November 17, 2023

“НАУАИ ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ КОМБИНАТЫ” АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ ЖӘНЕ “НАУАИУРАН” МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ҰЖЫМДАРЫНА

Құрметті отандастар!

Сіздерді, қадірмендерді, Науаи тау-кен металлургия комбинатының құрыл­ғанына және елімізде уран өнеркәсібінің негізі қаланғанына 65 жыл толуы­мен шын жүректен құттықтаймын.

Шексіз Қызылқұм қойнауынан сіздердің жанқиярлық еңбектеріңізбен өндіріліп жатқан алтын, табиғи уран және басқа да сирек кездесетін пайдалы қазбалардың еліміздің экономикалық дамуын қамтамасыз етуде стратегиялық маңызы зор екені баршамызға белгілі.

Осы тұрғыда 40-тан астам ұлттың 50 мыңға жуық жоғары білікті жұмысшылары, инженерлері мен мамандары еңбек ететін бұл комбинат пен осыдан 3 жыл бұрын оның құрамынан бөлініп шыққан “Науаиуран” кәсіпорны ұлттық өнеркәсібіміздің мақтанышы десек шындықты айтқан боламыз.

Соңғы жылдары саланың дамуына үлкен көңіл бөлініп, заманауи технологияларды өндіріске қарқынды енгізудің арқасында комбинат алтын өндіру бойынша жетекші шетелдік компаниялардың арасында 7-орыннан 4-орынға көтерілді. Ал “Мұрынтау” кені халықаралық рейтингте жоғары орындарды иеленіп келеді.

Айта кетерлігі, комбинатта қысқа мерзімде 23 ірі инвестициялық жоба соның ішінде 5, 6, 7 гидрометаллургиялық зауыттар, 2 гидрометаллур­гия­лық зауыттың екінші кезеңі іске қосылды, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Осындай іс-әрекеттің нәтижесінде 2016 жылмен салыстырғанда биыл алтын өндіру көлемі 25 пайызға, табиғи уран 20 пайызға, күміс 46 пайызға артқанын айта кеткен жөн.

Бүгінде Өзбекстан уран өндіруден әлемде 5-орында тұр. “Науаиуран” мемлекеттік кәсіпорны өз өнімінің жүз пайызын экспортқа бағыттауда.

Жергіліктендіру бағдарламасы аясында аумақтың өзінде жаңа қуаттарға қажетті құрал-жабдықтар мен қондырғылар шығарылуда. Бір ғана Науаи машинажасау зауытында жыл сайын 15 мыңнан астам импортты алмастыратын өнім түрлері өндірілетіні осыны растайды.

Саланы білікті инженерлермен қамтамасыз ету мақсатында Науаи мемлекеттік тау-кен және технологиялар университетінің материалдық-техникалық базасы мен ғылыми-педагогикалық әлеуеті нығайтылуда. Күрделі технологиялық үдерістерді негізінен осындай жоғары оқу орындарында білім алған жігерлі жастарымыз басқаратыны бәрімізді қуантады.

Жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбегін ынталандыру, олардың еңбек және демалыс жағдайын жақсарту әрқашан біздің назарымызда болды. Көптеген кеншілеріміз Отанымыздың жоғары сыйлықтарымен марапатталуда. Бүгінгі мерекеге орай тағы бір топ сала өкілдері құрметті атақ, орден, медальдармен марапатталды. Оларды осындай жоғары марапаттарымен шын жүректен құттықтап, алдағы қызметтеріне табыс тілеймін.

Құрметті достар!

“Өзбекстан — 2030” стратегиясы аясында бұл салада көптеген жұмыстарды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында “Ақтау” кеніні игеру, көптеген жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, уран өндіру мен өңдеу көлемін үш есеге арттыру бар.

Осындай маңызды салаға саналы ғұмырларыңызды арнаған сіздер, қадірменділер, ұжымдарыңыздың қадірлі еңбек дәстүрлерін жалғастырып, еліміздің тау-кен өнеркәсібінің даңқын одан әрі арттыру жолында зор жігермен еңбек етесіздер деп сенемін.

Сіздерді бүгінгі айтулы күнмен тағы да құттықтап, баршаңызға зор денсау­лық, отбасылық бақыт, абыройлы қызметте толағай табыс тілеймін.

Шавкат МИРЗИЯЕВ,

Өзбекстан Республикасының Президенті