November 18, 2023

ЖАЙНАЙДЫ ЖАРАТЫЛЫС БЕРГЕН СЫЙДАЙ  

Алтын күз бірде шуақ, бірде салқын,

Жер мен көк жалтыраған сап-сары алтын

Ағашта жапырақтар сылдырлайды,

Төгілген алтын теңге сансыз жалқын.

Сары алтын батсайыдай дала мидай,

Үйілген мая-мая қызыл мидай

Қырманда қызыл алтын, қызыл маржан,

Жайнайды жаратылыс берген сыйдай.

Сәкен СЕЙФУЛЛИН

Табиғат жаратылысы өзіне тән жыл он екі ай төрт мезгілімен ұштасады. Әр мезгілдің өз сұлулығымен таңдай қақтырарлықтай орны бар. Алтын күз келді. Күз — жомарт, күз — береке демекші жиын-терім қауырт. Мезгілдер арасында күз өзіне тән ерекше әсемдігімен әсерлі.

Жапырақтар сарғайып, жерге сары кілем төсеп қойғандай жұп-жұмсақ жолақтар ерекше көрініске енді. Көпшілік осы мезгілде уақытын табиғат қойнауында өткізгісі келеді. Еріксіз бау-бақшаларға көңіл тартады.

Ташкенттің өкпесіне айналған мекен, ботаникалық бақ туралы естімеген, оның таза ауасымен тыныс­тамағандар арамызда кемде-кем шығар.

Сұхбатымыздың бүгінгі қонағы, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Ботаника институты қасындағы, академик Ф.Н.Русанов атындағы Ташкент Ботаника бағының бөлім бастығы, “Дустлик” орденінің иегері Халмурзаева Әтіргүл Исакқызы.

— Ассалаумағалейкүм Өтіргүл апай. “Нұрлы жол” оқырмандарына өзіңіз жайлы айта кетсеңіз.

— Уағалейкүмассалом. Мен 1953 жылы Ташкент облысының Құйышыршық ауданында дүниеге келгенмін. Орман шаруашылығының бас маманымын. 1997 жылы Ташкент ауыл шаруашылығы институтын бітіргем.

— Жақыннан таныған кәсіптестермен бірге сізді танитын БАҚ өкілдері осы

баққа еңбегі сіңген қайраткер, бақтың жанашыры деп біледі. Бақшаның ерекшелігі неде?

— Ботаникалық бақ 1921 жылы Орталық Азия университеті құрыл­ған кезде зертхана қызметін атқара бастаған. Кейіннен 1950 жылы бақ болып құрылды. Бүгінде бақты ғалымдар зерттеу нысаны ретінде пайдалануда.

— Соңғы жаңалықтар мен өзгерістер жайлы айтсаңыз.

2023 жылдан бастап Ботаникалық бақ ғалымдарының қатары кеңеюде. Бүгінде екі ғылым докторы, профессор, 10-нан астам ғылым кандидаты бар, бұдан бағымыздың әлеуеті күннен-күнге артып келе жатқанын байқауға болады. Көрші елдермен меморандумымыз бар. Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бақтары қауымдастығына қосылдық.

— Саябақта жұмыс істейтін ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің міндеті не?

— Біз ең алдымен сиреп бара жатқан өсімдіктерді сақтауға, оларды қорғауға, қолайлы жерлерге отыр­ғызуға, коллекциямызды байытуға назар аударамыз.

Сонымен қатар, экологиялық тәрбие беруде балабақшаның алатын орны зор.

Біз мектеп оқушыларымен және жоғары оқу орындарының студенттерімен ынтымақтаспыз. Өсімдіктер әлеміне қызығатын жастар мұнда білімін жетілдіру үшін келеді.

— Бақта қандай ерекше өсімдіктер мен ағаш түрлері бар?

— Бақта ерекше өсімдіктер мен ағаштардың түрлері өте көп. Пістенің бірнеше түрі жиналады. Сонымен қатар, 5 экспозиция бар. Әр экспозицияның өз флорасы бар. Сирек кездесетін ағаштарымыздың арасында Америкадан әкелінген әдемі каталпа ағашы туралы айтып берейін. Атауының өзі әдемі өсімдік екенін айтып тұр. Бізде каталпаның 3 түрі бар. Ол құрғақшылық пен тұзға төзімді. Ол біздің елде жақсы өседі. Бұл өсімдікті Қарақалпақстан жерлерінде көп өсіруге, дәл қазір қолайлы болып тұр.

Америкадан әкелінген канадалық голлихок ерте көктемде қызғылт түсті болып гүлдейді. Қаланы көркейту үшін көбірек отырғызылды.

Сонымен қатар, сирек кездесетін ағаштардың арасында пекан жаңғағы ағашы бар. Сондай-ақ пеканның 5 түрі бар.

— Бұл жаңғақтардың біздің жаңғақтардан айырмашылығы неде?

— Пеканның дәмі жақсы, кало­рия­сы біздің жаңғақтардан әлдеқайда күшті. Бірақ біздің жаңғақтармен салыстырғанда майдалау келеді, оны ағашынан қағып алу қиындау. Біз бұл жаңғақтарды жастардың көбірек мәліметке ие болуы, білімін дамытуы үшін тәжрибе ретінде ұстаймыз.

— Бақтағы өсімдіктер, ағаштар қалай суарылады? Тамшылатып суару әдісі жолға қойылған ба?

— Ботаникалық бақтағы ағаштар негізінен Аққорған каналынан суарылады. Тамшылатып суару әдісі енді жол­ға қойылмақ.

— Биыл қай елден көбірек өсімдік немесе ағаш әкелінді?

— Биыл Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ботаникалық бағымен ынтымақтастық орнаттық. Бұл университетпен меморандумымыз бар. Мәскеуден 200-ден астам өсімдік тұқымын әкеліп, бақшамызға отырғыздық. Біз қазір оларды баптап жатырмыз. Жаздың ыстық күндерінде үйде өсетін 15 түрлі гүл отырғыздық, бәрі көгеріп, жайқалып өсті. Құрғап қалмас үшін дымқыл шүберекпен орап күтім жасадық. Бұл өсімдіктер алдағы уақытта ландшафт гүлдерінің қатарына қосылып, бақшамызға ерекше көрік береді. Бұл жер 40 мыңға жуық адамды оттегімен қамтамасыз ететін жасыл алаң.

Биыл бақта академик Комилжон Тожибоев Қытай ғалымдарымен бірлесіп, әлемдегі ең үлкен пияз бағын құрды. Дүние жүзінде екі пияз бағы бар, бірі Қытайда, екіншісі Өзбекстанда. Біздің топтамада пияз­дың 100-ден астам түрі бар. “Жасыл аумақ” жобасы аясында өңірлерде көптеген сәндік және бұта көшеттері отырғызылуда. Өкінішке орай, егіліп жатқан ағаштардың бәрі жерге қондырылғанымен, көгеріп жатқан жоқ.

— Ағаштарды қурап қалмауы үшін қашан отырғызу керек?

— Көшет егілді дегені ол жасыл алаң болды деген сөз емес. Ең алдымен, сіз өсімдіктерді қайда және қалай отырғызу керектігін білуіңіз шарт. Оның сусыздануға төзімділігін анықтау керек. Өсімдікке ананың жас балаға қамқорлығы сияқты күтім қажет. Өсімдік адам сияқты сүйіспеншілік пен қамқорлыққа зәру. Суды, тыңайтқышты уақытында бергеннің өзі үлкен күтім. Мысалы, каштан күн батқан кезде жерге отырғызылады. Каштан — жартылай көлеңкелі өсімдік. Сондықтан оны көлеңкеде отырғызу керек. Көп жерде оның күйіп, қурағанын көремін. Каштан қоңыржай аймақтан әкелінеді. Сондықтан көлеңкелі ағаштардың қатарына отырғызылса, жақсы болады.

Әр мекеменің аумағына ағаш отырғызудан бұрын, орман шаруашылығы, көгалдандыру, мектептердегі биология пәнінің мұғалімдерінен ақыл-кеңес алып, содан кейін көшет отырғызылса, оған жұмсалған қаржы босқа кетпейді. Әсіресе, экологиялық мәселелер өршіп тұрған заманда мұндай бақтарды көбейтуге қажеттілік те артып келеді.

— Апай, кезі келсе бір түбек гүлді жайқалту қиынға соғады. Ал сіз қырық жылға жуық осы салада істеп, өсімдіктермен тілдесіп келе жатырсыз. Қызығы мен қиындығы мол еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз. Сұхбатыңыз үшін рақмет.

Гүлзат ҚҰРБАНОВА,

“Нұрлы жолдың” тілшісі.