September 16, 2023

ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ ШАВКАТ МИРЗИЯЕВТЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫ МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫ КЕҢЕСІНІҢ ЖИНАЛЫСЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

Құрметті делегация басшылары!

Тәжікстан Республикасының Президенті құрметті Эмомали Шарипович Рахмонға жылы қабылдағаны және кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылық білдірген сөздеріне келісемін.

Барлық әріптестерімді Аралды құтқару халықаралық қорының құрылғанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын.

Өткен кезеңде Қор экологиялық қауіп-қатерлермен күресу мәселелерінде біздің ортақ мүдделерімізді ілгерілетудің маңызды алаңы ретінде шұғыл қажеттігін көрсетті.

Осы уақыт ішінде Арал теңізі бассейні бойынша келісілген жанасулар әзірленді, бірлескен шешімдер мен бағдарламалар қабылданды және іске асырылды.

Тәжікстанның біздің Ұйымға төрағалық етуінің тиімді нәтижелерін ерекше атап өткім келеді. Атап айтқанда, Қор шеңберінде іс-жүзіндік ынтымақтастықты дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен қарым-қатынас кеңейді.

Мен сондай-ақ, осы жылдың март айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас резиденциясында құрметті Эмомали Шариповичтің төрағалығымен ұйымдастырылған жаЅандық су конференциясының сәттілігін атап өткім келеді.

Осы тарихи оқиғаның нәтижелері бойынша су саласындағы Орталық Азияның өмірлік маңызды мәселелері мен міндеттеріне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың назарын аударуға қол жеткізілді.

Құрметті әріптестер!

Аралды құтқару халықаралық қоры — бұл, ең алдымен, жаЅандық ауқымдағы ең өткір проблемалардың бірін шешуде Орталық Азия елдерінің көпжақты ынтымақтастықтағы бірегей тәжірибесі.

Қор су ресурстары мен экология саласындағы аймақтық ынтымақтастық үшін маңызды платформаға айналғанын атап өткім келеді.

Су ресурстарын басқару және “Әмудария” мен “Сырдария” бассейнін ұйымдастыру жөніндегі мемлекетаралық комиссия су ресурстарын басқару мен пайдалануды реттеу мәселелерін келісу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

Ғылыми-ақпараттық орталық барлық халықаралық серіктестер үшін ашық, ақпараттың кең спектрін қамтитын елеулі талдау базасын қалыптастырды.

Тұрақты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссияның қызметі қоршаған ортаны қорғау саласындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге қызмет етеді.

Бұдан басқа, Қор бірқатар өңірлік бағдарламалар мен жобаларды іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіреді, халықаралық институттармен және донорлық ұйымдармен ынтымақтасады.

Жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты туындайтын жаңа тәуекелдер мен қауіп-қатерлер жағдайында біздің құрылымның рөлі мен маңызы одан әрі артып келеді.

Аймақтағы су мен экология жағдайының нашарлауы және мұздықтардың еруіне, табиғи апаттарға, сондай-ақ қарқынды демографиялық өсуге, урбанизация үдерістеріне және индустрияландыру нәтижесінде пайда болатын техногендік факторларға байланысты оның салдары ерекше алаңдаушылық туғызады.

Әріптестерім Орталық Азиядағы су тапшылығы мәселесі өткір және өзекті екенін жақсы түсінеді және бұдан былай ол тереңдей түседі.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, Орталық Азияның кейбір аймақтарында 2040 жылға қарай су ресурстарына қажеттілік үш есе артады. Уақыт өте келе экономикалық шығындар жалпы аймақтық өнімнің 11 пайызына жетуі мүмкін.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, дәл қазір аймақтағы елдер су ресурстарының жетіспеушілігінен және оларды тиімсіз пайдаланудан жылына 2 миллиард долларға дейін қаржы жоғалтуда.

Мұның бәрі Қор шеңберінде ұзақ мерзімді болашаққа арналған келісілген жаңа қаулыларды әзірлеуді және іске асыруды талап етеді.

құрметті жиналысқа қатысушылар!

Бүгінгі таңда біздің алдымызда құқықтық және институционалдық жолмен көпжақты серіктестіктердің тиімділігін қамтамасыз ету бойынша маңызды міндеттер тұр.

Осыған байланысты мен саммиттің күн тәртібіне сәйкес ұсыныстарымызды төменде келтіргім келеді.

Бірінші. Өзбекстан Аралды құтқару халықаралық қорының құқықтық негіздерін базаны одан әрі жетілдіруді және институционалдық механизмдерін жаңғыртуды қолдайды.

Атап айтқанда, біз негізгі құжаттар мен келісімдердің хат алмасуын жүргізу мақсатында оның қызметі мен ынтымақтастық мәселелерін нақты реттейтін “Ережелер мен тәртіп-қағидаларды” әзірлеуді, оның ішінде 1990 жылдары қабылданған Қордың жарғысын қайта қарауды, қазіргі құрылымның қызметін бірлесіп талдауды және олардың санын үйлестіруді және арттыруды ұсынамыз.

Қорды дамыту және реформалау үдерістерін сектораралық қағидат негізінде, яғни қазіргі экологиялық қатерлерді ескере отырып, “су — энергия — азық-түлік” тәртібіндегі кешенді тәсілдер негізінде жүзеге асыру маңызды.

Бұдан басқа, құрылымның негізгі құжаттарында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын басқару және пайдалану саласындағы жалпы қабылданған нормалар, қағидаттар мен өзара міндеттемелер білдірілуі тиіс.

Біз сондай-ақ кадрлық және техникалық әлеуетті нығайту, құзыреттерді кеңейту есебінен қордың жұмыс істеп тұрған құрылымдарының тиімділігін түбегейлі арттыруды жақтаймыз.

Екінші. Бүгінгі кездесу қарсаңында біз Қор шеңберіндегі жобалар бойынша соңғы 30 жылда өткізілген қызметтің нәтижелерін талдадық.

Біздің негізгі бағдарламалық құжаттарымыздағы ережелерде және нәтижелерімізде айырмашылықтар бар екені анық, бұл, әрине, жобаларды жүзеге асырудағы нақты ілгерілеуді көрсетеді.

Менің ойымша, Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі төртінші бағдарламаны іске асырудағы жағдай да барлық елдерімізді алаңдатуы тиіс.

Бұл бойынша жұмыс негізінен ұлттық жоспарлар бағытында жүргізілуде.

Осыған байланысты мен Қор басшылығына ағымдағы бағдарламаға сыни шолу жасауды ұсынамын. Бұл жағдайда “жол карталарын”, сондай-ақ әрбір өңірлік жобаның көлемін және қаржыландыру көздерін айқындай отырып, оларды іске асырудың келісілген кестесін дайындау қажет.

Үшінші. Басым аймақтық жобаларды ілгерілету үшін инвестицияларды, технологияларды және техникалық қолдауды тарту мәселелері бойынша жүйелі ынтымақтас­тықты нығайту қажет.

Осыған байланысты мен бірнеше ұсыныстар айтқым келеді.

Ең алдымен, елдеріміздің әрқайсысы нақты нысаналы көрсеткіштерді белгілей отырып, аймақтық жобалар үшін шетелдік қолдауды тартуға міндеттеме алуы тиіс.

Төрағалық етуші тарапты үйлестіру негізінде инвестицияларды тарту мен бөлу және техникалық қолдау тетіктерін әзірлеу қажет.

Екіншіден, біз шетелдік әріптестерді, жетекші халықаралық институттар мен донорлық ұйымдарды тарта отырып, бірлескен жобаларды іске асыруды жеделдету мақсатында арнайы өңірлік конференция өткізуді ұсынамыз.

Төртінші. Қордың жұмысшы органдарына халықаралық консультанттардың қатысуымен Әмудария мен Сырдария бассейндерін дамытудың ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеу тапсырылса, бұл жөн болар еді. Осы өзендердің бассейндеріндегі жағдайдың дамуының әртүрлі сценарийлерін модельдеуді қамтамасыз ету маңызды.

Осындай стратегиялық құжаттарды қабылдау біздің өңірдегі су және энергетикалық ресурстарды басқару саясатын жан-жақты үйлестіруге мүмкіндік береді деп санаймын.

Бесінші. Су және басқа да табиғи ресурстарды үнемдеу және пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, жастар бастамалары мен стартаптарын қолдау мәселелерінде өңірлік деңгейде жастармен жұмысты ұйымдастыруға, арнайы бағдарламаны қабылдауға ерекше назар аудару қажет.

Осы мәселелерді қарауға өңірлік Превентивті дипломатия орталығы белсене қатысатынына сенімдіміз.

Құрметті саммитке қатысушылар!

Экожүйелердің деградациясының одан әрі күшеюіне жол бермеу үшін, ең алдымен, Арал теңізі аймағындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталғым келеді.

Қазіргі уақытта Өзбекстанда Арал бойындағы экологиялық және әлеуметтік жағдайды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының «Арал өңірін экологиялық инновациялар мен технологиялар аймағы деп жариялау туралы» қарарының негізінде орнықты әлеуметтік-экономикалық даму, жұмыспен қамту және өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі іс-қимыл жоспары мен шаралар бағдарламасы іске асырылуда.

Соңғы бірнеше жылда Арал теңізінің құрғақ түбінде 1,7 миллион гектар орман алқаптары құрылды. Алдағы екі жылда тағы 400 мың гектар жасыл аймақ құру жоспарлануда.

Арал апатының салдарын азайту, сондай-ақ биоәртүрлілікті сақтау мақсатында өңірде 3,5 миллион гектардан астам аумақта табиғи саябақтар, қорықтар мен мемлекеттік қорғау аумақтары құрылды.

Бүгінгі таңда Арал бойы аймағындағы қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы 4,6 миллион гектарды құрайды.

Сонымен қатар, Өзбекстанда суды пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.

Соңғы 7 жылда біздің елімізде 1 миллион гектардан астам аумаққа су үнемдеу технологиялары енгізілді, бұл суармалы жерлердің төрттен бірін құрайды.

Өзбекстанды дамытудың жаңа стратегия­сы аясында біз су ресурстарын сақтау жөніндегі ұлттық бағдарламаны әзірлеуге ниеттіміз.

Біз Қор қызметінің басымдықтарының бірі ретінде суды үнемдеу секторын анықтау арқылы осыған байланысты ынтымақтастығымызды нығайта аламыз.

Келесі жылы Самарқантта өтетін Халықаралық климаттық форум аясында біз жетекші әлемдік компаниялардың су үнемдеу технологияларының көрмесін ұйымдастырғымыз келеді.

Осы мәселелердің барлығын жан-жақты қарастыру үшін біз елдеріміздің су ресурс­тары, энергетика, экология және экономика министрлерінің тұрақты кездесулері үшін өңірлік платформа құруды ұсынамыз.

Құрметті делегация басшылары!

Мен сондай-ақ “Қуштепа” каналының құрылысы туралы өз пікірімді айтқым келеді.

Шын мәнінде, біздің өңірде суды пайдалану үдерісінде біздің елдермен ешқандай міндеттемелермен байланысы жоқ жаңа қатысушы пайда болды.

Ауған тарапының канал салу үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын жақсы білесіздер.

Оның іске қосылуы Орталық Азиядағы суды пайдалану тәртібімен тепе-теңдігін түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін.

Біздің елдеріміздің ғылыми-зерттеу инс­титуттарын тарта отырып, “Қуштепа” каналының құрылысына және оның Әмудария суын пайдалану тәртібіне әсерімен байланысты барлық аспектілерді зерттеу үшін бірлескен жұмысшы топ құру қажет деп санаймыз.

Біз Ауғанстан өкілдерін су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөніндегі өңірлік диалогқа тарту туралы мәселені қарастыруды ұсынамыз.

Құрметті әріптестер!

Сөзімнің соңында Қазақстан Республикасының Президенті, құрметті Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Аралды құтқару халықаралық қорының төрағалығы қызметіне кірісуімен құттықтаймын.

Бүгін саммитте іске асырылып жатқан бастамалар мен қабылданған құжаттарды іске асыру біздің халықтарымыздың игілігі үшін және қор шеңберінде бүкіл Орталық Азия өңірінің өркендеуі үшін өзара мүдделі ынтымақтастықтың тиімділігін кеңейтуге және арттыруға қызмет ететініне сенімдімін.

Назарларыңызға рақмет.