November 11, 2023

ҮЙДЕ ДАЙЫНДАЛҒАН КОНСЕРВІЛЕРДІҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯНЫ ҚАНДАЙ?  

Ботулизм — азық-түлік өнімдерінен улану ауруларының ішіндегі ең ауыры. Атап айтқанда, үй жағдайында жасалған консервілерді тұтынудың салдарынан тұрғындар арасында улану фактілері көптеп кездеседі. Сонымен, бұл аурудың қауіптілігі неде? Оның алдын алу үшін қандай ережелерді сақтау керек?

Елімізде соңғы жылдары тіркеліп жатқан ботулизм ауруы үй жағдайында санитарлық ережелер мен нормалар сақталмай дайындалған көкөніс консервілерін, негізінен қияр, қызанақ, бақлажан, саңырау­құлақтарды тұтынудан туындап отыр, — дейді маман.

Мұның себебі — үйде жеткілікті қысыммен термиялық өңдеу мүмкіндігі жоқ. Нәтижесінде ботулизм тудыратын споралар қалады және олар анаэробты, яғни оттегісіз ортада дамиды, өте күшті ботулинтоксин деген ұлы затты түзеді.

Ботулизм қоздырғыштарының сыртқы ортаға төзімділігі жоғары, олар 1000С температурада 6 сағат, 1200С температурада 10 минутқа дейін шыдайды.

Құрамында осындай зиянды заты бар консервілерді тұтыну нәтижесінде түрлі жағымсыз салдарлар, тіпті уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе, өлімге әкелетін уланудың ең ауыр түрі ботулизм ауруы туындайды.

Аурудың жасырын кезеңі 2-4 сағаттан 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Ботулизм токсині негізінен орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, ағзада әртүрлі өзгерістер тудырады.

Бұл жағдайда тыныс алудың қиындауы, ауыздың және тамақтың құрғауы, заттардың көзге екеу болып көрінуі (диплопия), қабақтың түсуі (птоз), жұтынудың қиындауы және жалпы әлсіздік, жүрек айнуы мен құсу (жиі қайталанатын), іштің ауыруы сияқты белгілер пайда болады

Науқастың сөзі түсініксіз болады, мойын және аяқ бұлшық­еттерінің әлсіреуінен жүруі қиындайды.

Егер бұл жағдайда науқас адамға дереу медициналық көмек көрсетілмесе және қажетті медициналық емдом жасалмаса, оның денсаулығына ғана емес, өміріне де қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан ботулизмнің алдын алу үшін мыналарды сақтау керек:

– үйде консервілерді дайындамау;

– базарларда және халық көп жиналатын орындарда адамдар сататын белгісіз жағдайда жасалған, сапасына кепілдік берілмейтін консервілерді сатып алмау;

– қақпағы көтерілген (бомбаж), сондай-ақ түсі өзгерген консервілерді жемеу;

– азық-түлік өнімдерін сақтау шарттарына назар аудару, коммерциялық дүкендерден консервілерді сатып алу кезінде жарамдылық мерзіміне, ыдыстардың бүтіндігіне, қақпақтарының ісінбеуіне, қауіпсіздік құжаттарына назар аудару;

– тамақ дайындау кезінде тазалық пен жеке гигиена ережелерін толық сақтау.

Анвар ШУКУРОВ,

Санитарлық-эпидемиологиялық комитеттің бөлім меңгерушісі.