July 9, 2023

ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ ҚОРҒАУ ОДАН ӘРІ ДАМИДЫ

Кейде “менің жаным жеңілдеп қалды” немесе “менде күйзеліс болды” деген сөздер құлаққа жиі естіледі. Біз, сондай-ақ психикалық ауытқулардан зардап шегетіндерді білеміз. Біз бұл тақырыпты бекерге қозғамадық.

Себебі, адам психикасындағы өзгерістер дәуірі жалғасуда. Жаһандану мен әлемдегі экологиялық дағдарыстардың пайда болуы да адам психикасына кері әсерін тигізеді. Әрине, бұл үдерістер психикалық бұзылулардың өсуіне әкеледі.

Сондықтан біздің елімізде халықтың психикалық денсаулығын қорғау қызметін жетілдіру, психикалық бұзылуларды ерте анықтау, оларды диагностикалау, психикалық ауытқулары бар адамдарды емдеу сапасын арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.

Атап айтқанда, жер-жерлерде тиімді басқару жүйесін енгізуге, ғылым-білімді дамытуға, кадрлар әлеуетін арттыруға және психиатриялық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, халыққа уақтылы психиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыруға ерекше назар аударылады.

Осы жылдың 19 июнінде қол қойылған “Тұрғындардың психикалық денсаулығын сақтау қызметін одан әрі дамыту бойынша іс-шаралар туралы” Президент қаулысы дер кезінде қабылданғанымен маңызды.

Өйткені бұл құжатта мамандандырылған психиатриялық және наркологиялық көмек көрсетуді басқарудың бірыңғай вертикалды жүйесін енгізу, психикалық денсаулық сақтау қызметтерін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелеріне біріктіру, психикалық тұрақсыз адамдарды олардың қажеттіліктеріне сәйкес дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз ету белгіленді.

Сондай-ақ халықтың, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтуға, кадрлар даярлау жүйесін жетілдіруге, мамандарды лайықты ынталандыру мен тиімді жұмыс істеуі үшін қосымша жағдайлар жасауға, психиатриялық мекемелердің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтуға ерекше мән беріледі.

Қаулыға сәйкес, Республикалық мамандандырылған наркология ғылыми-практикалық медициналық орталығын 2023 жылғы 1 июльден бастап қолданыстағы қаржыландыру тәртібін сақтай отырып, республикалық мамандандырылған психикалық денсаулық ғылыми-практикалық медициналық орталығына айналдыру осы саладағы жұмыс көлемін одан әрі кеңейтеді.

Орталық мамандандырылған психиатриялық, медициналық-психологиялық және наркологиялық көмек көрсетеді, осы бағыттар бойынша жоғары технологиялық материалдық база мен ғылыми мектеп қалыптастырылады. Өз кезегінде, ол денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде психикалық денсаулықты нығайту бағытындағы жұмысты үйлестіреді және бақылайды.

Құжатта тағы бір маңызды мәселеге назар аударылған. Аудандық және қалалық көпсалалы орталық емханаларда Тұрғындардың салауатты тұрмыс жағдайын қолдап-қуаттау, сондай-ақ физиологиялық белсенділігін арттыру орталығының аудандардағы бөлімшелерінің штаттарын қысқарту есебінен медициналық психолог, стационарлық емес психиатриялық диспансерлердің, құрамында диспансері бар психиатриялық ауруханаларда — суицидолог, стационар орнына ие болған психиатриялық жүйке аурулары диспансерлерінің және психикалық ауруханаларда бар штаттар шеңберінде қабылдау бөлімі дәрігері, кезекші психиатр, медициналық психолог немесе психотерапевт штаттары енгізілетін болды. Бұл, әрине, өз психикасындағы сәйкессіздікті сезген халық өкілдерінде мұндай аурулардан айығуында маңызды рөл атқарады.

Үстіміздегі жылдың 1 сентябрінен бастап медицина қызметкерлерін “психиатрия”, “сот психиатриясы”, “медициналық психология” және “наркология” бағыттары бойынша қайта даярлау курстарында оқыту қаражаттары Дарынды және білікті медицина мамандарын қолдап-қуаттау, сондай-ақ медициналық мекемелерге тарту қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

2023/2024 оқу жылынан бастап “Психиатрия”, “Медициналық психология” және “Наркология” мамандықтары бойынша клиникалық ординатураға және магистратураға қабылдау жалпы қабылдау параметрлері шеңберінде мемлекеттік грант негізінде ғана жүзеге асырылады, ал қабылдау көрсеткіштері осы мамандықтарға нақты қажеттілікті зерделеу негізінде қалыптастырылады.

Қорыта айтқанда, осы қаулыны іске асыра отырып, бүгінде біздің қоғам өмірінде орын алатын психикалық бұзылуларды ерте анықтау және емдеу ауқымын кеңейтуге қол жеткізіледі. Ең бастысы, мұндай ауруларды анықтау және олармен күресу кезінде әрқайсысымыз жауапкершілікті сезінуіміз керек.

М.ИБРАГИМОВА,

Олий Мажлис Заң шығару

палатасының депутаты.