May 25, 2021

Минимализм. Бақытты өмір сүру кілті көпшілікте ме?

Біздің замандастарымыз «көпшілік» сөзін «жақсырақ» сөзіне синоним ретінде қабылдап келгендердің бірі: көбірек жұмыс істесем, көбірек ақша таба аламын; көбірек зат алсам, өзімді толыққанды сезіне аламын; көбірек білсем, қоғамда санатым жоғарылайды. Алайда, шын мәнісінде, бұл ереже қаншалықты жұмыс істейді?

Заманауи философтар мен бақытты өмір концепциясын зерттеуші психолог-коучтардың зерттеулері қазіргі таңдағы адам материализмге тым бейім болып кеткендігін байқаған. Өзіңізді тексеру үшін кішігірім тесттен өтіп көріңіз. Келесі сұрақтарға шынайы жауап беріңіз:

  1. Жеңілдіктер мен лезде қажеттілік сезімін ұялататын маркетингтік стратегияларға оңай берілесіз бе? «Бұл маған шын мәнінде керек пе?» деп өзіңізден сұрайсыз ба?
  2. Сізде «керек болып қалады-ау» дейтін заттар көп пе?
  3. Өзіңіздің қажетсіз іс-шара немесе жұмыспен айналысуға құштар екеніңізді байқайсыз ба?

Егер жоғарыдағы сұрақтардың жауабы көбіне «иә» болса, минимализм өміріңізді жаңартып, жаңа дем бермек. Ал бұл термин нені білдіреді? Минимализм — қарапайым, неғұрлым жеңілдетілген өмір сүру моделі болып табылады. Демек, жүздеген қажетсіз киім-кешек, ыдыс-аяқ және тіпті таныстар мен жұмысты танып біліп, олардан тек керектісін фильтрлеп, өмір сүруге үйрететін концепция. Ал оның
бақытты, әрі жемісті өмірге қандай қатынасы бар десеңіз, ары қарай оқыңыз.

Біріншіден, кез келген зат - бөгет тудырушы болып табылады. Мысалы жүздеген киім-кешекті иемдене отырып, оның кесірінен туындайтын алаңдаулар көбейеді: «ертеңге не киемін?», «бір жыл бұрын алған жейдені қайда/қашан кимекпін?» және т.б. Мұндайда 333 ережесі идеяны жақсы жеткізер: 3 ай ішінде тек 33 киім киіп көру челленджі. Осындай тәжірибеден өтіп, қаншалықты жеңілдеп қалғаныңызды көрсеңіз болады. Ал ары қарай азырақ зат көбірек тиімді жұмсалған уақыт тудыратынын есіңізге салып отырсаңыз жеткілікті.

Екіншіден, Парето принципі мұнда өз орнын таппақ, яғни 20% ниет пен ынта 80% нәтижені тудыртпақ (бұл пропорция мінсіз болуы тиіс емес). Мысалы, банктердегі 90% қаражат популяцияның 10%-ын құрайтын бай тұлғалардың бюджетінен құралған. Ал жекешелеген кезде, сіз бірнеше жұмыс істеп, тез шаршасаңыз, оның тек 20% пайызы ғана шын пайда әкеле алады дегенді білдірмек. Мұндайда минималисттердің идеясына көз салғаныңыз дұрыс — «бақытты болу үшін зат емес, өзіңізге ұнайтын жұмыспен айналысу қажет». Демек, бар күш-қуатыңызды жақсы көретін іске айналдыру алу да — бақыттың кілті.

Үшіншіден, минимализм концепциясы өміріңізде аса маңызды аспектілерге назар аударта алатын бірден бір құрал. Егер сырт көзге ерсі көріну жайлы алаңдамай, өзіңізді жақсы көретін іске арнап, уақытыңызды қажетсіз әрекеттерден босатсаңыз, рухани дамуға бөлер уақытыңыз көбеймек. Үйдегі мәнсіз сувенирлерді күтуге құртар уақыттың орнына кітаптың 50 бетін оқысаңыз, өзіңізді толыққанды сезінесіз, солай емес пе? Сізге жүздеген жартылай бейтаныс адамдармен көңіл көтергенше, ата-анаңыздың қалын біліп, марқайып қалғанын көру көбірек позитивті эмоцияларды тудырмайды ма? Ондай болса, материализмге емес, рухани баю жағына, санға емес, сапаға жұмыс істесеңіз, көпке емес, қарапайымға ұмтылсаңыз, бақыттың кілті өзі-ақ сізді іздеп келмек.

Мақала авторы: Алимова Арайлым


NIS Press — это школьная газета НИШ ФМН г. Алматы, Казахстан. Данная статья была опубликована в выпуске газеты 4-недели Января 2021 г.

Следите за новостями газеты в нашем Instagram-аккаунте. Также можете ознакомиться со всей информацией о газете в нашем Telegram-канале.
Все выпуски газеты доступны для скачивания в нашем Telegram-канале и через Google Диск.