September 7, 2023

СУАРУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ  

Өзбекстанда ауылшаруашылық дақылдарын суаруды оңтайландыру бойынша AquaCrop бағдарламасының жүйелі интеграциясын қолдап-қуаттау мақсатында елімізге ФАО-ның жер және су ресурстары жөніндегі аға сарапшысы Мохир Салман келді.

Бұл сапар Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) және ЖаЅандық Экологиялық Қордың “Орталық Азия мен Түркияның құрғақ және тұзды ауылшаруашылық өндіріс ландшафтарындағы табиғи ресурстарды кешенді басқару” (CACILM-2) аймақтық жобасын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылды. М.Салмон ФАО-ның Бас өкілеттігінде су ресурстарын басқару тобының жұмысына басшылық жасайды.

AquaCrop — азық-түлік қауіпсіздігі қоршаған орта жағдайлары мен басқарудың өнімділікке әсерін бағалау үшін ФАО-ның жер және су ресурстары бөлімі әзірлеген “өсімдіктерді суару” өнімділік үлгісі. AquaCrop суды пайдалану негізінде егін өнімділігін болжайды, бұл әсіресе құрғақшылыққа бейім аймақтар үшін өзекті.

Сапар барысында Мохир Салмон Өзбекстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінде, Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінде, сондай-ақ Су шаруашылығы ми­нистрлігінде кездесулер өткізді. Ұлттық серіктестермен кездесулерде су ресурстарын инновациялық және тұрақты басқару, Өзбекстанда AquaCrop бағдарламасын жүзеге асыру, құрғақшылық пен оның зардаптарын болдырмау мәселелері талқыланды. ФАО заманауи технологияларды енгізу арқылы су тапшылығынан туындаған мәселелерді шешуге қалай көмектесетіні зерделенді.

Сонымен қатар сарапшы Бұхара облысындағы CACILM-2 жобасының жерасты суару, топырақты өңдемей отырғызу сияқты әдіс-тәсілдер қолданылып жатқан тәжірибелік учаскелердегі қол жеткен нәтижелермен танысты.

— Тәжірибе алаңдарын аралау барысында біз дәстүрлі әдістермен салыстырғанда экономикалық және техникалық тұрғыдан жер қойнауын суару мен нөлдік өңдеуді қолданудың тиімділігіне көз жеткіздік. Мұны осы әдістерді кеңейтуге мүдделі фермерлердің өздері де растады, — деді ФАО-ның жер және су ресурстары жөніндегі аға сарапшысы Мохир Салмон.

Ә.АЙҚОЖАЕВА,

“Нұрлы жолдың” тілшісі.