Марқұмдарды риза ет
Жүрек көзі ашылған бір әулие жапан түзде келе жатып, түнде жалғыз қалады. «Жалғыз қалсаң, зиратқа түне» деген сөз есіне түсіп, қорымға барып қоныпты. Түннің бір уағы болғанда ол қабір әлемінде еріндері кезеріп, беттері жарылып шұбырып кетіп бара жатқан тобырды көреді.
Жүрек көзі ашылған бір әулие жапан түзде келе жатып, түнде жалғыз қалады. «Жалғыз қалсаң, зиратқа түне» деген сөз есіне түсіп, қорымға барып қоныпты. Түннің бір уағы болғанда ол қабір әлемінде еріндері кезеріп, беттері жарылып шұбырып кетіп бара жатқан тобырды көреді.
Бұл олардың көшбасшысымен тілдесіп:
– Кімсіңдер? Бұл не тобыр? Жаяулап-жалпылап қайда бара жатырсыңдар? – деп сұрайды.
Әруақ:
– Біз осы қорымдағы әруақтармыз. Ұлық Алла бізге мейірім-шапағат етіп, әр сәрсенбі кешке қарай құранның сауабын алу үшін үйімізге қайтарады.
Егер ұрпақтарымызда құран оқытатын жер болса, сол жерден нұр алып, қуат алып, жұма күні түстен кейін қайтамыз, – дейді де жүріп кетеді.
Әулие кісі оқиғаның нәтижесін көру үшін жұма күні қорымға тағы да түнепті. Бұл жолы көштің алдында желмая мінген бақытты кісілер келе жатыр екен. Оларға сәйгүлік мінген қуанышты жандар ілесіпті. Осылайша көш сән-салтанатымен жалғасып кете беріпті. Көштің соңғы жағында тай мінген, тайқар мінген пақырлар келе жатыр. Ең соңында бір кемпір мен шал арып-ашып, көшке зорға ілесіп келеді.
Әулие кісі осы екі бейбақпен тілдесіп:
– Сендер неге жаяу келе жатырсыңдар? Сендерге не себепті көлік нәсіп болмады? – деп сұрайды.
Олар:
– Біз екі күн құран дәметіп, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Ешбір үйде бізге арнайы құран оқылмады. Ал мына сән-салтанаты асып, көліктің жақсысын мінгендер – құранға қарық болғандар.
Түйе мінген, ат мінген бақытты жандардың бала-шағасы арнайы ас беріп, көрші-қолаңдарын жинап, марқұм бауырларына құран оқытты. Ал біздің артымызда жалғыз ұл қалып еді. Одан хабар жоқ. Өлі болса, қасымызда жүрер еді. Соған қарағанда, ол тірі. Бірақ бізге арнап құран бағыштаған емес. Соның себебінен біз осындай пұшайман халге түстік. Қабірстанда құраннан басқа зат бізге азық болып жарытпайды екен, – деп мұңын шағыпты.
Ертесіне әулие кісі қос бейбақтың жалғыз ұлын бір байдың қойын бағып жүрген жерінен тауып алып:
– Әй, балам! Мына баққан малыңа бай не ақы төлейді? – деп сұрайды.
– Жылына он саулық, – дейді қойшы.
– Тілімді алсаң, бір саулықты сойып, әке-шешеңе құран оқыт. Олар құранға мұқтаж, – дейді.
– Мен өзім жарлы жетіммін. Тапқан малым қара басыма зорға жетеді. Жасым келсе де, әлі қатын ала алмадым. Құран оқытуға шамам жоқ, – дейді ол.
Әулие кісі:
– «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Ата-анаңның әруағын риза етсең, тұрмыс-тіршілігіңді Тәңір өзі түзейді.
«Тірі дүниеге тоймайды, өлік құранға тоймайды» деген. Бірінші солардың мұқтаждығын өте, – дейді. Жетім бала әулиенің тілін алып, бір саулығын сойып, бейсенбіде көрші-қолаңды жинап, құран оқытады. Әулие жұма күні қорымға тағы түнейді. Баланың ата-анасы қос-қос тұлпар мініп, көштің алдында мейманасы тасып, шат-шадыман халде келе жатыр екен. Көп ұзамай, жетім баланың мал-басы көбейіп, жақсы жерден қалыңдық айттырып, ешкімге күні түспейтін бақытты ғұмыр кешіпті.
" Салт-дәстүр сөйлейді" кітабынан үзінді.