July 9, 2023

МАРАПАТ БИІГІНДЕГІ ЖУРНАЛИСТ

Жуырда “International hotel Tashkent” қонақүйінде жергілікті және шетелдік БАҚ өкілдерінің, журналистердің, медиа-сарапшылардың, ақпарат қызметі басшыларының, сондай-ақ бірқатар сала мамандарының қатысуымен Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай мерекелік шара өтті.

Онда еліміздегі үздік мамандардың, білікті журналистердің ерен еңбегі еленіп, оларға жоғары құрмет көрсетілді. Саналы ғұмырын журналистика саласының дамуына арнаған бір топ қаламгер мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Ең қуаныштысы, солардың арасында “Нұрлы жол” газетінің жауапты хатшысы Жұмагүл Әлімбекова “Достық” орденімен марапатталғаны редакция ұжымын да қуантты. Бұл қуаныш дарынды журналистің әріптестерімен қатар қазақ тіліндегі газетті үзбей оқитын оқырмандарды, сондай-ақ Өзбекстандағы қазақ халқын бірдей қуантты деуге болады.

Хатшылықтың меңгеріп қиындығын,

Жарқыраттың мақаланың талай үнін.

Ұстаз болып журналист қауымына,

“Нұрлы жолдың” көтердің қиын жүгін, —

деген өлең жолдарында дәріптелген ойы жүйрік, қаламы қарымды журналист Ж.Мәуленқызы аталған басылымда көп жылдан бері өнегелі журналист ретінде қызмет етіп келеді. Ол өзінің жазған публицистикалық, ағартушылық, әлеуметтік-саяси, ұлтаралық достық пен ынтымақтастықты дамытуға, кемел ұрпақты тәрбиелеуге байланысты мақалаларымен және қызықты интервьюлерімен, сыни мақалаларымен газет беттерінде көрініп, оқырмандардың жүрегінен терең орын алғаны баршамызға белгілі. Білікті маман тілші ретінде қызмет атқарғанда өзінің мақалаларындағы суреттерді өзі түсіріп, фотосуретшілікті терең меңгеріп, репортаждарды да оқырмандарға шебер ұсынды.

Журналистика және аудармашылық саласы бойынша көп жылдық жұмыс тәжірибесіне ие озық ойлы тұлға журналистік қызметі барысында мемлекетіміз басшысы тарапынан жүргізіліп жатқан дәйекті реформалардың орындалуына белсене қатысып, қоғамды демократтандыру мен тұрақтандыру үдерісін, ішкі және сыртқы саясатымыздың мән-мазмұнын танымдық мақалаларында тереңінен жариялады.

Өз мамандығын жете меңгерген, қызметтестері арасында ерекше құрметке ие марапат иесі жинаған мол тәжірибесі мен білімін талаптанған жастарға үйретуден сірә жалықпайды. Оның қазіргі таңдағы негізгі қызметі “Нұрлы жол” газетінің жауапты хатшылығы, яғни мақалаларды бетке орналастырады. Сонымен қатар редакцияға келген хаттарды, шығармашылардың жазған мақалаларын стилистикалық тұрғыдан өңдеп, мазмұндық тұрғыдан байытып, көркемдеп отырады.

Еселі еңбегімен, өміршең шығармашылығымен, тыңғылықты ісімен және қарапайым да ашық мінезімен еліне елеулі қаламгер аталған салада ғана емес, әлеуметтік қызмет тұрғысынан да жан-жақты өнегелі жан деуге болады. Айта кетерлік жайт, апай тізгіні өзіне сеніп тапсырылған жауапты хатшылық жұмысын бірнеше жылдан бері сапалы да тиянақты атқарып келеді.

— Жүректе қуаныш, санамда терең ойлар... Қай кез болмасын сөздің қуаты мен қадірін білетін журналист шынайы ақпаратты ұсынуға тырысады. Ширек ғасырға жуық осы журналистика саласында қызмет етіп келе жатқан болсам, соңғы алты жылдағыдай сөз еркіндігі болған емес. Заманның өзгеріп қоғамдағы болып жатқан реформалардың қарқынмен жүріп жатқаны соншалықты, біз, журналистер бірін жазсақ, кейде бірін жариялауға үлгермей жатамыз. Сөз еркіндігінің арқасында болса керек, қазіргі уақытта сыни мақалалар көп жазылып жатыр. Журналистеріміз жер-жерлерге барып, талай сыни мақалаларды жазып келеді. Олардың жауаптары да жарияланып жатады. Бұдан кейін де жас журналистерге жол көрсетіп, жігер, мотивация беруден жалықпаймыз. Ал еңбегіміздің еленіп, мемлекеттік марапат иегері болғаныма өте қуаныштымын. Бұл менің еңбегіме ғана емес, газет ұжымының қызметіне берілген жоғары баға деп білемін. Бұл жоғары сыйлық бұдан кейін де бізді биік-биік шыңдарға жетелеумен қатар мойнымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Қашанда сол міндетті мінсіз атқаруға тырысамыз, — дейді мемлекеттік марапат алып мерейленіп, шаттықтан толқыған Жұмагүл Әлімбекова.

Әрқашан халыққа барынша сапалы, жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуді мақсат еткен, салада тындырымды істерді атқарып үлгілі қасиеттерімен ерекшеленген Ж.Әлімбекова 1966 жылы Шымкент облысының Қызылқұм ауданындағы Байырқұм ауылында дүниеге келеді. Ата-анасының сүйікті кенжесі болған ол апай жас­тайынан оқу-білімге құштар, өте зерек болып өсті. Табиғатына біткен ерен қасиет қазақ халық әндерін нақышына келтіре әдемі орындайтын сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі мектеп қабырғасынан бастап шағын мақалалар жазып, көзге көрініп жүрді.

Талапты жас Ташкент мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, физика пәнінің оқытушысы мамандығын алды. Осы оқу орнын бітіргеннен соң сол кездегі Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтында, содан кейін Ташкент қаласындағы №204 орта мектепте және №166 экономикалық лицейде оқытушы болып, педагогикалық қызметімен ағарту саласының дамуына өзіндік үлес қосты.

Ынтымағы жараса, татулықты ту еткен, сәулеті мен дәулеті тасыған Өзбекстанның таңғажайып табиғаты, шартарапты ерекше нұрға бөлейтін көркем келбеті қаламгердің шабытына шабыт қосып, биік белестерді бағындырудай ізгі мақсаттары әрқашан оны журналистика саласына қарай жетелейтін. Сонымен Жұмагүл Мәуленқызы “Нұрлы жол” газетіне тілші болып келгенде, бұл саланың маманы болмаса да ұстаздарынан, әріптестерінен білмегенін үйрене жүріп, жер-жерлерге шығып, публицистикалық, танымдық мақалалар жазып көзге түсе бастады. Тұла бойына біткен талант пен үйренген дағды және шалқыған шабыт оза шауып, жүйткіген ойлар тебірентіп жазған әрбір мақаласын соны ойлармен, ерекше талғаммен қағазға түсіріп, көтерген тақырыбын жеріне жеткізіп жазып, кейіпкерлерін сан қырынан сомдады.

“Бозбала мен бойжеткен”, “Кел, қыздар, сырласайық”, “Жастар беті” сияқты арнайы беттерді бар ынта-жігерімен, ықыласпен дайындайтын журналист тың тақырып таңдауға, арнайы беттердің дизайнын жасауға шебер деуге болады. “Үлкеннен ұлағат” атты беттерде жасы үлкендермен сұхбаттасып, ұлағатты әңгімелерін тыңдап, газет беттерінде жария­лады. Мейірбандық үйлеріне барып, жетім балалармен сұхбаттасып, мұң-мұқтажын тыңдап, қайғысына ортақтасып, қуанышын бөлісті. Оның қызметтестері әрбір мақалаға сай үйлесімді де әдемі суреттерді, мазмұнды өлеңдер мен ою-өрнектерді дәл тауып қойғанда сол беттің ажары одан сайын ашылып, әрленіп, әдеміленіп сала беретінін мақтанышпен айтып отырады. Әсіресе, қазақ тілінде шығармашылықпен айналысатын журналистердің ұлттық сыйлықтар мен байқауларға ұсынған еңбектерін сараптамалық, танымдық, сыни тұрғыдан әділ қазы ретінде бағалаудағы еңбегі арқылы жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Осындай қажырлы еңбектерінің арқасында Жұмагүл Әлімбекова 2003 жылдың 8 марты қарсаңында Өзбекстан әйел-қыздары арасындағы байқауда “Атиргул” сыйлығының жүлдегері болды. Содан соң Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздігінің 13 жылдығы қарсаңында “Шухрат” медалімен марапатталды. Еңбексүйгіштігінің, тынбай іздену мен қажымас қайратының нәтижесіндегі оның еселі еңбегі еленіп, жуырда “Достық” орденімен марапатталуы Президентіміздің қазақ халқына, көкейкесті мәселелерді көтеріп, халықтың мұң-мұқтажын алға тартып, олардың шешімін табуға үлес қосатын журналистер қауымына деген ерекше құрметі мен қамқорлығы деуге болады.

Ұжымда адал еңбекқор, ортасына сыйлы әріптес, отбасында да мейірімді ана, асыл жар бола білген Жұмагүл Мәулен­қызы өмірлік жолдасы Қалдыбек ағаймен бірге кемел перзенттерді тәрбиелеп, келін алып, қыз ұзатып, немерелердің қуанышына бөленіп жүр. Осындай жаны ізгі журналиске шаңырағыңызға шаттық ұялап, босағаңыздан қызық-қуаныш арылмасын, дей отырып жүрегіңіз жаздай жайнап, жанарыңыздан әрдайым нұр тарап, шартарапты шаттыққа кенелтіңіз дейміз. Мақаламызды марапат иесіне арналған төмендегі өлең жолдарымен аяқтаймыз:

Өмір жыры таусылмасын мәңгілік,

Тұрсын алда арайланып таң күліп.

Бақыт болсын әрқашанда жолығар,

Шаттығыңыз тау суындай молығар.

А.АҚПАНБЕТОВА,

“Нұрлы жолдың” тілшісі.