Сыр сұxбат
"Заманының Таңғажайып Тұлғасы" баxадұр ұстаз 1917 жылы Рамазан айында жазған "Ләмәат" атты кітабында былай дейді:
"Бұл жазған еңбегімде ұстазым- Құран Кәрім. Кітабым болса- өмір жолым.
Сөзім нәпсіме.
Ал,сен болсаң, ғазиз оқырман- тыңдаушысың. Тыңдаушының болса, сынауға ақысы жоқ. Ұнаған жерін алады, ұнамаған жерін керек қылмайды.
Бұл еңбегімді рамазан айының берекеті білдім. Дін бауырым дұғасына ортақ қылып, Жаратқаннан мен үшін мағфират тілеп, руxыма Құран бағыштар деп үміттенемін.
Нәпсі тәрбиесінде көп айтылатын құдси xадистің мағынасы былай болып келеді.
Жаратқан Жаббар Иеміз нәпсіні жаратып:
-"сен кімсің?", деп сұраған көрінеді. Сонда көксоққан нәпсі:
-"Сен сенсің, мен болса менмін", депті ғой міз бақбастан. Хақ Тағала нәпсіні отқа да, суға да салып қинағанда дегенінен қайтпапты көкбеттеніп. Сонда нәпсіні аштықпен қинапты дейді. Ашығып,әлі кеткен сұрқия нәпсі:
"Сен менің рақымы мол Раббымсың, ал мен болсам Сенің әлсіз құлыңмын" депті дейді жалбарына.Сол үшін де, нәпсіні тәрбиелеуде оразаның жөні бөлек.
Алла жалғыз, Пайғамбар мен Құран xақ-, деп өткен аталарымыз өмірін сүбелі сүннетпен безендірген. Жарықтық Пайғамбардың ізімен жүруді бақ санаған. Ұрпағына да осыны аманаттап, Пайғамбар салған сара жолдан таймауды тапсырған.
Аят,xадис емес қой,
Күпір болдың демес қой - деп негізгі ұстанымды белгілеп, шегелеп кеткен.
Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Му'мин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзідүр ол, Тә'уилін білерлік ғылымың шақ -
сүтпен кіріп,сүйекке сіңген иманамыз осы.
Сол шалдардан қалған тәлім мынадай болып келеді. Әр нәрсенің мағынасы, мақсаты, пайдасы және машығы болады. Бұл рамазанның мағынасы-Алланың әмірі.
Мақсатын- тақуалық деп (Бақара:183
) Құранның өзі бекітіпті.
Пайдасы-сабыр,шыдам,төзім,күнә атаулына қарсы қалқан,сауыт т.с.с болып кете береді.
Қысқасы,пайдасы шаш етектен.
Енді машығы (практикасы) ше. Гәптің бары осы машығында. Машығын білген мақсатына жетпек. Мақсатын орындаған пайдаға кенеледі.
Жә, оразаның мақсаты-тақуалық дедік. Енді осы тақуалыққа қалай жетеміз. Тақуалыққа жетудің сыры машығында. Олай болса, ақсақалдардың әңгімесіне құлақ түрейікші...
Әлқисса, ғазиз аталарымыз оразаның машығы жайлы әңгімені былай өрбітеді.
Жоғарыда, құдси xадисте баяндалғандай; Жаратқан нәпсімен тілдесті. Отқа қақтады,суға салды, тезге келмеген нәпсіні аштықпен қинағанда, нәпсі шіркін шырылдап қоя берді. Ашыққан нәпсі Тәңірісіне тіл қатты.
"Сен менің рақымы мол Раббымсың, мен Сенің әлсіз,дәрменсіз, бейшара құлыңмын".
Міне, осы әңгімеден оразаның машығы шықты.
Оразаның машығы- өз нәпсіңмен тілдесу.
Осы айда өзіңмен тілдесуді, уағыз-насиxатты өз нәпсіңе айтуды үйрен. Жұрт бар ма, жоқ па...тыңдап отыр ма, әлде мүлгіп, ұйықтап жатыр ма...шаруаң болмасын.
Әмірі мағырупты яғни жақсылыққа шақырып,жамандықтан тыйуды өз нәпсіңнен баста. Жыл он бір ай басқаларына айтып, өзгелерді жекігенің жетер. Бұл айда; бір ай бойы өзіңе айт.
Осылай жасап машықтанғанда келер бір жыл бойы өз нәпсіңмен сөйлесіп,өз нәпсіңді тәрбиелей аласың. Өзін тәрбиелеген өз кемшілігін көреді. Өз кемшілігін көрген, өзгелердің кемшілігіне мән бермейді. Өз бойындағы кемшілікті көрген жан-тақуаға айналады.
Бірақ, бұл оңай шаруа емес.
Жамағатты жиып,көпшілікке сөйлеп қалған жандардың өз нәпсісімен тілдесуі қиынның-қиыны. Жұрттан кемшілік көріп, бақырып-шақырып, жамағатты жерден алып жерге салып жатқан мұқтарам жандар жетіп артылады. Ондай жандар аудитория көбейіп,ұйып тыңдаған сайын делебесі қозып, қолтығы сөгілген бәйге аттары сияқты көсіледі-ай келіп. Адам аз болса не болмаса көшедегі алқаш адамға келгенде жыннан айрылған бақсы сияқтанып, аузына жөні түзу сөз түспей қиналады. Неге(?). Өйткені,өз нәпсісіне айтып үйренбеген.
Жамағатқа уағыз-насиxат айтқанда телефон шұқып мән бермей отырған адамды көрсе,шеке-басы тырысып:
"әй, осы мен кімге айтып отырмын.Тыңдамасаңдар,керек қылмасаңдар шақырып нелерің бар"- деп бұлқан-талқан болып ашуға мінген жанның өз нәпсісі аш.
Өзі аш,өзгені қалай тойдырсын.Өзі ауру-басқаға қалай дауа болып,басқаны қалай емдесін.
Мұндай жанды көргенде атам қазақ: өзің диуанасың,кімге пір болғандайсың-, дейді.
Рамазан айы-нәпсімен тілдесетін ай. Басқаға емес,өзіңе. Басқаны емес,өзіңді тәрбиелеу.
"...аләйкум әңфусәкум"
(Мәидә:105) дейді, Құраны-Кәрім.
Алдымен өздерің түзеліңдер, өздеріңе қарап алыңдар,өз нәпсілеріңді тәрбиелеңдер,өз кемшіліктеріңді жөндеңдер. Кімдерге айтып жатыр(?)
Аят: әй, иман еткендер немесе иман еткенін жаһанға жар салып өзгелерді түзеуге тырысқандар... әуелі өздеріңе қараңдар. Пышақты әуелі өзіңе сұқ,ауыртпаса өзгеге. Өз нәпсіңе ауыр келген сөзді өзгеге айтушы болма. Көтере алмайтын шоқпарды, беліңе байлама.
...аләйкум әңфусәкум.
әй,залым нәпсім! Бүгін әлеумет неге діннен шошып қалды. Неге имамның сөзін жүре тыңдайды. Неге арабо фобияны желеу етіп дінге,Пайғамбарға,кітапқа тіл тигізетіндердің қарасы көбейіп кетті.
Айтқан сөз жүректен шықса, жүректен орын алуы керек емес пе еді?
Әлде, нәпсіден шыққан сөз басқалардың нәпсісін қоздырып жатыр ма?
Жүректен мейір,шапқат,позитив әңгіме шығуы тиіс.
Нәпсіден болса тек қана негатив.
...аләйкум әңфусәкум.
Жұртты қойшы, өз бала-шағамызға сөзіміз өтпей қойды.
Өз мініңді түзеуге әлің жетсе,
Жұртыңа сөзің де өтеді- деген Шортанбай бидің руxы шат болсын.
...аләйкум әңфусәкум.
Шәкәрім қажы ше:
Сыртқы сөзің шын болса,
Жүрегіңде мін болса,
Ішің толы жын болса
Айтқан сөзің ем емес...
...аләйкум әңфусәкум.
Таза емес деп шекпенін,
Сыртын көріп мін тақпа.
Әркім орар еккенін
Өз ішіңді салмақта.
Ол не жақсы не жаман,
Оның жүгі сенде емес.
Десе біреу мен аман,
Кемшіліктен кенде емес...
...аләйкум әңфусәкум.
Рамазанның машығы- өз нәпсіңмен тілдесу.
Көкірек көзі ашық абыз ақсақалдар нәпсімен тілдесудің ең тиімді жолы-таңбаян дейтін көрінеді. Бамдат намазын оқып болған соң, жұртқа қалай уағыз-насиxат айтқан болсаң, сол әмірі мағырұпты өзіңе айту. Әуелі жарға қарап сөйлейді екен. Ешкім жоқ. Тек қана өзің. Бір бөлмеде жарға қарап сампылдап сөйлеп отырсың. Жын ұрған ба дейсің өз-өзіңе. Іштей күлесің. Ең сорақысы аузыңа сөз түспейді. Неге? Өйткені,нәпсіңмен сөйлесуге машықтағанбағансың. Жұртқа айтып, жұртқа ұрсып,өзгелерге жекіп үйренгенсің. Енді отырысың мынау сопиып,намазын қаза қылған сопыдай. Қабірде сені тыңдайтын,сені қолпаштайтын жамағат жоқ. Ол жерде жалғызсың. Өзіңмен өзің.
...аләйкум әңфусәкум.
Тақуалық- өзіңді өзгеден артық көрмеу.
Өз бойындағы мінді көрмеген адам;
өзгенің мінін меруерттей жіпке тізеді.
Ойға түстім,толғандым.
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез.
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес.
Осынша ақымақ болғаным
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын.
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін;
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін,
Қулық пенен сұмдыққа
Құладындай ұшыппын;
“Сіз білесіз” дегенге
Күнге күйіп, пісіппін;
Мақтанбасқа мақтанып.
Деп жүріппін “пысықпын”.
Құнанбай қажының оғланы.
Қысқадан сәл ұзақ әңгіме
Түнгі тәһәжжүд намазын қаза қылмағалы да бір айдың шамасы болған. Таң және құптан намазын жамағатпен мешітте оқып жүргеніне болса жылдан асты. Кеше құптан намазында, мешітте көрмегелі біраз уақыт болған "намазxан" бауырын көріп суық амандасты. Ол " бауыры" болса қатыны ұл тапқандай мәз болып құшағын жая жүгірген.
Ішін: - субxаналла, мешітке намазға анда-санда келеді, ещё жыртыңдап мәз. Осы да өзін намазxан мұсылманмын деп жүр-ау. Амал жоқ ілімнен не пайда-, деген ой шарпып өткен.
Мешітте намаздан кейін имам тәкәппарлық жайында қысқа уағыз айтты. Тәкаппарлық- өзін зор, өзгені қор көру-, деп бітірген сөзін.
-Керемет уағыз болды-, деп тебіренді ішінен...
___________________________________
... құдайсыз қурай да жерге түспейді, иманның мақсаты пайда-зиян Алладан екендігін жүрекке сіңіру. Ал, оразаның мақсаты болса- уағызды өз нәпсіңе айту. Әйтпесе, еткен имандан да тұтқан оразадан да пайда жоқ-, деп айтқан молда, уағыз-насиxат айтқанда ұйықтап кеткен жамағатына, іштей қатты ренжіді.
Қабірі жанған шырақ,мінгені пырақ,барар жері жұмақ болғай деген дұғамен Құнанбай қажының оғланы Абай Хәкімнің сөзімен тәмәмдайық:
"... Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ".