ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭТНОСПОРТ ФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРҒА
Құрметті фестиваль қатысушылары!
Баршаңызды ашық аспан астындағы мұражай ретінде әлемге әйгілі көне де бірегей Хиуа қаласында Халықаралық этноспорт фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.
Елімізде алғаш рет өткізіліп отырған бұл конференцияға ЮНЕСКО, ТЇРКСАЙ, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы және оған мүше мемлекеттер өкілдері, сондай-ақ 63 елден 930-ға жуық этноспорт және БАҚ өкілдері қатысып жатқаны, әлемдік деңгейде фестивальға қаншалықты қызығушылық пен көңіл бөлінетінін айқын көрсетуде.
Бұл халықаралық конференцияның үш мың жылдан астам даңқты өткен жолы бар Хорезм жерінде өтуі кездейсоқ емес. Бұл құтты өңір — бай тарихымыз бен мәдениетіміздің, ұлттық құндылықтарымыздың көне бесігінің бірі. Біз осы жерден шыққан Нажмиддин Кубро, Жалалиддин Мангуберди, Пахлавон Махмуд сияқты ержүрек, батыр бабаларымызды, шебер қолбасшыларымызды мақтан тұтамыз.
Халық тарихын, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерін бойына сіңірген этноспорттың жас ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық рухында, физиологиялық және рухани кемелденген тұлға етіп тәрбиелеуде, сондай-ақ әлем елдерімен достық қарым-қатынасты нығайтуда теңдессіз маңызы бар екені белгілі.
Сондықтан елімізде ұлттық халық ойындарын насихаттау мен бұқараландыруға, бұл бағытта халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары осыған байланысты бірқатар қаулылар қабылданды, соның ішінде этноспортты кеңінен насихаттау мен дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы да бар.
Атап айтқанда, ұлттық спорт түрлерінен үш басқышты жарыс жүйесін құру, Ташкент қаласында жылына бір рет республикалық этноспорт фестивалін, Хиуа қаласында екі жылда бір рет халықаралық этноспорт фестивалін өткізу — маңызды іс жүзіндік қадамдарымыз.
Елімізде әр аудан мен қаланың өзіндік ерекшеліктеріне сүйене отырып, ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарын кеңінен насихаттау және дамыту, спорттық жарыстарды ұйымдастыру бойынша аумақтық бағдарламалар қабылданған.
Этноспорттың кейбір түрлері бойынша спортшылар мен жаттықтырушыларды басқару жүйесін және резервін қалыптастыру, тұрақты жарыстарды енгізу және оларды қаржыландыру осы саладағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
Ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға үлкен мән берілуде. Бұл бағытта білікті мамандар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері де біздің назарымызда.
Бұл бағыттағы жұмыстарды дәйекті түрде жалғастыра отырып, елімізде ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарының тізімдері қалыптастырылып, өзбек күресін ЮНЕСКО-ның этноспорттық ұлттық ойындардың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізу шаралары қолға алынуда.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерге, құрметті шет мемлекеттердің елшілеріне, халықаралық ұйымдардың өкілдеріне, осы фестивальға қатысқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді.
Біздің біргеліктегі іс-әрекетімізбен бұл фестиваль әлемдегі ең беделді спорт конференцияларының қатарынан лайықты орын алатынына сенімдімін.
Фестиваль аясында өтетін спорттық жарыстарға, халықаралық турнирлерге, әлем чемпионаттарына және конференцияларға сәттілік тілеймін.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасылық бақыт, жаңа жетістіктер мен жеңістер тілеймін!