САН ҚЫРЛЫ ҚАЛАМГЕР
Мен жас ұрпаққа білім беріп, көп жылдар бойы мектепте еңбек еттім. Қазіргі таңда зейнетте болсам да әлі де жұмыстамын. Газеттерді қадағалап тұратын мұғалімдердің әдеті ғой. 1991 жылы ашылған республикалық “Достық туы” газеті (кейіннен “Нұрлы жол”) бізге, әсіресе, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушыларына көп көмегін тигізетін. Құрметті оқырман қауымға айтпақ болғаным — сол “Достық туы” газетінде, одан кейін “Нұрлы жолда” жұмыс жасаған Құлназар ағамыз жайлы.
Ағаның қаламынан туындаған шығармаларының ауқымы тым кең екендігі жырсүйер оқырман қауымға әлдеқашан белгілі болғанына өз басым кәміл сенемін. Қалам тартпаған саласы, тақырыптары жоқ деуге болады. Бір ғана сөзжұмбақтары жайлы әңгіме бастасам, ол әңгіме ұзаққа созылып кетері анық. Өйткені ағаның “Достық туы” “Нұрлы жол”, “Правда Востока”, “Ташкентская правда”, “Спорт”, “Коммерческое обозрение” газеттерінде жарық көрген сөзжұмбақтарының сан-санағы жоқ. 1992 жылы “Достық туында” сөзжұмбақтарын жариялап, тіпті оқырмандарға байқау ұсынғанын білеміз. Газет оқырмандарына сөзжұмбақтарды шешу және құрастыру бойынша байқау ұйымдастырып, оқырман қауымды бәйгеге шақырғаны — газет таралымын арттыруға септігін тигізсе, екінші жағынан оқырманды ізденуге мәжбүрлетіп қана қоймай, олардың ой-өрісінің, сана-сезімінің өсуіне, тіліміздің баюына игілігі орасан екендігінде дау жоқ. Оқырмандардың байқауға қатысып, сөзжұмбақ шешуге, құрастыруға қатысқандарының аты-жөндері және олардың мекенжайларына дейін газетте жарияланып тұрғаны жазылым науқанында оқырмандардың саны көбеюінде оңды нәтиже беретіні анық.
“Сөзжұмбақ құрастыруды қай кезден бастағансыз?”, деген сұраққа ағаның жауабы былай болды: “1965 жылы Львов облысында әскери қызметте болған кезімде бастағанмын. Бұл “хоббиге” қызығуымның артқан себебі, сол кездегі “Советский войн” журналында екі сөзжұмбағымның жарық көргені болды.
“Правда востока” газетінде сөзжұмбақ шешушілер мен құрастырушылар үшін оқырмандар байқауы сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында басталғанын білген қаламгер ағамыз “құрастырушылар” байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алғанын жұрттың көпшілігі білмесе де керек. Бұл сөзжұмбақтар орыс тілінде құрастырылған болса, “Достық туы” мен “Нұрлы жолда” жарияланған сөзжұмбақтардың ішінде де тек бір салаға арналғандары баршылық. Мәселен, “Әдебиет және өнер”, “Футбол”, “Шахмат” “8 Наурыз” “Қазақстан”, “Тәуелсіз Өзбекстан”, “Мақал-мәтелдер”, “Жер шарын шарлап” “Жерорта теңізі”, “Африка” жайлы құрастырылған сөзжұмбақтары оқырман қауымның көңілінен шыққан деп ойлаймын. Бұлардан басқа Скандивания сөзжұмбақтары мен сөзтізбектері де бар.
Қаламгердің саяси-қоғамдық, ауыл шаруашылығы және экономика тақырыптарында жазылған мақалалары сол дәуірдің көкейкесті мәселелерін сөз еткен болса, сықақ, әзіл-шыны аралас және мысал өлеңдері екіжүзділікті, жағымпаздықты, парақорлықты, мансапқорлықты, маскүнемдікті ащы, улы өткір тілімен аямай түйрейді.
Толғауларында жырларында туған жерге, алтын бесік еліне және тарихи тұлғаларға деген жүрек сезімін жырсүйер қауымға шынайы жеткізе алған деп ойлаймын.
“Майдангер сыры”, “Арал мұңы”, “Асыл арман”, “Өмір соқпақтары” және “Әке рухымен сырласу” атты бес бірдей поэмасы адамзат өміріндегі қажетті, өте көкейкесті мәселелерді талдауды алға тартады. Ол толғаулары мен поэмалары арқылы өзінің ақындық деңгейінің қай дәрежеде екендігін танытып қана қоймай, азаматтық, адамилық үнін оқырман қауымға жеткізе алған.
“Өмір соқпақтары” деп аталған поэмасына “Нұрлы жолда” Өзбекстан Жазушылар одағы қасындағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы, Өзбекстан Республикасы Тұран ғылымдар Академиясы мен Қазақстан Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының академигі, әдеби сыншы, жазушы Қалдыбек Сейданов ағамызды “Қыран қанатты Құлекең” деп алғы сөз жазғаны — қаламгер қаламының қарымды екенін байқатып тұр. Алғысөз жазған ағаның мынадай баға бергені бар: “Құлекеңнің лирикалық өлеңдері қысқа, сюжетке, нақты суретке, терең ойға құрылса, толғаулары мен поэмалары заманауи мәселелерді көтеріп, халықтық тұрғыда талдап, талқылауды талап етеді”. Ақынға тағы қандай баға қажет?
Тәуелсіздіктің жеті жылдығына арнап өткізілген мүшәйрада ағаға “Арал мұңы” поэмасы үшін Өзбекстан Жазушылар Одағының мақтау қағазын Өзбекстанның халық ақыны, әрі халық қаЅарманы Абдулла Ариповтың тапсырғаны ақынға көрсетілген үлкен сенім. Иә, қаламгер туралы айта берсек, жаза берсек айтарымыз таусылмайтын шығар. Өйткені Құлназар ағаның жазған шығармалары өте көп те, көлемі де ауқымды келеді. “Таң самалы”, “Күзгі гүлдер” өлеңдер жинағы, “Асыл арман” толғаулар мен поэмалары, “Шындық шыңы” сықақ және мысал өлеңдер жинағы, “Мөлдір сезім” повесть және әңгімелер жинағы, “Екі жол” сықақ әңгімелер мен езу тартар шымшымалар жинағы баспаға дайын тұр. Бұлардан тыс, қаламгер көптеген жылдар бедерінде жазған мақалаларын “Жаңа таң шуағы” атымен жинақ ретінде топтастырыпты. Ол жинаққа түрлі салаларды қамтыған мақалалары енген. “Жаңа таң шуағына” Өзбекстан журналистер одағының мүшесі, марқұм журналист Амангелді Сейдахметов алғы сөз де жазған екен. Алғы сөзінің бір жерінде ол: “Журналист, ақын-жазушы Құлекең сегіз қырлы, бір сырлы азамат екендігін өзінің түрлі салаларға тиісті саяси әдеби және спорттық шолуларымен оқырман қауымға танымал болғаны қашан”, дейді.
Кезінде Қазақстанның белгілі ақыны әрі сезгері Исрайыл Сапарбай және Өзбекстанға танымал ақын Мекембай Омарұлының Құлназар ағаның лирикалық өлеңдері мен сықақ әңгімелеріне жоғары баға бергені шындық.
Қаламгер ағамыз қазіргі күнде сексен жастан асса да бұрынғы өзінің жұмыс жасаған газеті “Нұрлы жолдан” қол үзген емес. Соңғы жылдары жазған өлеңдерінен құралған “Ой толқындары” атты жинағы оның қаламынан туындаған шығармалары өзінің ойлары арқылы дүниеге келгендігін айғақтайды.
Құлекеңнің көп саланы қамтитын мақалалары оқырмандарын тәнті етсе, толғаулары, поэмалары, өлеңдері мен сықақ, мысалдары жастарға ертеңгі ұрпаққа өнеге, ғибрат саналатындығында сөз жоқ.
Қыбырай ауданындағы №23 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің оқытушысы.