«ӨКМ Операторы» ісі бойынша Әлия Назарбаеваның үй қызметшісі ұсталды
Қағаз жүзінде ол компания құрылтайшысы болған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, «ӨКМ Операторы ісі» бойынша іздеуде жүрген Шынар Мұқтарова Дубай қаласында ұсталған. Қазір оны Қазақстанға экстрадициялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Ол (Шынар Мұқтарова) Дубай қаласында ұсталып, Интерполдың көмегімен Біріккен Араб Әмірліктерінің уәкілетті органдары қамауға алды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы оны экстрадициялау рәсімін жүзеге асыруда, – делінген агенттік хабарламасында.
Шынар Мұқтарова утилизация төлімінің 920 миллион теңге қаржысын жымқырды деген күдікке іліккен. Бірақ бірқатар БАҚ құралдары оның қағаз жүзінде «ӨКМ Операторы» компаниясының құрылтайшысы болғанымен, шын мәнінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның үй қызметшісі болғанын жазуда.
Шынар Мұқтарова 2022 жылы маусымда іздеуге берілген. Оның қайда екені туралы ақпаратқа 12 миллион теңге сыйақы тағайындалған.