Неге Алма-Ата емес, Алматы атауы дұрыс?
Қазақстандықтар отарсыздану мәселесіне көбірек назар аудара бастады. Отарыздану ана тілінде сөйлеуден бөлек, Кеңес Одағы кезінде қойылған жер аттарын тарихи атауымен атауда да байқалады. Бірақ халықтың кейбір бөлігі мен ресейлік БАҚ Алматыны «Алма-Ата» деп атауын жалғастыруда.
Алматының ескі атауы не себепті қате және отарлаушы елдің өнімі екені туралы The Village Kazakhstan басылымының материалын аударып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Орыс тілділер мен ресейліктер қалай атайды?
Ресей Ғылым Академиясының қаулысында және Ресей Федерациясы Президент Әкімшілігінің 1995 ж. 17 тамызындағы №1495 өкімінде орыс тілінде «Алма-Ата» деп атау ұсынылғандықтан, қазақстандық орыс тілді журналистер көбіне «Алма-Ата» деп атайды.
Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары мен телеарналардың көпшілігі, сонымен қатар көптеген блогерлер мен қоғам қайраткерлері ескі атауды қолданады. Мысалы, Илья Варламов YouTube парақшасында бірнеше рет «Алма-Ата» деп атаған, сондай-ақ «Алма-Ата: не приезжай - умрешь» деп аталатын материалы да жарық көрген.
Ресей емле комиссиясының Ғылым академия мүшесі Мария Ровинская қаланы ескі атымен неліктен атайтындарын былай түсіндірді:
Бір жағынан, бізде бекітілген сөздік пен картографиялық дереккөздерде бұл топонимдер атаулары бар. Екінші жағынан, өзіне әдетті топонимдерді көргісі келетін басқа елдердегі достарымызға жәрдем көрсетуге ұмтылыс бар. Оның үстіне, ол елдерде кирилл жазуы болса тіптен. Бұл мәселенің гармониясы бәлкім, ортада шығар, бірақ мен орыс тілінде қабылданған норманы бұзғым келмейді.
Этимология мен семантика
«Алматы» атауының түбір сөздері мен мағынасы «алма, алмалы». Қазіргі Алматы аумағында бұрын үлкен алма бақ болған, соған байланыстырып қаланың да аты қойылған. «Алма-Ата» - бұл қазақ тілінің (кез-келген басқа тілдің) ережелеріне сәйкес келмейтін жәй ғана «алма» және «ата» сөздерінің қосындысы.
Кейбір адамдар «Москва»-ны қазақша «Мәскеу» деп атаған сияқты «Алма-Ата» қазақша «Алматы»-ның транслитерациясы деп ойлайды. Бұл қате салыстырма: «Алма-Ата» — орысша емес, екі қазақша сөздің еш мағынасыз қосындысы.
Кеңестік ұқсастық
Мұрағат пен құжаттама даму жөніндегі басқарма басшысы М. Ахметованың құжаты бойынша «Алма-Ата» атауы 1921 жылы пайда болған. Онда «1921 жылдың 5 ақпанында қала Верныйдан Алма-Атаға өзгертілді» делінген.
Аумақтың тарихи атауы — «Алматы» «Алма-Ата» болып өзгертілді. Қаланың аты ТүрОАҚ қаулысымен 1921 жылы 3 наурызда өзгертіліп, бекітілді.
«Алма-Ата» атауы КСРО-да қабылданды. Оны бүгінде пайдалану «Верный» деген атау сияқты, және «Санкт-Петербургтың» орнына «Ленинград» деп айту сияқты да орынсыз.
1993 жылғы Конституция
1991 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Қазақстан Республикасының Конституциясымен 1993 жылы 28 ақпанда Алма-Ата қаласы ресми түрде Алматы болып өзгерді.
Сол үшін бүгінде қаланы ескі атаумен атауға ешқандай себеп пен мағына жоқ: Кеңес Одағы енді жоқ, ал бұрынғы атауды қолдау — Қазақстанды КСРО және Ресеймен байланыстырумен тең. Қазақстанда кеңестік «Алма-Ата» атауына үйренген адамдар бар, және өкініштісі, олар атаудың шынайы мәні қандай екендігін ойламауы да мүмкін.