November 17, 2023

ТАМЫРЫН ЖОҒАЛТҚАН ӨЗДІГІН ЖОҒАЛТАДЫ  

Біз дәрігерлердің жазған кітаптарында, қолданбаларында көп жағдайда медицина тілінің (әрине, салаға тиісті болғандықтан) басымдылығын, қарапайым оқырманға едәуір түсініксіз тілмен жазылған мәліметтерді түсініп жатамыз. Ал елімізге танымал медицина ғылымдары бойынша философия докторы, Өзбекстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, Еуропа балалар неврологы Зохиджон Исмоиловтың “Илдиз” атты кітабы мұның мүлдем керісі.

Яғни дәрігердің бүгінге дейінгі шыққан белесі, басып өткен жолдары, еткен еңбегі, жас кездегі оқуға деген ықыласы, қызығушылығы, қызмет сапарлары, шетелдерде білім алуы, науқастармен қарым-қатынасы, емдеу барысындағы өзіндік ұстанымдары, бәрі-бәрі қарапайым тілмен, тілге жатық, жүрекке жақын, бір сөзбен айт­қанда, оқырман қауымға түсінікте етіп жазылған. Жуырда баспасөз орталығында сала мамандарының, жұртшылық өкілдерінің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен осы кітаптың тұсаукесері өтті.

Кітаптың кіріспе бөлімі “Мекен және заманда қалып қоймайтын көпшілікке пайдасы тиетін кітап жазуға бел будым. Қарапайым ауыл баласының әлем деңгейіне шығуына себеп болатын адамдар, факторлар жөнінде айтып беремін, — деген автордың өзіндік ойларымен, көзқарастармен басталады.

Көп жағдайда дәрігерлер өздерін тек қана сырқаттың денесіндегі түрлі аурулармен және жарақаттармен күресетін маман деп санайды. Міне сол біржақты жанасумен шектеліп қалудың себебінен нәтижені ала алмайды, түрлі химиялық дәрілерді көбейту немесе бірін басқасына ауыстырумен мәселеге шешім іздейді. “Шынында да солай емес пе?” дейтін шығарсыз. Әрине жоқ. Әбу Әли ибн Сина және басқа да медицина ғылымының ата-бабасы әр сырқаттың өзіндік психикасы, жасайтын ортасы, ең бастысы, жан жарасымен санасуы біздің бүгінгі заманымызда ұмытылып кеткен. Иә, адамның жанындағы ауру жазылмай тұрып, адам денесіндегі дерттің айығып, адамның емделуі өте қиын. Бұл ой-пікірлер дәрігер Зохиджон Исмоиловтың пікірі. Осындай ой-пікірлерді алға тартып, науқастардың жанына жалау боп жүрген дәрігер адам жанын тек практикада ғана емес, теориямен де емдеу қажеттігін өзінің алғашқы туындысы “Илдиз” атты кітабында баяндайды.

Бұл кітап, бүгінгі кез келген жағдайда да адамилық қасиеттерді басты орынға қоя алған және өмірдегі ақ-қараны, қате мен кемшіліктерді, жақсылық пен жамандықты жасырмай, шынайы қаламға алып, өзінің шын мәніндегі көрінісін суреттейді. Яғни адам ретінде де, дәрігер ретінде де өз орнын таба алған дәрігер жайлы баяндайды. Ол шет мемлекеттерден түскен үлкен табысты көптеген ұсыныстарды жоққа шығарып, барға қанағат ете алған өзінің тамыры — Отанында екенін терең ұғынған, елінде еңбек етіп, көптеген науқас­тардың дертіне шипа бола алған дәрігердің бірі. Шынында да, “тамырынан айрылған — өздігінен айрылған” деген ой-пікірлер осы кітапта тереңінен, өмірлік тәжірибелермен бірге өрнектелген. Бір қызығы, кітапта оқиғалар желісі қарапайым суреттермен емес, көркем графикамен бейнеленген. Бұл жөнінде жас суретші Яхия Абдукаримов көпшілікті кітаптағы суреттермен таныстырып өтті.

Шара барысында сала өкілдерімен бірге бүгінде дәрігердің емінен жазылып, емделіп жүрген жұртшылық өкілдері автор иесін бүгінгі жетістігімен құттықтап, өз алғыстарын білдірді. Солардың ішінде Астана тұрғыны Мақпал деген келіншек бар. Ол біраздан бері баласын емдетуге келіп, бүгінде оңды нәтижелерді көргенін, баласының бойындағы алға қарай жылжудан, оңды өзгерістерден қуанышты екенін жасырмады.

Аталмыш кітапты шара соңында қолыма алдым. Бірақ оның ішінде не жазылғанын тұсаукесердің басталуынан соңына дейінгі үдерісте, автордың кішіпейілділігінен, жай ғана күлімдеп, көпшілікпен етене араласуынан, жан-жақты айтыл­ған мәліметтер мен алғыстардан-ақ ұғынғандай болдым. Сөз соңында айтарымыз, елімізде өз ісінің білікті маманы, өз міндетімен қоса адамның дертінен тыс, жанына да жалау болатын дәрігерлер қатары ортаймасын.

Гүлжамал БАЙТӨРЕЕВА,

“Нұрлы жолдың” тілшісі.