Сыр сұxбат
Тауыс (павлин) құсы-әлемдегі ең ғажайып сұлу құстардың көшін бастап тұр. Ол қырғауыл тұқымдас, желпіқұйрықты құстар түріне жатады. Дене тұрқы 100-125 сантиметр болғанымен қанатын жайғанда қауырсыны екі метрге дейін жетеді екен.
Қытайдың FUDAN университетінің ғалымдары «бар гәп құстың бойындағы пигменттер мен бояулардың құрылымында» деп жазған.
Олардың жазуынша, тауыстың денесінде тек өзіне ғана тән бояу шығаратын қосымша ағзасы бар. Оның қауырсындары көк, ашық көк, жасыл, күлгін, алтын түсті сары, қоңыр және қызғылт болып сан түске боялатындығы сондықтан.
«Ал қауырсын бойындағы жан-жаққа тармақталатын «бұтақшалардың» әрқайсысы кристал құрылымдарынан, меланин мен кератин ақуызынан құралған», – дейді олар.
Айтпағым: тауыс құсы- қанатын ашып, жұртты таңқалдырар әдеміліктері мен ғажап туындысын адамдарға көрсеткенде, басын иіп денесіндегі ең жаман- аяқтарына қарайды екен.
Барлық жұрт оның көздің жауын алар алтын түсті сары, көк, ашық көк, жасыл, күлгін түстерін тамашалағанда; ол аяғына қарап ұялатын көрінеді.
Хал ілімін меңгеріп, жан тазалығына кіріскен дәруіштерге ұстаздары:
"Сіздер, тауыс құсынан ғибрат алыңыздар. Жұрт сіздің сыртқы көркіңіз болған құлшылығыңыз бен көркем мінез-құлқыңызға қызығып, сізді мақтап-мадақтағанына алданбай, өзіңіз және Иеңіз ғана білетін кемшілігіңізге назар салып басыңызды төмен ұстағайсыз"- дейтін көрінеді.
Неге?
Өйткені, өз-өзіңе көңілің толып, жасаған жақсылығың мен қылған құлшылығыңмен мақтану- көкірекке нан пісіреді. Көкірегіне нан піскен адам өзін өзгелерден жоғары ұстайды. Өзін өзгелерден жоғары ұстау болса-мастық. Арақ ішу-xарам. Себебі сізді мас қылады. Өзіне көңлі толған адам да арақ ішкен адам іспетті-мас болмақ.
Жасырын (ұсақ) ширк
Ширк-Аллаға ортақ қосу. Ширк деген кезде тек тастан, отыннан жасалған бірқатар пұттарға, тотемдерге табынып, Аллаға серік келтіру, Лат, Манат немесе Ұззаға құлдық жасауды айтып тұрғамыз жоқ. Бұл ашық түрдегі ширк. Бұнымен қатар, ширктің жасырыны да бар. Бір хадис шәріпте Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм), «Сендер жайлы ең көп қорқатыным, ұсақ ширк» деген. Ардақты сахабаларымыз «Ұсақ ширк деген не?» деп сұрағанда, «Ол рия» деп жауап берген (Aхмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 5/428, 429; әт-Taбарани, әл-Mұғжамул-кәбир 4/253).
Бұндай ширк, басқа бір хадисте мынандай ұқсастықпен айшықталған:
«Ширк қараңғы бір түнде құмырсқаның тастың үстінде өрмелеуінен де өте жасырын»
Aхмед ибн Ханбәл, әл-Мүснад, 4/403; Ибн Әби Шайба, әл-Mұсаннаф, 6/70)
Демек, рия соншалықты әккі әрі жасырын ширк болғандықтан, адам оны көбіне байқамай қалады. Байқамағандығы үшін ғибадат, құлшылығы мен хақ жолындағы қызметі босқа кетеді.
Ғұламалар жасырын ширкті үшке бөлген:
- Рия- басқаларының көргенін қалау,
- Сумыә- өзгелердің естігенін қалау,
- Ужб- жасаған амалына көңілі толу.
Үшеуі де мүмин үшін өте қауіпті. Дегенмен үшеуінің ең қиыны әрі жасырын формасы-ужб болып табылады.
Оқыған Құранына һәм намазына, қылған қажылығы мен тұтқан оразасына, жұртты аузына қарата айтқан уағыз-насиxатына, жазған мақаласы мен кітабына көңілі толмайтын ерді кездестіру қиынның-қиыны. Екі адамды аузыңа қаратып Алланы айтып, Пайғамбарды мадақтағанға көңілің шалқып, бойыңның балқымауы екі талай. Қандай қиын-ә. Айтсаң болмайды, айтпасаң қиянат.
Сұм нәпсі болса аз дымқылдан нәм қауып тұр...
Тәмсілден тәлім
Атақты сопы Мәулана Руми дәруіш-шәкірттерімен зікір салып жатқан көрінеді. Сол жерден өтіп бара жатқан бір маскүнем, жанды елітер әдемі әуез бен жүректі баулар зікірді естіп, оның да аңсары ауып зікір салғысы келіп, зікір алқасына қосылған деседі. Алқаш та болса адам. Ол да Жаратқан Жаббар Иесін есіне алып, көңілін тыныштандырғанды қалайды.
Алайда, үстінен мөңкіген арақтың исі мен мас xалін көрген адамды,дәруіштердің бірқатары сыртқа шығара алмай әуре-сарсаңға түсіп әлек болады.
Топырлаған тобыр мен шыққан дауыстарға қараған қазірет не болып жатқанын сұрайды шәкірттерінен.
Сонда бір шәкірті:
– Қазірет, кешіріңіз. Араққа сылқия тойып алып шырқымызды бұзған мына нақұрысты сыртқа шығара алмай жатырмыз- деген дейді.
Сонда, Мәулана маскүнеммен арпалысып жатқан шәкірттеріне жақтырмай қарап:
Жіберіңдер ол мұқтарам кісіні. Оның да Алланы есіне алып зікір етуіне қақысы бар.
- Бірақ ол мас қой, қазірет- дегенде.
- Арақ ішкен ол, мас болған сендерсіңдер- депті.
Сосын, мұқым жамағатқа қарап:
- Арақ ішкен адам қандай бақытты. Ол ертең есін жияды. Құлшылыққа мас болған сіздер мен біздер есімізді жаһаннамда жиямыз.
Құлшылыққа мас болу- жасаған амалдарыңа көңілің толып, басқаларына жоғарыдан қарау.
Бірде атасы немересін тәxәжжүд намазын мешітте оқу үшін түннің жарымында оятқан көрінеді. Дәреттерін алып, атасы мен немересі қараңғы түнді бойлай кешіп, мешітке жол тартады. Немересі қараса көшеде екеуінен басқа тірі жан жоқ. Тіпті ешбір үйдің терезесі жанып тұрған жоқ. Барлығы шырт ұйқыда.
Жолда немересі атасына:
- Ата, мына ауылда екеумізден басқа Құдайдан қорқатын бірде-бір құл жоқ екен да- депті ренжіп ауылдастарына.
Сонда атасы кілт тоқтап, артқа қайтып:
- жүр, балам үйге қайтайық. Мешітте оқитын бұл намазымыз бізді жұмаққа емес, тозаққа апарады- деген екен.
Ай, залым нәпсім.
Үш күн қатарынан Құран оқысаң, Құран оқымайтындарға шекесінен қарайсың. Бір апта тәxәжжүд намазын оқысаң әңгімені айналдырып тәxәжжүд намазының маңыздылығы мен қажеттілігіне әкелесің . Түнгі намазы жоқтың қылған қызметі мен көрсеткен құрметіне мұрныңды шүйіресің. Бес уақыт намазды мешітте оқысаң, мешітке сирек келетін бауырыңа қырынмен қарап, салқын амандасасың.
Көбірек садақа берсең неге жұрттар садақаны көбірек беріп қоғамды түзетуге атсалыспайды деп безектейсің. Әйтеуір, шайтанның шырмауынан ләззат аласың. Сосын шығар, Алланың достары құлшылығымен мақтанған кісіден жиіркеніп, күнәсына жылаған кісіні артық көретіні.