Ешкіөлмес
Қазақстандағы ең маңызды петроглифтік кешендердің бірі – Ешкіөлмес жотасындағы шоғырлар.☝️
Жота Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Жотаның ең жоғары биіктігі теңіз деңгейінен 1300 метр. Етегінде Көксу өзені ағып жатыр, оның аңғарында қола дәуіріне жататын қорымдар мен қоныстар көптеп кездеседі. 👍
Жергілікті климат мыңдаған жылдар бойы өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығына қолайлы болды. Ешкіөлмес атауының өзі «бірде-бір ешкі аштықтан өлмейтін жер» дегенді білдіреді.
Қолайлы жағдай ежелден бері адамдарға жайлы да бақуатты өмір сүруге мүмкіндік берді. Жотаның жыныстары кескіндерді қолдануға ыңғайлы тамаша патинамен жабылған. Петроглифтер жотаның 24 шатқалынан табылған. Олардың біріншісі неолит дәуіріне, соңғысы түркі дәуіріне жатады. Сызбалардың жалпы саны 10 мыңнан асады. 😮
Жартастағы суреттер жануарлардың жеке бейнелерінен бастап аңшылық, шайқас көріністері мен діни оқиғаларға дейін алуан түрлі болып келеді.
Алғаш рет Ешкіөлмес петроглифтері туралы мәліметті өткен ғасырдың 70-жылдарында геолог Людмила Скрынник берген.
Кешенді 1982 жылы Алексей Марьяшев басқарған экспедиция белсенді түрде зерттей бастады. Кейінгі зерттеулерді ғалымдар Александр Горячев пен Алексей Рогожинский жүргізді.
Белсенді зерттеуге қарамастан, бұл аймақтың ашылмаған құпиясы әлі де көп.
1998 жылы Ешкіөлмес ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарының алдын ала тізіміне енді. ❤️
Суретті түсірген: Сергей Алексеенок