November 8, 2023

“ЖАСЫЛ АУМАҚ” ЖОБАСЫ ҮШІН 100 МИЛЛИАРД СУМ БӨЛУ ҚАРАСТЫРЫЛУДА  

Биылғыжылдыңөткен 9 айында экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізу жұмыстары аясында 697 шаруашылық жүргізуші субъектілердің 4 мың 131 көзіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 114 нысанның 229 көзі қоршаған ортаны шектен тыс ластағаны анықталып, оларды жою шаралары қолға алынды.

Экономика салаларынан ауаға шығарылатын зиянды газдардың мөлшерін 10 пайызға дейін төмендету мақсатында жаңадан іске қосылған 29 кәсіпорында тиімділік деңгейі 99,5 пайыздан кем емес шаң-газ тазарту қондырғылары орнатылды.

Бұл туралы Өзбекстан Экологиялық партиясы Олий Мажлистің Заң шығару палатасындағы фракциясының жиналысында айтылды. Онда депутаттар 2022-2026 жылдарға арналған Жаңа Өзбекстанның даму стратегиясын “Адамға қамқорлық және сапалы білім жылында” жүзеге асыруға қатысты Мемлекеттік бағдарламаның 2023 жылдың тоғыз айы қорытындысы бойынша орындалуы туралы Министрлер Кабинетінің есебін тыңдады.

— Есепті кезеңде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жалпы ішкі өнімнің өсімі 5,8 пайызды құрады, оның ішінде өнеркәсіп — 5,7 пайызды, қызмет көрсету — 6,5 пайызды, ауыл, орман және балық шаруашылықтары — 4,1 пайызды құрады — деді экономика және қаржы министрінің орынбасары Гулнора Рахимова. — Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және қолайлы жағдай жасау бағытында бір­қатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, тұрмыстық қалдықтарды жинауды 100 пайызға және қайта өңдеу деңгейін 21 пайыздан 50 па­йызға дейін арттыру мақсатында Азия даму банкінің қатысуымен “Қатты тұрмыстық қалдықтарды тұрақты басқару” бағдарламасы аясында 300 қалдық таситын машина сатып алынып, өңірлерге жеткізілді. Арал апатының алдын алуға бағытталған орман-мелиоративтік іс-шараларды жеделдету мақсатында Арал теңізінің құрғаған түбінде және жағалау аймағында барлығы 195 мың гектар, оның ішінде Мойнақ ауданында 128 мың гектар, Бұхара облысында 40 мың гектар жерге ағаш отырғызылды. Хорезм облысында 10 мың гектар, Науаи облысында 17 мың гектар ауданда “жасыл жамылғылар” құрылды.

Жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында өңірдегі су тапшылығын азайту үшін фракция мүшелері су ресурстарын басқаруды түбегейлі реформалауды және су шаруашылығы бойынша міндеттерді жүзеге асыруды тиімді ұйымдастыруды, сондай-ақ осыған байланысты шаруашылық салаларынан бөлінетін зиянды газдардың көлемін азайту, тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеу бойынша бақылау жүргізіп, нәтижелі көрсеткіштердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді.

Сондай-ақ жиналыста “Өзбекстан Республикасының 2024 жылға арнал­ған Мемлекеттік бюджеті туралы” заң жобасы талқыланды.

Атап өтілгендей, “Жасыл аумақ” ұлттық жобасы аясында шығындарды қаржыландыруға 100 миллиард сум, суармалы жерлерді жел эрозиясына және су шаруашылығы нысандарын құм басып кетуге қарсы айналадағы ағаш тоғайларын құруға 40 миллиард сум бөлу көзделген. Бұл қаражаттың экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуде маңызы зор екені айтылды.

Қызу талқылаулардан кейін қаралған мәселелер бойынша фракцияның тиісті қаулылары қабылданды.

М.КОМИЛОВА, ӨзА-ның тілшісі.