МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ТӘРТІБІ
Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі құзырындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінде өткен брифингте Әділет министрлігі жүйесінде мемлекеттік қызметтерді жер-жерлерге шығып көрсету тәртібі белгіленгені туралы ақпар берілді.
Онда 2023 жылғы 31 августағы 435-санды үкімет қаулысына сәйкес, Мемлекеттік қызметтерді жер-жерлерге шығып көрсетудің әкімшілік регламенті бекітілгені туралы мәлімет берілді. Регламентке сәйкес, мемлекеттік қызметтер Әділет министрлігінің Байланыс орталығына “Call-марказ” немесе ресми веб-сайтына өтініш жасау арқылы көрсетілетіні туралы айтылды.
Байланыс орталығына сұрақтар сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс уақыты барысында қабылданады. Ресми веб-сайт арқылы тәуліктің кез келген уақытында өтініш жасауға болатыны тілге тиек етілді. Мемлекеттік қызметтер көрсету уақыты Мемлекеттік қызметтер орталықтарының (өкілетті органдардың) жұмыс уақыты шеңберінде белгіленеді. “Call-марказ” жауапты маманы өтініш беруші тарапынан сауалнаманы толтырады және сауалнамадағы мәліметтер бекітілгеннен соң өтініш берушіге төлем инвойсын жібереді.
Содан соң жауапты маман өтініш берушімен телефон арқылы байланысып, сауалнамада көрсетілген жерге шығады, сондай-ақ арнаулы техникалық құрылғылар жәрдемінде (планшет немесе компьютерге орнатылған дактилоскопия, принтер, тағы басқалар) мемлекеттік қызметтер көрсетеді немесе мемлекеттік қызметтерді пайдалану үшін өтініш (сауалнамада белгіленген мерзім ішінде) жібереді.
Мемлекеттік қызметтерді жер-жерлерге шығып көрсетуге немесе мемлекеттік қызметтерді пайдалануға өтініш беру үшін Ташкент қаласында БЕМ-нің 50 пайызы, облыс орталықтарында БЕМ-нің 40 пайызы, ал аудан (қалаларда) БЕМ-нің 30 пайызы мөлшерінде бір реттік төлем өндіріледі.
Өзгелер көмегіне мұқтаж қарттарға, денсаулық жағдайына сәйкес дербес әрекет ету мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ I және II топтағы мүгедек тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсетілгендік үшін төлем өндірілмейді.
Бұдан тыс, ұлттық жүргізушілік куәлігін ресімдеуге, Өзбекстан азаматын, Өзбекстанда тұрақты жасайтын шетел азаматын және азаматтығы жоқ тұлғаларды сәйкестендіретін ID картасын және шетелге шығу биометриялық төлқұжатын ресімдеуге, сонымен қатар жеке тұлғаға идентификациялау нөмірін беру бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге де бұл регламент қолданылмайды. Мемлекеттік қызметтерді жер-жерлерге шығып көрсету 2023 жылғы 1 октябрьден бастап жүзеге асырылады.