Экс-мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты қамауға алынды
Бұрынғы министр 8 жылға сотталған
Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.
Адвокат Мұстақым Төлеевтің үстінен арызды экс-шенеуніктің зайыбы жазған. Ол күйеуіне жеңіл жаза тағайындалуы үшін адвокатқа ірі көлемде пара берген.
Мұстақым Төлеевтің үстінен «алаяқтық», «пара беруге итермелеу» баптары бойынша іс қозғалған.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, экс-министрдің әйелі адвокатқа 460 мың доллар пара берген.
Мұхамедиұлының әйелі пара беру ісі бойынша «күдікті» деп танылды.
— Қылмыстық жазаны жеңілдетіп, не Мұхамедиұлын қамаудан босатып алу үшін адвокат сотталушының әйелінен сот төрағасына ұсынуға 460 мың АҚШ доллары көлемінде ақша алған, —деп мәлімдеді Қаржы мониторинг агенттігі.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 20 маусымда 8 жылға сотталған. Оған Ұлттық музей директоры болып тұрған уақытта 221 миллион теңге қаржы жымқырды деген айып тағылған. Ол сотта өзіне тағылған айыпты мойындамаған.