ЖОЛ САЛАСЫ ЖАҢА ЖАНАСУ НЕГІЗІНДЕ ДАМЫТЫЛАДЫ
Президент Шавкат Мирзияев 12 сентябрь күні жол саласы жүйесін реформалау мәселелері бойынша мәжіліс өткізді.
Соңғы 6 жылда елімізде жол құрылысы мен жөндеуге бөлінген қаржы 3 есеге өсті. Автомобиль жолдары комитеті құрамындағы кәсіпорындарға 2 мыңнан астам арнайы техника сатып алынды. Олар арқылы 65 мың шақырым жол салынып, жөнделді.
Өткен жылы “Менің жолым” жобасы қолға алынып, тұрғындардың ұсынысы бойынша ішкі көшелерді салу және жөндеу жүйесі енгізілді. Тек биылғы жылдың өзінде 470 махалладағы ішкі жолдарға 410 миллиард сум бөлінді. Нәтижесінде 3 миллион 600 мың адамның ауыры жеңілдеді.
Жалпы, 3 мыңға жуық махалладағы жолдарға алғаш рет асфальт төселсе, 2 мыңға жуық елді мекендегі топырақ жолдарға қиыршық тас төселді.
Бірақ салада бірқатар жүйелі проблемалар да бар. Басты кемшіліктердің бірі салынып жатқан жолдардың сапасыздығы. Жаңа жолдар көп ұзамай жарамсыз болып қалғандықтан, қайта жөнделіп жатыр.
Жолдарды жобалау стандарттары ескірген. Олардың көлеміне немесе аумақтардың климаттық жағдайларына қарамастан, бірдей үлгі қолданылады. Жобалар жол инфрақұрылымын қамтымағандықтан, сауда және қызмет көрсету орындарының көпшілігі ретсіз орналасқан.
Сапаның төмен болуының тағы бір себебі — жолды бақылаудың босаңдығы. Бұл тұрғыдағы қазіргі талап техникалық қадағалаушылардың уақытының көбін жолдың сапасын тексеруге емес, мердігердің құжаттарын зерделеуге жұмсайды. Жол құрылысында заманауи техниканы басқара алатын білікті кадрлар жетіспейді.
Автоматтандырылған жол мониторингі жүйесі болмағандықтан, қанша жүктің қай жол арқылы өтіп жатқаны белгісіз. Жолдарда жүк көтергіштігінен ауыр көліктер де жүріп жатыр.
Мәжілісте осындай мәселелер сараланып, тың шаралар мен ұсыныстар қарастырылды.
— Сапалы жол — халықтың көңіл күйінің, экономикамыздың “артериясы”. Сондықтан жол құрылысына жаңа тәсілдерді енгізіп, сапаны арттырып, секторды цифрландыру, жеке секторды кеңінен тарту қажет, — деді Шавкат Мирзияев.
Мәжілісте автомобиль жолдарын жобалау, салу, жөндеу және сақтау бойынша міндеттер айқындалды.
Ең алдымен, кешенді жанасуды жетілдіру қажет екендігі баса айтылды. Яғни, бүгінгі күн талабына сай ағаш отырғызылатын жер, автотұрақ, жанар-жағармай құю бекеті, қоғамдық тамақтандыру, сауда және техникалық қызмет көрсету нысандарының орналасуы жобаның өзінде үйлесім табуы керек.
Мемлекет басшысы жол құрылысында “ресурстық” әдістен “көлемдік” әдіске көшу туралы ұсынысты қолдады. Осыған байланысты Халықаралық консультант-инженерлер федерациясының стандарттары қолайлы. Оның айтуынша, арнайы сертификатталған инженерлер жол құрылысындағы барлық үдерістерді бақылап, соңғы сапаға жауап береді.
Ішкі жолдарды салу мен жөндеуге бюджеттік қаражат тек “Менің жолым” бағдарламасы арқылы ғана бөлінетіні айтылды.
— Енді ішкі жолды қайдан салып, қайсысын жөндеуді халқымыз өзі шешеді. Бұлай етсек, жобаларды іріктеу мен сапаны қамтамасыз етуде ашықтық болады, толық қоғамдық бақылау орнатылады, — деді мемлекет басшысы.
Алдағы жылы бұл бағдарламаға кемінде 800 миллиард сум бөлінеді.
Дамыған елдердің өзінде жол салу немесе жөндеу жұмыстары толығымен мемлекет есебінен жүргізілмейтіні белгілі. Елімізде жекеменшік серіктестіктің құқықтық негізі жасалғанымен, жол саласында бұл үдеріс баяу жүріп жатыр. Сондықтан инвесторларға қойылатын шарттар мен мемлекеттің міндеттемелерін нақты белгілей отырып, жол жобаларына жеке серіктестерді белсенді тарту қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ осыншама қаржы мен еңбекке салынып жатқан жолдардың сапасын сақтау қажет. Мысалы, шетелдерде жолдарға жүк көліктерінің салмағын өлшейтін бақылау таразылары орнатылады. Мұндай таразыларды елімізде де жекеменшік серіктестік негізінде орнату туралы ұсыныс жасалды.
Абаттандыру басқармалары қалалардағы жолдарды сақтау және айналаны көгалдандыру үшін арнайы техникамен қамтамасыз етілген.
Бүгінде жолдарға құқықбұзушылықты тіркейтін 2500-ден астам камера мен радар орнатылған. Елді мекендерде жылдамдық сағатына 60 километр-сағатқа түсірілген. Соның нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 30 пайызға азайған. Жүргізушілерге қолайлылық жасау үшін “ақылды жол қиылысы” мен “ақылды бағдаршам” басқару жүйесін кеңінен енгізу керектігі айтылды.
Аудандардағы жолдар мен көпірлерді салу және жөндеу, жол кәсіпорындарын қаржылық сауықтыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту бойынша үш жылдық бағдарламаның қабылдануына байланысты тапсырмалар берілді.
Жалпы, жиналыста айтылған барлық шараларды ескере отырып, автомобиль жолдары саласын дамыту бойынша қаулы жобасын әзірлеу міндеті қойылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сала басшылары мен облыс әкімдері ақпарат берді.