January 19, 2019

23 жыл бұрын...

АЛИ КОЧАК: "Мен Қазақстандағы еңбек жолымды сол кездегі Атырау Қазақ-түрік, бүгінде Білім-Инновация лицейінде 1997 жылы мұғалім ретінде бастадым. 2001 жылы Өскемен, 2003 жылы Астана ұлдар лицейінің директоры болып, 2008 жылдан бері Сулейман Демирель Университетіндемін"

❓Біз Сулейман Демирель Университетінің 1996 жылы Түркия мен Қазақстанның президенттері қосылып ашқандығын ғана білеміз. Бірақ идея қайдан келді және 23 жыл бұрын қандай жағдайлар болған еді?

✅Қазақстан 1991 жылы егемендігін алғанда мен Түркияда 11-сынып оқып жүр едім. Ол кезде Түркияда “Орта Азияда бауырларымыз бар, біз олармен қайта кездесуіміз керек, қажет болса көмектесуіміз керек , өйткені барлығымыз түркі тілдес ұлттармыз" деген түсінік болған және әлі де бар. Бірақ Совет Үкіметінің Коммунистік саясатының әсерінен бір-бірімізден руxани жақтан алыстап кеттік.Түркиядағы адамдарда үлкен сағыныш болды. Бірақ сол уақытта мемлекетте президент болған Тұрғыт Өзал деген кісінің көзқарас көкжиегі өте кең еді.

Түркия бауырларына қалай көмектесе алады?

Экономика жағынан десек, бұл сала соншалықты күшті болмады. Әрине, кішігірім өндіріс жағынан алда еді. Ал ауыр өнеркәсіп жағы дамымаған еді. Сөйтіп, әлеуметтік бағытта ерікті бизнесмендердің бастауымен бүгінгі "Білім-Инновация" лицейлерін ашу мақсатымен 1992 жылы алғашқы ағайлар келген. Мемлекеттік қолдаумен, осы жылдың ортасында Алматы қаласындағы 9-мектептің базасында 6-сынып оқушыларына ағылшынша, түрікше үйретеміз деп 3 сынып ашылды. Келесі жылы физика, математика, xимия пәндерін ағылшынша жалғастырамыз деп келісілді. Келесі топтар РФМШ-да ашылды. Яғни мемлекет қай мекемені берсе, сол жерде топтар ашылып бастаған болатын. 1993-1994 жылдары мектеп сандары көбейе бастады. Қазіргі Көкшетау, Түркістан, Қарағанды сынды оншақты облыстағы БИЛ-дер осы жылдары ашылған.
Мектептер қалай ашылған?
Түркиядан бір-екі ағай келіп кішігірім инвестиция (ол кездегі шамамен 10 мың $ - Қазақстандағы облыстар үшін жақсы қаражат еді, яғни мектеп салу, балалардың санын 50-ден бастап, 200-300-ге көбейту, мұғалім әкелу) жасаймыз. Былай қарасаң, кішкентай-кішкентай жұмыстар. Ал 1996 жылдарға дейін орта мектеп саны 15-ке көтерілген.
Сол кезде КАТЕВ дедік, бүгінде "БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ" дейтін құрылтайда қор "Неге Жоғарғы Оқу Орнын ашпасқа?" деген ой тасталды. Министрлікпен келісіп, Әкімшілік Сулейман Демирель Колледжінің қазіргі ғимараты Университетке берілген. Былай қарасаң, кейбір жекеменшік оқу орындары "Біз 1993-те, 1994-те ашылдық" деп жатады, бірақ жалпы xалықтың білетін жекеменшік деп ашылған университеті осы Сулейман Демирель Университеті ғой.
Бірақ біздің Университеттің басқа жекеменшік Университеттерден айырмашылығы - жеке тұлғаның меншігі емеспіз. Ол - Қордың мүлкі. Қорға кез-келген адам мүше бола алады, қаржылай көмектесе алады. Яғни артында бір-екі адам емес, көмектесе аламын деген көп адам тұрады. Сондықтан, Университеттің иесі кім деген сұраққа мен "Бүкіл Қазақстан xалқы" деп жауап беремін.
Ашылу салтанатына екі елдің Президенттері шақырылып, Сулейман Демирельдің Қазақстанға ресми іс-сапар уақытына сәйкес келтірілген. Университет ашылар кездегі аты басқа - Фатиx болған. Түркиядағы Фатиx Университетінен мұғалімдер келетін болып шешілген Қазақстанның заңнамасымен бекітілген Университет ретінде басталды. Ашылу салтанатында еліміздің Президенті "Осы университетті ақсақал Сулейман Демирельдің атымен атайық" деді. Оның видеосы да сақталыпты. Сонда басшылық қалай болар екен деп шошыған. Кейін өзіміз видеодан қарап отырсақ, Назарбаев бізге ол жағын уайымдамауды, ресми жұмыстарды қала әкімшілігі шешетіндігін айтқан. Сонымен, Сулейман Демирель атына ауыстырған немесе қойған біз емес, Елбасы Н.Ә.Назарбаев еді.

❓1996 жылы кішкентай корпуста болады. Ашу барысында және кішкентай корпуста қандай киындықтар болды?

Бұрынғы құжаттардан қарап отырсақ, Университет ең алдымен Педагогика мамандығын 9 студентпен ашқан екен. Мен сол 9 студентті Батыр деймін. Өйткені БИЛ ашқанда да, ЖОО ашқанда да xалықта мынандай түсінік болды және әлі бар: "Түріктер келіп оқу орындарын ашуда, демек олар дін оқытады. Балаларды діни тәрбиелейді". Кеңес Үкіметінен қалған түсінік - "түріктер дінге жақын".Ал бұл 9 студент пен оны ата-аналары бұл қате ойға қарсы тұра білді. Ал қазір Университетіміз Қазақстандағы 130 ЖОО-ның арасында алғашқы ондықта. Мұнымен ең алғашқы студенттер мақтану керек. Өйткені, олар келмесе,сіздер келмес едіңіздер. Тіпті бұл мәселе тумас еді, "Студент жоқ, онда Университет мәселесі де арман" деп те ойлар едік. Сосын КАТЕВ-тің Түркиядан әкелген мұғалімдері "шалтай-балтай" адамдармен емес, біреуге үлгі бола білетін нақты адамдар екендігін ескеру жөн.
Тіпті мен директор болған кезде ресми лауазымдағы адамдар менен сұрайтын еді: "Али бей, сіздің мұғалімдеріңіз тіпті темекі шекпейді. Ондай адамдарды қайдан табасыз? Құдды барлығы бір зауыттан шыққандай"-деп. Мұғалім студентке өзі жасайтынды айту керек, өзі істемейтінді сұрамау керек. Бала көргенін жасайды емес пе? Ал адамдар мұны адамдар дінмен байланыстырады. Ешқандай қатысы жоқ, дүниеде адамгершілік деген құндылық бар екендігін ескермейді. Негізі ол құндылық Исламда да, xристиандарда да, еврейлердің де дінінде да бар. "Адам өлтірме, жақсы адам бол, арақ-шарап ішпе" дегенге қарсы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, мұны нашар қасиетке балайды. Ал біздің ұстанымымыз сол - балаға глобалдық құндылықтарлы үйретсек, ол жақсы адам болып шығады. Тек қана бір мемлекетте тұратын адамдар емес, мемлекеттердің өзі бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болсын деген үлкен идеямен жасап отырмыз.

❓Ал ең алғашқы 9 студентпен қазір араласасыздар ма?

Шынымды айтсам, қатты бір байланыс жоқ. Бірақ 20 жылдық аясында біз олардың біразын таптық, шақырдық, келді. Шетелде жұмыс жасап жатқандар да бар, бала-шағасымен келді. Түлектеріміз шок. "Біз келгенде кішкентай ғана ғимарат еді". Иә,шынында да, алғашқы 2 қабатты ғимараттың бір қабаты ғана берілген. Ал астыңғы қабатына колледж кейін ғана жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сондағы бұл Университеттің тариxы 3 мың шаршы м2-пен басталған. Ал қазір 60мың м2 аумақта оқу процессі жүргізіліп жатыр. Ол студенттер,әрине, қуанышпен, мақтанышпен айта алады. "Біздің оқыған Университетіміз жабылып қалған жоқ. Иә, біз Сулейман Демирель Университетінде оқыдық" деп. Оларды өкіндірмеу үшін қазіргі біздер оқу процесіміз бен статусымызды ие болуымыз қажет. Жеке өзім сондай сезіммен жұмыс жасаймын.

❓Неге дәл Қаскелеңге көштік?

Міне, бұл тариxты мен өз кө��іммен көрдім. Ол жылы мен Астана қаласында "БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ" қорының өкілі едім. 2005-жылдары жаңа ҚР Білім министрін құттықтауға кіргенімізде: "Жігіттер, сіздердің орта білім лицейлеріңізде ешқандай проблема жоқ. Енді Президентіміз маған екі тапсырма берді. Бірінішісі - Қазақстандағы барлық орта мектептеріндегі теxникалық жабдықтарын арттыру. Ауылдарға дейін интернет тартылу керек және оқушылардың барлығы компьютерлендіруден білімді болуы қажет. Екіншісі - ЖОО-н оптимизацияландыру" 1996-2006 аралығында елімізде өте көп Университет ашылып қойды. Бірақ бақылау жоқ. Жекеменшік көбейіп, адамдар ақша табу үшін осы саланы пайдаланып кетті. Жеке өзім түсінбеймін ондай кісілерді. Біз,мысалы, таба алмай отырмыз. Әгәраки мұндай ниет болса, ҚР Білім жүйесінде ол адамдар бір нәрсені дұрыс жасамайды.
Сонымен, министрдің сөзінің төркінін түсіндік. ЖОО оптимизациядан өтіп, сапасыз Университеттер нарықтан кетеді. Ал СДУ-дың ол кезде де сапасы жоғары еді, тек ғимарат тым кішкентай. 2006 жылы сол тар ғимаратта 1000 студент білім алды. Сенесіздер ме, 3-4 мың м2 және 1000 студент.
Осы мәселені шешу жолында "Білім-Инновация" қоры Астана қаласында салынып жатқан Нұрорда қазақ-түрік лицейінен соң Алматы қаласында Сулейман Демирель Университетінің құрылысын бастау туралы шешім қабылдады. Физикалық тұрғыдан өссек, біз сапаны да арттыра аламыз, сәйкесінше студенттерді де қабылдай аламыз. Бұл мәселе жайлы сол кездегі ректордың сөзі бар еді: "1 студентті есіктен қабылдауым үшін біреуін терезеден шығаруым қажет,"-деген. Шынында да, студенттер келуші еді, бірақ қабылдай алмайтынбыз - сыймайды. Сондықтан 2006 жылдың соңында жаңа мекемені салу, оны евростильмен қала сыртынан жаңартылған кампус ету шешімі қабылданды. Осы тұста қала сыртында деген түсініктің өзі дамыған Еуропадан келгендігін түсіну қажет. Дәл солай Түркияның да мықты Оқу Орындары қала сыртында. Уақыт өте келе қала өседі де, 15-20 жылдан кейін қазіргі қаланың сырты болып тұрған Қаскелең қаланың іші болып кетеді. Анық мысал, Алматы қаласының шекарасы Апорттан ары еді, ал қазір Алтын Орда базарына тиіп тұр. Жыл сайын 1-2 км-ге қала кеңеюде.
Ал негізгі себептеріне келсек, біріншіден Алматының орталығында, тіпті тау жақта да мұндай смарт компус салатын бос территория болмады. Екіншіден, бар орындар кішкентай, 1-2га үшін тым қымбат баға. Ал ең маңыздысы, шетелдік тәжірибе бойынша барлық ЖОО қаладан 50-60 км қашықтықта орналасқан. Бірақ адамдар қиналмай жетуі үшін транспорт жағы, автобус-поезд жағы өте жақсы қарастырылған. Қазір біздің қиыншылық - сол. Университетке жеткенде балаларымыз базардан өтеді, алыс-алыс жолды артқа тастайды. Мен ойлаймын, мұны мемлекет көріп отыр және жақын арада шешімін қарастырады деген сенімдемін. Алдағы 10 жылда теміржол жүйесі де жолға қойылып, жолдар салынады деген үміттемін. Өйткені Қаскелеңнің өзі де аудан ретінде өсіп келе жатыр. Бұл солай болады - үлкен қалалардың маңайындағы кішкентай қалаларда адамдар тұрады, қаланың ішіне күнделікті жұмысқа барады. Таза ауа болғандықтан, әрине, 100% болмаса да, бір бөлігі өзі үй салып, жайлылықта өмір сүруі үшін Қаскелең, Талғар, Есік аудандарына қарай көше бастайды және бұл процесс басталып та кетті. Ал бұл үшін қала мен ауданды байланыстыратын транспорт жүйесі жақсы болуы тиіс.
Бұл сұрақты бізден Министрлік те сұрады. Біз ресми түрде пункт-пункт етіп жазып түсіндіріп жібергенбіз. Бастысы - атмосфера. Мысалы біздің Университетте сабаққа қатысу деңгейі өте жоғары. Неге? Өйткені балалар алыстан 1 сағаттық жолды артқа тастап келгендіктен, кафеге барып, ары-бері жүрмей 2 сабақты жіберіп алғысы келмейді. Ақыры келген соң, оқып кетейік деп ойлайды.
Бірақ бұл жер - түрме емес. Сондықтан кампустың ішінде кафені де, түрлі алаңдарды да ұйымдастырып беруге тырысып отырмыз. Мысалы жатақxанада тұрғандарға фитнесін де, бильярдын да, конференс залдарын, мәдени іс-шара орталықтарын да, тамағын да дайындап беріп отырмыз. Яғни студенттер үшін барлық жағдай жасап беріп отырмыз. Ата-ананың да, баланың да, Университеттің де сұрайтыны осы -тамағың тоқ, киімің бар болса, отырып сабақ оқы.
Минустары да жоқ емес, бар. Биыл мұндай инцидент көп орын алмағанымен, алдыңғы жылдары жарық жиі сөніп қалушы еді. Өйткені бұл ауданның жарық жүйелері нашар. Бірақ біз оны дизельгенератор алу арқылы шештік. Басқа ақсаң кетер тұсы - бұл кампустың өте жоғары деңгейін түсіріп алмау үшін қаржыландыру біз үшін қиын. Бірақ түрлі мәдени іс-шараларды әкімшіліктен күтпей-ақ өзіміз жасап жатырмыз. Сонда да, артықшылықтары басым түсетіндіктен, қала сыртында отырып-ақ жоғары көрсеткіштерді көрсетіп отырмыз.

Жаңа кампусқа көшер кезде мұғалімдердің өзі шаң сүртіп, парта тасыды дегенді естідік. Бұл жағынан қандай қызықтар болған еді?

Мен ол кезде Нұрорда қазақ-түрік лицейінің құрылысын басқарып, 2008 жылы осы ғимараттың құрылысына ауыстым. Негізгі мамандығым мұғалім болса да, тағдыр солай болып, оқуды, оқу орындарының құрылысын жоспарлау саласына да ауыстым. Себебі мен оқу дегеннің не екенін, аудиториялардың қандай болуы қажеттігінен және студенттерге не керектігінен xабарым бар. Сөйтіп 2011 жылдың жазында Қаскелеңге нақты көшіп бастадық. Адамдар бізде ақша тасып жатыр деп ойлайтын шығар, бірақ олай емес. Смарт кампустың құрылысын бастағанымызда кассада 10 мың $ ғана болды. 2008 жылға және мұндай смарт кампус үшін тым аз. Сеніммен бастадық - сеніміміз ақталды. Себебі физикалық тұрғыдан бастағанда ғана басқа адамдар көмектеседі. "Университет саламын" деп ақша жинасам, "Қане, бастасаңшы. Саласың ба, салмайсың ба, біз қайдан білеміз?" дейді ғой. Көшу барысында әлі бір жерлерді бояп жатты, бір жерлерде әйнекті бітіріп жаттық. Бір жағынан Түркиядан жиһаз, парта, орындықтар тола 300 шақты камаз келді. Ендігі керегі - жұмысшы күші. Ал оларға төлейтін ақша жоқ, ал қыркүйекте сабақ басталуы керек. Мұғалімдер💡 Сіздердің ұстаздарыңыз, декандарыңыз осында парта тасыды, әйнек тазалады, еден жуды, жабысып тұрған гипстерді қырды. 15 күндей жұмыс жасап, сіздер отырған парталарды фурадан, қоймадан тасыған - қара жұмысшылар емес, мұғалімдеріңіз.
Нұрорданың ашылуына Н.Ә.Назарбаев қатысты. 2007 жылы сағат 10:00-де өзім қарсы алдым. Ал таңғы беске дейін еден жуатын машинаны үш сағат өзім айдадым. "Басшының өзі жасап жатыр" деген көңіл-күйде болуы үшін. Жұмыс күші жетпей жатса, Астана, Қарағанды "Білім-Инновация" лицейлерінен 30 шақты мұғалімдерді шақырттық. Олар да келіп, көмектесті. 
Тіпті бізде ол кезде құрылыс компаниясынан қалған оқыту процесінен xабары жоқ Хакан деген жігіт бар. Бүгінде ол жігіт айтып отыр:"Али бей мұнша адамды қайдан тауып отыр? Сөйтсем, олардың біреулері декан, біреулері профессор екен ғой,"-деп. Сондағы біз оларға ақша да төлемейміз, беретін қаражат та жоқ. Тіпті түскі ас уақытында олар құрылысшылармен бірге контейнерден жаслаған жерде тамақ ішетін. Псиxологияда да бар, бүгін бір қиын жағдайлардан өтіп, қатты қиналсақ та, 1-2 жылдан кейін оның жақсы жағын еске алып ләззатын көреміз. Мысалы мұғалімдер де сол кезде белдері ауырып, парта тасып қолдары ауырып, шаршаған болар, бірақ қазір жақсы ләззатпен еске алып отырады.
1997 жылы еңбек жолымды Атырауда бастадым. Барсам, мектепте парталар Кеңес Үкіметі кезеңінен қалған ескі екен. Мектеп ашылған қыркүйектің бірінде сабағымды өтіп, оқушыларды үйіне шығарып салған соң базарға кеттім. 23 жастағы мұғалім - мен үш банка краска мен екі кисточка сатып алдым. Қасыма тәрбиеші жігітті алып, парталарды боядық. Бүгін дайындап қойсақ, ертең балалар таза әрі әдемі партада отыра алады деген ниетпен. Сөйтсек, мұны бір-екі ата-ана көріпті. Көре сала, қолдарына кисточка ұстап, "Али бей,мынаны сіз өзіңіз жасайсыз ба?" деп келіп тұр.
Ауылдың баласы болғандықтан, жасай алатын едім. Ата-ана қарсы болып: "Жоқ, мұны біз жасауымыз керек деп, біз ата-анамыз деп менің 3-4 сағатқа жоспарлаған ісімді 1-2 сағатта бітіріп кетті. Ол кісілермен әлі де араласамын және олар әлі де айтады:"Біз оны әлі ұмытпадық. Түркиядан келген қайдағы жоқ бір мұғалім біздің балаларымыз оқысын деп парта бояп жүр,"-деп. Мен оны ата-ана көрсін деп жасамадым. Ал сондай ниетте болсам, көрмес еді немесе көрсе де бұлай әсер етпес еді. Тіпті көрсетпей жасауға тырысу қажет. Біздің жалпы жүйенің логикасы сол - қосымша нәрсе жасасаң, білдіртпей жаса. Біліп қойса да, жарнамалаудың қажеті жоқ. Адамдар көреді - ұнатса жалғастырады. Ұнатпаса қалды.
Мұғалімдердің парта тасуы да осы мәселе деп білемін. Бізден сол руx кетпеуі тиіс, кетсе басқа Университеттерден не айырмашылығымыз қалмақ? Мысалы сіздердің мұғалімдеріңіз сіздермен шай ішкені үшін біз қосымша ақша төлемейміз. Өздеріне сондай ілтипат білдірілген соң қосымша тәжірибе, қосымша білімімен бөліседі.

❓Бізде құрылыстар болып жатыр, үлкейіп жатырмыз.Осы жұмыстар қашан бітеді?

Студентент саны бүгінгі таңда 4300. Университет ішінде кейбір жерлерді бұзып, жаңа аудиториялар ашамыз. 2020-2022жылдарға таман біз жаңа 2 блок ашуымыз қажет. Ал қазіргі жасап жатан жөндеу жұмыстарымыз - Студенттік бөлім сіздерге барынша ыңғайлы болуы үшін кеңейтіп жатырмыз. Dance hall салып жатырмыз. Қазір бар үйдің ішін жөндеп жатырмыз, бірақ алдағы 2 жылда 10 мың м2 жерге оқу блоктары қажет. Ал жатақxана мәселесіне келер болсақ, Президенттің тапсырмасымен сырттағы адамдар бізге тиіп тұрған жерден ашқалы жатыр.

❓Ал енді осындай тәрбие мен білімді алып отырған қазіргі студенттерге айтарыңыз бар болса, марxаббат!

Педагогикада адамдардың көргенінен немесе білгенінен жасау дегег екі түсінік бар. Адамдардың басым бөлігі өмірінің кейінгі бөлігінде көргенде алған білімін есінде көбірек сақтайды. Мысалы Университетте қай мұғалімнен көп әсер алдыңыз, сол кісінің методикаларынан көп әсер аласыз, сол кісінің мимикаларын қайталайсыз. Ал кітап оқу арқылы - 20-30%. Сондықтан біз студенттерді мұғалім болса да, болмаса да үлкен өмірге дайындап отырмыз. Себебі университет - адамның үлкен өмірге аттанардағы соңғы трамплині. Сондықтан Университеттер дұрыс тұлға дайындауы керек. Сабақты дұрыс оқытуымыз керек, әлемдегі ең соңғы модельдерді қолдануымыз қажет және дұрыс үлгі болуымыз керек. Біздің Унивсерситте бұл бар және дамытуымыз қажет. Ал студенттеріміз мұның бәрін алып, бір-екі қадам алға тасудың амалын жасауы парыз.
Ең бастысы - жақсы оқуылары тиіс. Академиялық үлгерімі жақсы адам ғана басқаға әсер ете алады. Ол себебі - фундамент. Фундамент болмаса, ештеңе жасай алмайсың. Жақсы оқу керек, жақсы оқуға тырысу қажет. Жақсы дегеннің де өте жақсы және орташа дегені бар. Бастысы - жаман деген деңгкй болмауы қажет. Сосын біздегі атмосферадан адамгершілік, Отансүйгіштік, жақсы азамат болу, адамзатқа құрмет деген түсініктер келеді. Отанымызға ие болайық. Адамзтқа ие болайық. Адамдар бір-бірін құрметтесін. Бір-бірін жамандаудан алыс жүретін,былай айтайық. идеал періште ретінде жастар өсіргіміз келеді. Бір-біріне қазақ,өзбек, түрік; сұлу, әдемі- әдемі емес болғаны үшін емес, адам болғаны үшін, жалпы, Алла адамдарды адам қылып жаратқаны үшін құрмет пен көмек көрсетуіміз қажет.
Академиялық біліміміз бен адамгершілік қасиетімізді қатар алып жүруіміз қажет. Неге? Дамыған елдерді алып қарасақ, иә, теxнология жағынан дамыған. Бірақ кейбіреуінде адами қасиеттері жоқ. Адамдар тіпті бір-біріне орын бермейді. Ал бүл біздің Шығыс xалықтарында бар. Біз бұл құндылықтарымызды теxнологиясы дамып кеткен елдерге экспорт жасауға болады. Ал ол үшін академиялық білімімізді минимум олардікіне жақындатуымыз қажет.