ТОЛҚЫНСЫЗ АҚ ТЕҢІЗ
Атқораның кіреберісінде қиялап шұқыр қазды да, оған арбасын түсірді, және... соңғы күшін сарқылтып атының өлі денесін салды да, арбаны сүйреп жолға түсті. Қыстақтан жоғарыдағы жотаны мөлшерлеп, солай қарай жүре берді. Бір сәтке де бөгелмеді, артына да қарамады. Қар қалың түсіпті, тізеден. Ақсақал өмір бойы жүріп өткен күре жолды іздеп те жатпады, егіс даласымен жол салды. Қалың қарға оранған далада не бір үй, не бір ағаш көзге түспейді. Аппақ қар басқан дала ақсақалға Ақ теңіз болып көрінді. Өзін Ақ теңізді кешіп, артынан үлкен кемені сүйреп бара жатқандай елестетті.
Міне, Ақ теңіз, менің теңізім, — деп ойлады ол. — Бірақ, неге шуламай жатыр? Толқындары қайда? Неге жағаға соғылмайды? Әлде менің теңізім қатып қалды ма екен, мұз құрсаулап жатыр ма? Иә, сондайға ұқсайды. Болмаса, кемені тарту маған мұншама ауырға түспес еді ғой.
Теңіздің салқын желі бетке ұрып тұр. Теңізден ұрған желдің мұндай суық боларын, ызғары бетті шымшылайтының ақсақал білмейтін де еді. Сол есіне түсіп, миығынан күлді.
Төбе басына көтеріліп, демін алды. Артына бұрылып, қыстақ жаққа көз тастады. Бір-екі үйдің мұржасынан шығып жатқан түтін болмаса, айналада қыбыр еткен тіршілік байқалмайды. Ылдида қалған қыстақ мүлгіп жатыр. “Адамдар ұйқыда, — деді ақсақал күрсініп. — Жарайды, ұйықтасын. Өйткені олар өмір сүрулері керек қой. Өмір сүру үшін күш жинаулары тиіс”.
Мерген Давонды тек кешке қарай іздей бастады. Панжи Байтөре Хамдамның үйінде түнеп қалған еді. Бесіннен кейін есін жиып, қоштасып кетуге дайындалды. Қалаға кетер алдында жол-жөнекей қайын атасының үйіне кіріп шықпақ болды. Бірақ, ақсақал да, аты арбасымен де көрінбейді. Басында әдеттегідей бір жерде қаңғып жүрген болар деп ойлады. Бірақ үйдің, қораның барлық есіктері, тіпті ауланың қақпасы да ашық-шашық жатқаны көңіліне қорқыныш ұялатты. Көршілеріне кіріп, сұрастырды. Панжидің өзі іздестіре бастаса, басқа жұрт қарап тұра ма? Бүкіл қыстақ болып Мерген Давонды іздеуге кірісті. Біраз уақыт өте, мидай даламен төбеге қарай түскен адам мен арбаның ізі табылады. Таңғы самал көп соқпай, ерте тоқтаған еді, іздер көмілмей анық сайрап жатыр. Гүж-гүж басталып кетті. Әркім өзінше тон пішуде.
— Бұл не болғаны, — деді шуды естісімен алдымен жеткен Жақып ақсақ, — мынау арбаның ізі ме? Сонда арбаны Мергеннің өзі сүйреген бе?
Шалдың есі ауысқан болар. Атына ауырлық түспесін деп, арбаны өзі тартып кеткен ғой, — деп көпшілік арасынан әлдекім мысқылдап.
Әй, аттың ізі жоқ қой, тек адам мен арбаның ғана іздері бар.
Онда оның аты қайда ғайып болды?
Атына қанат бітіп ұшып кеткен болар.
Әй, ол ұшпақ түгілі аяғын әрең алып жүрген мал еді ғой.
Бәрі ізбен жоғары қарай жүрді. Төбеден асып түсе бере алдарынан әдеттегіден үлкен қабір көрінді. Іздер де осы қабірге жетіп тоқтапты. Болды, ары қарай шексіз дала, аппақ қарға бөленіп жатыр, бірде-бір із жоқ. Жұрттың бастары қатып, шынымен де саса бастады.
Бұл ақымақ шал өзін-өзі көміп тастаған ау деймін, — деді Жақып ақсақ.
Бәрі бұл сөзге сеніп те қалғандай.
Қойыңыздар, мүмкін емес, — деп оларды Панжи тоқтатып тастады. — Онда ат пен арба қайда кеткен? Ат тұяғының ізін көріп тұрсыздар ма? Сіздер сияқты ақылы қысқалармен кеңесіп береке таппайсың.
Бәлкім, Давонның аты өліп қалып, осында көміп кеткен болар, — деді тағы бірі.
Жарайды. Атын көмді делік. Ал шал мен арба қайда жоғалып кетті, а? Бұл жаққа келген із бар, ал қайтқан із жоқ, — деп Панжи айқайға басты. — Әкей адамды әбден ұятқа қалдырды-ау. Мысқылдап жинаған абырой-беделден бір сәтте айырылу дегенді ол кісі біле ме екен? Жас балаға ұқсап, үндемей-түндемей шығып кеткенін қараңыз. Бұл әңгіме қалаға жетпесе дұрыс болар еді.
Біреу-міреу ренжітсе бізге айтпай ма, оның әкесін танытып, көкесін көзіне көрсетер едік қой, — деді ең артынан жеткен Байтөре Хамдам. — Кеше біздің үйдегі тойға келді-ау деймін. Анық байқамадым, бірақ көргендей болдым. Үсті-басы әбден лайланған еді.
Көңіліңізге келмесін, құрметті Панжи бай, бірақ қайын атаңыз қызық кісі ғой, — деді Жақып ақсақ ыржиып, — үйінде жейтін тамағы қалмағандықтан, ренжіп кетіп қалған болар? Егер солай болса, бізге айтса ғой, үйін азық-түлікке толтырып тастамаймыз ба. Алла жолында жүрген жанбыз. Сауап үшін бір адамды тойдыруға әрқашан дайынбыз.
Жақып ата, ондай сауап істерді біз де істей аламыз. Ақсақал ешқашан аш болған емес. Ол кісінің керек болса біз бен сізді тамақтандыруға шамасы жететін.
Екеуінің сөзін Байтөре Хамдам бөлді.
Шал табылса, сауапты істеріңіз ешқайда қашпас. Қазіргі ең басты сұрақ — Мерген Давон қайда жоғалып кетті?
Кеш болып қалған еді. Бастары қатқан жұрт үйлеріне тарады.
Мерген Давон тірі, арбасын сүйретіп жүрген шығар. Хабар шығып жатса хабарлаймыз, — деп Панжидің көңілін аулап, оны қалаға шығарып салды.
Түні бойы қыстақ тұрғындары көз ілмеді, мына жұмбақ жағдай туралы ойлады. Арасында ұйықтап кеткендері болса, түстеріне төбешіктегі қабірге дейін ғана барған іздер кірді. Басқа із жоқ. Төбеден асқанда алдында теңізді еске түсіретін қар басқан аппақ мидай дала жатыр. Ертесіне де, одан кейінгі күндері де шалдың ізі табылғаны туралы ешқандай дерек болмады. Бірақ Мерген Давон құс емес қой, аспанға ұшып кететін, су емес қой, жерге сіңіп кететін. Ол — Адам. Ал арбасы — көп жылдар бойы сықырлаған дауысымен елге әбден таныс болып қалған бұйым.
Мүмкін, шынымен де ел айтатындай, Мерген ақсақал ешкім білмейтін бір жерде жүрген болар... аппақ, Ақ теңізін іздеп.