September 16, 2023

МЕКТЕПТЕ ӨТКЕН МЕРЕКЕЛЕР  

Тәуелсіздік алған күннен бастап еліміз білім беру саласындағы мемлекеттік саясат білім беру жүйесін сапалық жағынан жақсарту мақсатын қойды. Ол әсіресе, соңғы 5-6 жылдың ішінде өз тұғырына көтеріліп барады. Соның нәтижесінде соңғы кездері жалпы орта білім беретін мектептерде түрлі шаралар ұйымдастырылып, жоғары дәрежеде өткізілуде. Әсіресе олардың арасында Тәуелсіздік мерекесі мен білім күнінің орны бір басқа.

Жуырда барша білім беру мекемелері сынды Жызақ облысының Мырзашөл ауданындағы №8 жалпы орта білім беру мектебінде де жаңа оқу жылының басталуы, білімдер күні “Жаңа өмір үшін, жаңа Өзбекстан үшін!” ұраны негізінде өтті.

“Жаңадала” ауылдық азаматтар жиыны, 1-сектор аумағындағы білім беру ошағында өткен шараға Мырзашөл аудан әкімі, сектор басшысы Шерзод Ахмедов қатысып, баршаны жаңа оқу жылымен құттықтады. Сонымен бірге 1-сыныпқа келген бүлдіршіндердің болашақта жақсы адам болуын, жақсы білімге ие ұл-қыздар болып ержетулеріне тілектестік білдірді.

Тағы сондай шаралардың бірі аудандық мектепке дейінгі және мектепте білім беру бөліміне қарасты №2 мектепте ұйымдастырылды. Онда да Өзбекстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің 32 жылдығы мен алғашқы қоңырау шарасы жоғары деңгейде өтті.

Шараға аудан әкімінің бірінші орынбасары Ж.Лапасов қатысып, өзінің ізгі тілек­терін жеткізді. Сондай-ақ аталмыш мектептің директоры Қ.Абдурахимов, “Тәуелсіздік” махалла азаматтар жиыны әкім көмекшісі З.Қаршиев, зейнеттегі подполковник Ш.Болиқуловтар да сөзге шығып айтулы мерекемен баршаны құттықтады.

Ал 654 оқушы білім алатын, биыл 1-сыныбына 72 оқушы келген №11 жалпы орта білім беретін мектепте де мерекелек шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шара барысында мектеп директоры Президент сыйлықтарын 1-сынып оқушыларына салтанатты түрде тапсырды.

Иә, мерекесі жарасқан күншуақты еліміздің болашағы саналған бүлдіршіндердің көңіліне қуаныш сыйлаған осы сынды шаралар ауданның барша мектептерінде жоғары деңгейде тойланды.

Құттыбай БАШАРОВ,

“Нұрлы жолдың” меншікті тілшісі.