October 17, 2021

Мәуліт түні

Мәуліт түні

Әлемдегі барлық адамдарға пайғамбар ретінде жіберілген, пайғамбарлардың ең соңғысы және ең үстемі Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) 571 жылы сәуірдің 20-на сай келген Рабиул-әууәл айының 12-сі, дүйсенбі күні түнде, таңға жақын Меккеде дүниеге келді. Әр үмбетке өз пайғамбарының туылған күні мереке болып есептеледі. Бұл күн де мұсылмандардың мерекесі. Қуаныш пен шаттық күні. Әлемдегі мұсылмандар тарапынан жыл сайын бұл түн «Мәуліт түні» ретінде тойланады, барлық жерде мәуліт қасидасы, өлеңдері оқылып, Расулуллаһ еске алынады. Мәуліт – туылған сәт дегенді білдіреді.

Пайғамбарымыз мәуліт түнінде сахабаларға тағам ұсынып, бала кезінде болған оқиғаларды айтатын. Хазіреті Әбу Бәкір халифа болып тұрған кезде сахабаларды жинап, Расулуллаһ туылған кездегі ғажайып оқиғалар туралы айтатын. Бұл түні пайғамбарымыз туылған кезде байқалған құбылыстарды, мұғжизаларды айту, тыңдау, үйрену өте сауапты амалға жатады. Пайғамбарымызды мадақтайтын түрлі мәуліт қасидалары бар. «Мәуліт оқу» – пайғамбардың дүниеге келуін, миғражы мен өмірі туралы айту, оны еске түсіру, оны мадақтау дегенді білдіреді. Мәуліт түні – Қадір түнінен кейінгі ең құнды түн. Осы түнде пайғамбарымыздың туылғанына қуанғандар кешіріледі.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Мені әке-шешесінен, бала-шағасынан және барлық адамнан артық жақсы көрмеген адам шынайы иман келтірген бола алмайды.»

«Бір нәрсені қатты жақсы көрген адам, әрине, оны көп есіне алады.»

«Пайғамбарларды еске түсіру ғибадат болып саналады.»

Бұл түні сазды аспаптар және басқа да харам нәрселерді араластырмай, еркек-әйел араласпай, Аллаһ ризалығы үшін мәуліт жиындарын ұйымдастыру, мәуліт оқу, салауат айту, халыққа дәмді тағамдар ұсыну, жақсылықтар жасау мүстаһаб болады. Бұл күні Құран кәрім оқу, қаза намаздарды оқу, садақа беру, дұға оқу және Хақ та’аладан күнәларымыздың кешірілуін тілеу керек.