КЕПТІРІЛГЕН ЖЕМІСТЕРДІҢ ӨЗ БРЕНДІ БОЛАДЫ
Өзбекстанда өсірілетін және өңделіп кептірілген жемістердің халықаралық базар бәсекесіне қабілеттілігін арттыру, жаңа базарларға кіру мақсатында мемлекеттік және жеке секторлардың жұмысын үйлестіру үшін “Жол картасы” және тұрақты жұмыс істейтін платформа құру басталды.
Соңғы жылдары жемістер мен көкөністерді өсіруде, өңдеу және экспорттауда жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Алайда, соңғы екі жылдағы геосаяси жағдай, өзбек экспорттаушыларының қызметі тарихи түрде Ресейге және басқа да ТМД елдеріне бағытталғаны, олардың сатып алу қабілетінің күрт төмендеп, логистикадағы қиындықтар туындап отырғаны өзбекстандық жеміс-жидек экспорты үшін базарды іздеуді талап етуде.
Солардың бірі — Еуропа базары. Бұл аймақ халықаралық экспорт үшін басым базар болып табылады. Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Швейцария үкіметі және Халықаралық сауда орталығымен (ITC) бірлесіп ұйымдастырылған жоба кептірілген жемістер мен көкөністер экспортын дамыту іс-шараларын қамтитын “Жол картасын” әзірлеу және бес жылға көзделген осы жол картасының логикалық жалғасы ретінде мемлекеттік-жекеменшік платформасын құру Өзбекстанның әртүрлі кептірілген жемістерінің осы базарға кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге бағытталған.
Неліктен кептірілген жеміс-жидек экспорты күн тәртібіне шығарылды? Жеміс-көкөніс өңдеушілер мен экспорттаушылар ұйымының төрағасы, “Global Eksport” кәсіпорнының басшысы Сардор Аббосхановтың айтуынша, мұның нақты себептері бар.
Сардор Аббосханов, Жеміс-көкөністі қайта өңдеушілер және экспорттаушылар ұйымының төрағасы:
— “Еуропа базарына анық әрі жылдам шыға алатын өніміміз — кептірілген жемістер. Бұл үдерісті қалай бастау керектігін анықтау үшін қазір отандық және шетелдік мамандарды тарта отырып, “жол картасын” әзірлеп жатырмыз. Бұл жоба кептірілген жемістерді дайындау және қайта өңдеу, сондай-ақ оларды қадақтау, олардың стандарттарға сай болуын қамтамасыз ету және соңғы кезең — сыртқы базарға алып шығу мәселелерін қамтиды. Жол картасы аясында біз алдымен фермер-диқандарды тікелей оқытуымыз керек. Өйткені шикізат сапалы болса ғана, дайын өнім сапалы, әлемдік стандартқа сай болып ондай өніммен сұранысы жоғары елдердің базарына шыға аламыз.
Осы жағдайларды қадағалап, мәселелерді бірлесіп шешу үшін платформа құрылады. Кептірілген жемістерді дайындау мен экспорттаудың барлық циклінде мемлекеттік және жеке сектор арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ететін бұл платформа мемлекеттік және жеке секторлардың қатысуымен жұмыс істейді. Яғни, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігі, “Узстандарт” агенттігі, басқа да мемлекеттік ұйымдар — бір жағынан, ал екінші жағынан — осы салада тәжірибесі бар кәсіпкерлер, соның ішінде жақында құрылған жеміс-көкөністерді қайта өңдеушілер мен экспорттаушылар ұйымы, оның мүшелері платформа аясында бірлесіп жұмыс істейді.
Қазір біз мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктер, субсидиялар, салық жеңілдіктері бойынша барынша жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Келесі деңгейге жету үшін сапаға — шикізатқа, қайта өңдеу сапасына және стандартқа сәйкестігіне, дұрыс маркетингке көңіл бөлуіміз керек. Мәселен, бұл жай ғана кептірілген өрік немесе мейіз емес, Өзбекстанның кейбір ауданында жетістірілген деген брендпен жеткізу, брендті жүзеге асыру керек. Еуропадағылар білсін, бұл Өзбекстанның кептірілген өрігі, Өзбекстанның мейізі. Қазіргі таңда Еуропа базарында біздің өнімдер басқа аймақтардың өнімдерімен салыстырылады. Түркияның кептірілген өрігі, Чили қара өрігі сияқты. Алайда Өзбекстанның өзіне тән климаты бар, оның өнімдері мүлдем басқаша. Бізде “Субхон” сұрыпты кептірілген өрігі. Қазіргі уақытта оны түрік кептірілген өрігіне ұқсатады. Бірақ “Субхон” дәмі мен көлемімен ерекшеленеді. ФАО-мен бірлесе отырып, Өзбекстанның Ферғана облысының “Субхон” кептірілген өрігі деп аталатын брендті тіркеуге алып, тұтынушылардың санасына бекіту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Ол үшін жұмысты тікелей фермерлерден бастау талап етілді. Жеміс ағашының көшеттерін дайындаудан бастап, оның өнімі Еуропа базарына экспортталатынына назар аудару керек, сондықтан оны күтіп-баптау, азықтандыру белгілі бір стандартқа негізделуі керек. Ол үшін фермерлерді оқыту, түсіндіру істерін жүргізу, халықаралық тәжірибемен таныстыру маңызды.
Александра Головко, Халықаралық сауда орталығының (ITC) кеңесшісі, тиімді стратегиялардың насихатшысы:
— Біз Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекет пен жеке сектордың қатысуымен кептірілген жемістер алаңын құруды қолдап-қуаттаймыз. Бұл алаңға бизнес өкілдері, кептірілген жеміс өндірушілер, сондай-ақ осы сала үшін маңызды барлық мемлекеттік ұйымдар қатысады. Бұл платформаның толыққанды жұмыс істеуі үшін тараптар бірлесіп жүзеге асыратын және үйлестіретін “жол картасы” жасалады. Бұл платформа үшін ең маңыздысы — оған жеке сектордың қатысуы және оларға қажетті болған жақтарын алға жылжыту. Сонда үкімет оларды тыңдап, мұң-мұқтажын қарастырады. Бұл платформа экспорттаушыларды да, өндірушілерді де қамтиды. Өндірушілер қосылған құн тізбегінің негізгі буыны болғандықтан, оның үстіне қазіргі бәсекеге қабілеттіліктің болмауының басты себебі өндіріс сапасымен байланысты.
Кептірілген жемістерді дайындау және экспорттау саласында “жол картасы”, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік ынтымақтастық алаңын әзірлеу енді ғана басталды. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі, мүдделі ұйымдар, бизнес өкілдері, фермерлер, сондай-ақ ғылыми мекемелер бірлесіп жұмыс істеуге келісті.