлнара Ситпаева және «Петроглифтер ізшілері» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Гумирова қол қойды.👌
Саябақ Алматы қаласының Бас Ботаникалық бағының оңтүстік-шығыс бөлігінде «Қазақстан» экспозициясының аумағында орналасады. Оның ауданы – шамамен 2660 шаршы метр.
«Арқалан» саябағының міндеті – түркі дәуіріндегі жартас өнерінің ең көрнекті үлгілерін сақтау. Табиғи обьектілерді жылжытуға заңмен тыйым салынады, әрі олар үшін қауіпті. Десек те петроглифтердің көпшілігі қалалардан алыс орналасқандықтан тарих әуесқойлары үшін қол жеткізу қиын.
Саябақты құру жұмыстары бір жылдан астам уақыт бұрын басталған. Бабалар мұрасын сақтау және танымал ету мақсатында Қазақстанның түкпір-түкпірінен арнайы іріктеліп алынған түркі дәуірінің жауһарларын жаңғыртатын өнер нысандары қазірдің өзінде дайын. Жұмыстардың авторлары – белгілі петроглифші Санжар Жұбанов пен мүсінші Саид Айнеков. Сондай-ақ онда Ұлы даланың экожүйесі жаңғыртылып, Қазақстанның дала өсімдіктерінің топтамасы көрсетіледі.
«Петроглиф бағы, менің ойымша, өте танымал болады, өйткені мұнда Қазақстанның тарихы, дала әлемі көрсетіледі және мұның бәрі Бас Ботаникалық бақ аумағында жинақталады. Бұл - Қазақстандағы өсімдіктердің алуан түрі шоғырланған ерекше қорғалатын аумақ. Әрі қаламыздың көрікті жеріне айналатын өте қызықты жоба!» - деді Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнара Ситпаева.☝️
«Бұл - қаладағы ең жақсы орын. Атмосферасы ерекше, мұнда танымы жоғары аудитория келеді», - деп Ольга Гумирова қолдау білдірді.
Идея авторлары – кеңесшілер реставратор Қырым Алтынбеков пен археолог Александр Горячевтің қолдауымен мәдениеттанушы Зира Наурызбай, әуесқой тарихшы Ольга Гумирова және сәулетші Светлана Лизунова. ❤️
Қаржылық қолдауды DNA Payments компаниясы және оның құрылтайшысы Нұрлан Жағыпаров, сондай-ақ «Еуразиялық банк» АҚ көрсетті. Олардың баға жетпес көмегі жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік берді. 💪


Сондай-ақ саябақты жасауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген қарапайым халық – тарих сүйер қауым атсалысып, қайырымдылық жасады. Әр адам https://www.start-time.kz/project/details/2585/description краудфандинг платформасын пайдалана отырып, Парктің одан әрі дамуына өз үлесін қоса алады. Қаржы жинауды “Петроглиф ізшілері” қоры жүзеге асырады. Сондай-ақ «Арқалан» деп белгіленген «Петроглиф ізшілері» QR кодын пайдаланып, саябақты құруға үлес қоса аласыз.🙏
Жоба Бас Ботаникалық баққа ешқандай қаржылық күш түсірмей жүзеге асырылуда.
“Арқалан” Петроглифтер саябағының бірінші кезеңінің ресми ашылуы 2024 жылдың қыркүйек айының соңына жоспарланған, жұмыс 2025 жылы жалғасады. Саябақ ашылғаннан кейін Ботаника және фитоинтродукция институтының балансына тегін беріледі.