September 9, 2023

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК

Науаи тау-кен металлургия комбинаты әлеуметтік жауапкершілікті өз мойнына алып, Қызылқұм өңірінің инфрақұрылымын дамытуға белсене атсалысып келеді. Соңғы жылдары Зарафшан қаласында көптеген жасампаздық істері атқарылды, комбинат қаражаты есебінен заманауи әлеуметтік нысандар бой көтерді. Өзбекстан Республикасы Президентінің бастамасымен комбинаттың пайдалануға берген “Умид” сауықтыру орталығы бар көпсалалы мамандандырылған мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мекемесі 2022 жылдың 22 июнінде өз жұмысын бастады. Азғана уақыт ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар сүйіспеншілігінің ордасына айналып, талай отбасы мен ата-анаға қуаныш пен үміт сыйлаған бұл мамандандырылған мекеме бүлдіршіндерге нағыз қамқорлықтың үлгісіне айналды.

Бұл ұйым екі жастан жеті жасқа дейінгі, қозғалысында ақауы бар, мүгедектігі бар және стандарттың алты тобына негізделген түрлі нақтамалары бар балаларды емдеуге, денсаулығын сақтауға және білім беруді қамтамасыз етуге арналған. Қазір ол жерде 78 бала оңалтылуда. Олар үшін оқу және емдеу бөлмелері, жатақхана, асхана, арнайы спорт алаңдары, амфитеатр, қажетті құрал-жабдықтар мен жиЅаздар, түрлі ойыншықтар бар. Өткен уақытта бұл жерде 22 баланың салауатты өмірге оралғаны көңіл көншітерлік жағдай.

— Оқу орталығына Зарафшан қаласы, Їшқұдық және Тамды аудандарынан балалар қабылданды, — дейді ұйым жетекшісі Дилафруз Файзиева. — Дефектолог, сурдопедагог, психолог, физиотерапевт, педиатр, отоларинголог, невропатолог мамандары алты топта 10,5 сағаттық практикалық сабақтарға, емшаралар мен емдік дене шынықтыру сабақтарына тартылды. Бастапқыда тірек-қимыл аппаратында ақауы бар төрт баламыз жазылып шықты. Енді олар ешкімнің қолдауынсыз қатарластарының арасында жүреді. Сондай-ақ сегіз баламыз толық емделіп, балабақшаға берілді. Дәл осылай сауыққан алты бала ата-анасына қайтарылды. Олар жаңа оқу жылынан бастап 1-сыныпта оқитын болады. Сондай-ақ түрлі дертке шалдыққан төрт бала оңалтылды. Нәтижесінде 22 бала өз қатарластарының қатарына қайта оралды. Қазіргі таңда тағы да талай шаңырақтың қуанышын бөлісудеміз.

Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Бұл елімізде адамдық қадір-қасиетке ерекше көңіл бөлініп, мемлекетіміздің қамқорлығынан ешкімнің де тыс қалмағандығының белгісі.

Гүлдана НАРЫНБЕТОВА,

Науаи облысы, Зарафшан қаласы.