September 7, 2023

ЕНДІ “КӨЛЕҢКЕДЕ” ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН УАҚЫТ ӨТТІ

Әмір Темір бабамыздың: “Әрекетсіз, енжар мың адамнан жігерлі, іскер, сергек, батыл, өршіл бір адам артық”, деген сөзі ежелден елімізде кәсіпкер мәртебесінің биік екенін аңғартады. Өйткені бұл саланың өкілдері қашанда елдің тірегі, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ететін күш ретінде бағаланған. Еңбектің көзін білгендер қашанда бағаланып, оларға қолайлы жағдай жасалған.

Кәсіпкерлікті қолдап-қуаттау, шағын бизнесті дамыту Жаңа Өзбекстан саясатының ең тұрақты бағытына айналғаны бекер емес. Бүгінде бұл сала еліміз экономикасының күре тамырына айналып, оның дамуына кедергі болатын барлық тос­қауылдар жойылуда. Кәсіпкерлерді нақты мағынада экономикалық жағынан да, құқықтық жағынан да қорғайтын заңнамалық механизмдер қалыптасты. Салыққа, кеденге, логистикаға қатысты көптеген жеңілдіктер берілді.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 13 сентябрьдегі “Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіндегі тексерулерді үйлестіру тәртібін жетілдіру іс-шаралары туралы” қаулысы кәсіпкерлердің қызметіндегі негізсіз тексерулердің алдын алуда, қадағалау органдарының жауапкершілігін арттыруда, сондай-ақ тексеруді қамтамасыз етуде маңызды болып табылады.

Ең бастысы, кәсіпкерлерді шаршатқан заңсыз тексерулер жойылды. Яғни кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне мемлекеттік органдардың негізсіз араласуына жол бермеу, қадағалау органдарының жауапкершілігін арттыру және олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс­тар жүргізілуде. Нәтижесінде 2023 жылдың соңғы 7 айында кәсіпкерлердің қызметіне жүргізілген тексерулер саны 63,1 мыңды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39 пайызға азайған. Тексеру тәртібін бұзған бақылау органдарының 918 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 69 адамға тәртіптік жаза қолданылды.

Ағымдағы жылдың 18 авгусында мемлекет басшысы ағымдағы жылдың алты айында сәйкес кезеңімен салыстырғанда тексерулер 40 пайызға азайғанын, соның нәтижесінде кәсіпкерлеріміз “көлеңкеден” істеуден дұрыс жұмыс істеу қайта абзал екенін түсініп жеткенін тілге алды.

Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуінің арқасында шағын кәсіпкерлердің саны 40 мыңға артып, 490 мыңға, ал орта кәсіпкерлердің саны 2 мыңға өсіп, 10 мыңға жетті. Ірі кәсіпорындардың саны бір жылда 400-ге артып, 1500-ге жетті. Берілген жеңілдіктерді пайдалана отырып, 155 кәсіпорынның жылдық айналымы бір жылда 100 миллион доллардан асты. Жыл сайынғы шетелдік инвестиция көлемі алғаш рет 10 миллиард долларға жетті. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3 есе көп деген сөз.

Шағын кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2000 жылы небәрі 31 пайызға жетсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш шамамен 55 пайызды құрады. Халықтың басым бөлігі осы салада жұмыспен қамтылған, бүгінгі таңда ашылған жаңа жұмыс орындарының 90 пайызы шағын бизнестің үлесіне тиеді.

Бұл бағытта біздің әлемдегі жағдайымыз да жылдан-жылға жақсарып келеді. Соңғы жылдары еліміз бизнес ортаны жақсарту саласында үздік нәтижелерге қол жеткізген әлемдегі он елдің бірі ретінде танылды.

“Өзбекстан — 2030” стратегиясында алдағы жеті жылда экономиканың көлемін екі есе ұлғайтып, “табысы орташа деңгейден жоғары елдер” қатарына кірудің басым міндеттері белгіленген. Атап айтқанда, жалпы ішкі өнім көлемі 160 миллиард долларға, жан басына шаққандағы табыс 4 мың долларға жетті. Әрине, бұл ұлы мақсатқа жету жолында нақты есептер мен нақты мүмкіндіктер бар және бұл жерде кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерінің рөлі маңызды болары сөзсіз.

Әрине, еліміздің дамуы мен халқымыздың әл-ауқатына қызмет ететін мұндай игі бастамалардың маңызы зор, себебі олар ең алдымен елімізде адамдық қадір-қасиетті ардақтау асыл идеясының өміршеңдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Біз, заңнамаға жауапты депутаттар, жүктелген міндеттердің орындалуын қадағалау өзімізге жүктелетінін ешқашан ұмытпағанымыз жөн.

Жамшид ҚОСИМОВ,

Олий Мажлис Заң шығару палатасының депутаты.