Мен графикалық дизайнерлікке не үшін қызығамын?
Бала кезімде сурет салғанды қатты ұнататынмын. Балалық шақтан бастап көркем өнер мен гуманитарлық, жаратылыстану бағыттарын қатар алып жүрдім. Барлық пәнді жақсы көрсем де, суретке қызығушылығым азайған емес. Бір жұмысты бастасам сапа мен нәтижеге көңіл бөліп, 5-6 сағаттап ісімді аяқтамайынша қозғалмаған күйі отыратынмын.
Соңғы 3 жылдан бері жалпы сурет, үйлесімділік пен түстерге қатысты ойым өзгере бастады. Құдды, ақ параққа салынған әрбір бейне астарында креатив пен тұнып тұрған идеялар жатқанын түсінген сияқтымын. Осылайша, дизайнға қызығушылығым артты.
Кейіннен әлеуметтік желілерге қайта оралған соң, ешқандай бизнес өзінің жеке дизайн, лого, бренді мен стилінсіз жүрмейді екен. Осылайша, Power Point программасындағы іш пыстырарлық, қарапайым, жеңіл таныстырулар жасап, жалыққан мен, өзгерістер мен идеяларды іздеу барысында жүрдім. Дегенмен, жолым Canva австралиялық дизайн платформасына түсті. Әрине, басында сан мыңдаған дизайн әлеміне алғаш кірген соң, оң-солымды айыра алмай көзге түскен түрлі картинка үлгілері мен иллюстрацияларға қызыға бастағаным рас. Бірақ, кейін кейбір элементтерін негізге ала отырып, өңдеп, дизайнда өзімнің қарапайым стилімді қалыптастыруға тура келді.
Қорытындылай келе, дизайн мыңдаған сөз бен шексіз ойды кішігірім жазуы кіретін бір ғана суретпен жеткізетін таптырмас құрылғы.