September 10, 2023

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ТІЛШІМІЗ

Әр жылы дәстүрлі түрде өткізілетін “Ең ұлы, ең ғазиз!” байқауы биылғы жылы да көтеріңкі көңіл күймен атап өтілді. Шығармашыл жандардың шабытын шыңдап, олардың еңбегінің еленгенін, текке кетпес қадірлі шығармаларының ел алдында атап өтілгенін көрсететін, одан бөлек мотивация сыйлауға көмектесетін бұл марапат, басқаларға қарағанда едәуір құнды. Аты айтып тұрғандай, жыл сайынғы ең лайықтыларды анықтайтын шараға бірқатар БАҚ өкілдері қатысты. Олардан жанарлары отқа, жүректері жігерге толғандары, шығармалары семсердей өткір, тілдері ақиқатқа толысы іріктеп алынып ел алдында ұлықталды. Солардың арасында “Нұрлы жол” газеті тілшісінің есімі де ерекше атап өтілді.

“Нұрлы жол” газетінің де тарихы баршаңызға белгілі, талай сын мен қиындықты өткізген, тағдырдың самалына төтеп беріп, биіктігін сақтап тұрған газет қазіргі күнге де­йін басынан сөз асырған емес. Өйткені бұл тарихы терең баспасөздің серкесінде ерке де ерікті, жігерлі де жеңілмес жас­тар мен ұстаздар қызмет етіп жүр. Сөзіміздің дәлелі ретінде жуырда өткен байқауда жеңімпаз атанған Гүлжамал Байтөрееваны келтіре аламыз. Өзбекстан Республикасындағы қазақ ұлтының көзайымына айналып үлгерген, оқырмандарға өз мақалалары мен түрлі ақпарат, ғибрат, әдеби де сыни материалдарымен жақсы таныс бол­ған газетіміздің тілшісі еңбектен жалыққан емес. Өз оқырмандарына салмақты, сенімді әрі ғибрат пен ұлтаралық татулықты дәріптейтін мақалаларымен танылған Гүлжамал Байтөреева “Нұрлы жол” ұжымының мықты тілшілерінің көшбасшысы.

Бүгінгі кейіпкеріміз Өзбекстан Республикасы Журналистері одағы тарапынын тағайындалған “Ең ұлы, ең ғазиз!” байқауында “Баспа БАҚ қызметкерлерінің журналистік жұмыстары” бойынша үшінші орынды иелеп, тек газет ұжымы арасында ғана емес, республика аумағында да мықты екенін дәлелдеді.

Гүлжамал Байтөреева 1986 жылы Құйышыршық ауданында туылған. 2005-2009 жылдар аралығында Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің қазақ филологиясы кафедрасында білім алған. Алғаш­қы еңбек жолын дәл осы “Нұрлы жол” газетінде 2008 жылы бастаған. Сыни көзқарасы, әрбір мақала мен ақпаратты терең шеберлікпен үйреніп, одан кейін баспа беттеріне жариялау қасиеті жылдар бойы қалыптасқан біліктіліктің арқасы болса керек. Қазірге дейін жазған мақаласы көпшілік оқырмандардың арасында қызығушылықпен оқылады.

Гүлжамал Байтөреева тілші ретінде терең білім мен кең көзқарасын жеткізе алады, жас болуына қарамастан, алған тәжірибесі мен білімінің арқасында оқырмандарға сапалы материалдар мен мәдени рухани мақалалар жария­лауда алғы қатарда. Шығармашыл, ізденуші, жігерлі де жаңашыл еркін пікірлер мен ой қорытындысын еркін жеткізе алатын тілшіміздің бүгінгі заман жастарына үлгі бола алатыны сөзсіз.

Мақала жазудағы шеберлігі ұжым ортасында да ерекше атап өтіледі. Көбіне әдеби, рухани материалдарға баса назар аударады, оны ерекше шеберлікпен жазады. Өз шығармаларында жақсылық пен ізгілік, қарапайымдылық, адами қасиеттер мен шынайылықты дәріптейді. Одан бөлек Гүлжамал Байтөреева аударма ісінде де бірқатар жеңістерге жеткен шебер аудармашы.

Қорыта айтқанда, газеттің гүлі әрі маманы, өз ісінің шебері Гүлжамал Байтөреева туралы айтылғанда тек жақсы қасиеттер мен мақтаныш тілге келеді. Ұжым ортасында да бүгінгі ке­йіпкеріміз туралы тек жылы пікір мен ойлар қалыптасқан. Өйткені тілші шеберлік пен біліктілікті қатар ұстанған өз жұмысының маманы.

Бекболат МҰХТАРОВ,

“Нұрлы жолдың” тілшісі.