March 19, 2024

Достар, баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!🤗

Көне дәуірден бастау алған бұл мерекенің тарихын ғалымдар бес мыңнан жеті мың жылға дейін деп есептейді. Оны ирандық діндердің ежелгі дәстүрлері – зороастризм және митраизммен байланыстырып, элементтеріне от пен күнге табынуды жатқызады. ☝️
Наурыз парсы тілінен аударғанда жаңа күн дегенді білдіреді. Күн мен түннің теңелуінен бастап жаңа жыл басталады.
Қазақстанда бұл мерекені тойлаудың өзіндік дәстүрі бар. Ұлыстың Ұлы күні деп аталатын бұл мереке жылдың басын ғана емес, жер бетіне жақсылық пен нұрдың келуін, барша тіршілік иелерінің жаңаруын білдіреді. 🙏
Мерекенің тарихы ата-бабаларымыздан қалған петроглифтік мұралармен тығыз байланысты. Қазақстан аумағында күн құдайларының («күн басты») бейнелері жиі кездеседі, андроновтық күймелер мен жануарларды бейнелеуде күн таңбаларының қолданылуы туралы біз бұрын жазған едік. Ежелгі киелі орындар күнге табынумен байланысты діни жоралғыларды орындайтын мекен болған, көктемгі күн мен түннің теңелетін күні де рәсімдер өткізілетін деген болжам бар. Сондай жерлердің бірі – Таңбалы тас.🫶 Қола дәуірінде Қазақстан аумағы арқылы көші-қон жолдары өткенін ескерсек, Наурыз мерекесін тойлаудың көне дәстүрлері біздің еліміз арқылы жан-жаққа таралуы әбден мүмкін.
Баршаңызды осы мерекемен тағы да шын жүректен құттықтап, ашық аспан мен тыныштық тілейміз! Көктемнің жаңару күні әрқайсыңызға тек жақсылық әкелсін! 💐
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі құтты болсын! ❤️