May 25, 2021

Шешендік өнер тарихы

“Өнер алды — қызыл тіл” деп бекер айтпаған ғой қазақ халқы. Өнердің ең алды ретінде танылған сөз өнері, қай заманда болсын, жоғары бағаланған, кейінгі ұрпаққа ата-баба даналығынан туған мәңгі мұра, асыл қазына ретінде жүректен жүрекке жетіп, ұлттық тәрбие негізі болып өз тамырын тереңге жайған.

Шешендік өнер ғылым саласы ретінде біздің жыл санауымыздан бес-алты ғасыр бұрын қалыптаса бастады. Ежелгі Рим, Грек елдерінде өз бастауын алып, халықтық-демократиялық қоғамдарда, халық арасында өсіп, өз жалғасын тапқан. Сөз өнерінің, риториканың іргетасын қалаушылары Пратогор, Демоссфен, Цицерон, Квинтилиан сынды ежелгі грек қайраткелері өз шешендігімен танылған. Ал Ресейдегі сөз өнері болса, ұлы ойшыл М.В.Ломоносовтың есімімен тығыз байланысты. Оның 1748 жылғы «Шешендікке қысқаша басшылық» атты еңбегі орыс сөз өнерінің қайнар көзі, бастауы ретінде танылып отыр.

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» демекші, қазақ халқының шешендік өнері ХІІ-ХІІІ ғасырдың айтулы кемеңгер би-шешендері Аяз би мен Майқы биден өз бастауын алатыны мәлім. Асан Қайғы, Жиренше шешендермен ХІV-ХV ғасыр аралығында өркендеп, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің сүйекке батқан сөздері мен шеберлігі шешендік өнер тарихында ерекше орынға иеленген. Осы орайда, белгілі академик В.В.Радлов «Қазақтар… мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауызекі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таңқаласын», — деп байыптаған болатын.

Шешендік өнер — әр халықтың рухани азығына айналған көркемдік құбылыс, тарлан тарихымыздың көрінісі. Сондықтан да баба мұрасы — ұрпаққа ұлағат, кейінгіге аманат, келер күнмен бірге жасайтын рухани асыл қазына болып қалмақ.

Мақала авторы: Абибулла Аружан


NIS Press — это школьная газета НИШ ФМН г. Алматы, Казахстан. Данная статья была опубликована в выпуске газеты 1 марта 2021 г.

Следите за новостями газеты в нашем Instagram-аккаунте. Также можете ознакомиться со всей информацией о газете в нашем Telegram-канале.
Все выпуски газеты доступны для скачивания в нашем Telegram-канале и через Google Диск.