May 8, 2021

Емтиханға қалай дайындалу керек?

Мамыр айы – оқушылар үшін “қиямет қайым”. Осы бір сын мен сынаққа толы шақта емтихандарға дайындалу көбіне тым қиын болып көрінеді, тіпті, кейде неден бастарымызды да білмей жататынымыз рас. Ендеше емтиханға дайындалудың тиімді жолдарымен сіз де таныс болыңыз!

Ерте бастаңыз

Уақытыңызды тиімді пайдалану – емтиханға дайындық кезіндегі ең қажетті дағды. Қандай емтихан болмасын, оған дәл болатын күні емес, уақытынан бұрын дайындалудың маңызы зор. Белгілі бір күн тәртібін ұстануға тырысыңыз, оқу жоспарын құрыңыз. Емтиханға дайындықты күн сайын бір уақытта бастап, аяқтауға дағдыланыңыз. Уақытын басқара алатын әрбір оқушы сабақтан кейінгі дайындықтарды смартфонға телміріп емес, кітап кеміріп, уақытын алтынға телиді. Оқуды таңертең ерте тұрып, өзіңіз сергек болып тұрған шақта бастау тиімді. Маңызды істеріңізді күннің екінші жартысына барынша қалдырмауға тырысыңыз. Қанша уақыт тығыз болғанымен, арасында демалып, спортпен шұғылдану да маңызды екенін ұмытпаңыз!

Оқудың тиімді тәсілдерін қолданыңыз

Жаңа білімді тез есте сақтау мен тиімді оқудың қыр-сырларын ғылымның өзі дәлелдейді. Соның қатарында, өз білгеніңізді басқа адамға үйрету. Өзіңізді мұғалім ретінде елестетіп, білген дүниеңізді бір қайталап, жүйелі түрде басқа адамға жеткізу – оқудың ең ұтымды жолы екені сөзсіз. Кез келген істі тез тындырудың тағы бір тәсілі – “помодоро” әдісімен таныс та шығарсыз. Жаңа материалды оқуға 30-50 минут бөліп, арасында 5-10 минут үзіліс жасап отырыңыз. Оқу барысында маңызды деген дүниені электронды түрде жазғаннан гөрі, дәптеріңізге немесе қағазға түртіп отырыңыз. Жаңа тақырыпты игергеннен соң, өзіңізді бағалай алатындай, үнемі өзіңізге сұрақтар қойып, уақыт өте кел өткен тақырыптарды пысықтау арқылы тез есте сақтай аласыз. Осылайша оқу тиімді әрі оңай болатыны сөзсіз!

Өзіңізге сенімді болыңыз!

«Қолымнан түк келмейді», «орындайтын тапсырма көп», «есептер күрделі» деген сылтаулардың астына батып кетсеңіз, сізді бұл қоқыстан сеніміңіз ғана шығара алады. Өзіңіздің жақсы көрсеткіш көрсете алатыныңызға нық сенімді болыңыз, қойған мақсаттан айнымаңыз! Ең бастысы – өзіңізге ең тиімді деген оқу тәсілін ұстануға тырысыңыз.

Ендеше “еңбегі көптің өнбегі көп” демекші, емтиханға дайындықты қазірден бастаңыз. Ал біздің тілейтініміз – тек сәттілік!

Мақала авторы: Абибулла Аружан


NIS Press — это школьная газета НИШ ФМН г. Алматы, Казахстан. Данная статья была опубликована в выпуске газеты ә, апреля 2021 г.

Следите за новостями газеты в нашем Instagram-аккаунте. Также можете ознакомиться со всей информацией о газете в нашем Telegram-канале.
Все выпуски газеты доступны для скачивания в нашем Telegram-канале и через Google Диск.