СҰРХАНДАРИЯНЫҢ АСА ҮЛКЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ, ҚАЖЫРЛЫ ДА ЕҢБЕКҚОР ХАЛҚЫ БАР
Президент Шавкат Мирзияев үстіміздегі жылдың 16-17 ноябрь күндері аумақтардың экономикасымен, маңызды әлеуметтік бағдарламалардың орындалуымен танысу мақсатында Сұрхандария облысында болды.
Сапардың екінші күні Терміз қаласында құрылған Жастар өнеркәсіп және кәсіпкерлік аймағына барды.
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 21 апрельдегі қаулысына сәйкес, еліміздің барлық аумақтарында жастардың өнеркәсіп және кәсіпкерлік аймақтары құрылуда. Бұл олардың бизнесін бастауға және жүргізуіне негіз қалауда.
Дәл осындай жағдай Терміз қаласының Тинчлик махалласында да жасалған. 2 гектар аумақтағы ғимараттарда барлығы 42 жоба орналастырылды. Олар құрылыс материалдары, химия және мұнай-химия, жиЅаз, тамақ және тоқымашылық өнеркәсібіне қатысты. Коммерциялық банктер арқылы ғимарат сатып алу, құрал-жабдық әкелу, өндірісті бастау үшін Жас кәсіпкерлерді қолдау қорынан жеңілдетілген несиелер бөлінеді. Барлық кәсіпорындар іске қосылғанда 500-ден астам жұмыс орны ашылады.
Мемлекет басшысы мұнда орналасқан кәсіпорындардың өнімдерін аралап көрді. Соның бірі — анар шырынын қадақтап, көрші елдерге экспорттау. Тағы біреуі киім-кешек, кілем тоқып, әйелдерді жұмыспен қамтамасыз еткен.
Президент облыстың әр ауданында осындай өнеркәсіптік аймақтар құрып, елді мекендерде қолөнер мен үй шаруашылығын кеңейту қажеттігін баса айтты. Екі жылдық тәжірибеге сүйене отырып, Сұрхандарияда жастар кәсіпкерлігін дамыту жөнінде арнайы қаулы қабылдап, оған 50 миллион доллар бөлу бойынша ұсыныс әзірлеу міндеті қойылды.
— Бүгінгі кәсіпкер жастар — Жаңа Өзбекстанның болашағы. Олардың білімдері мен талпыныстары жаңа. Сондықтан өнеркәсіптік аймақтарды жастарға беру керек. Ол аудандар үшін дайын “жобалар фабрикасы” болмақ. Жауаптылар тек кәсіпорындардың жаңашылдыққа, базарға шығуына көмектесуі керек. Ең бастысы — құн, сапа, бәсеке, — деді Шавкат Мирзияев.
Сондай-ақ бұл өңір жастарының спорттық шеберлігі зор, бірақ олармен айналысатын спорт түрлерінің шектеулі екені айтылды. Сондықтан Сұрхандария жастарын спортқа тарту жөнінде қаулы жобасын әзірлеу міндеті қойылды. Бұл мақсаттарға 30 миллиард сум бөлу жоспарлануда. “Учқизил” су қоймасында байдарка мен каноэде ескек есу базасы ұйымдастырылады.
Мұнда жергілікті өнеркәсіп өнімдері көрсетілді, инвестициялық жобалар таныстырылды. Сұрхандария облысында жалпы құны 4 миллиард 600 миллион долларды құрайтын 82 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның 4 миллиард доллары тікелей шетелдік инвестиция. Бұл жобаларда энергетика, химия, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс материалдары, тоқымашылық және басқа да салаларда қосылған құны бар өнімдер мен ондаған мың жұмыс орындары ашылады.
Терміз қаласында Президент Шавкат Мирзияевтың қатысуымен Сұрхандария облысының экономикалық және әлеуметтік даму іс-шараларын талқылауға арналған жиналыс өтті.
Аумақ тұрақты дамып келеді. Алда көптеген жоспарлар мен мүмкіндіктер бар. Оның ішінде 3 миллиард 300 миллион долларды құрайтын 4 жаңа ірі өнеркәсіптік жоба қалыптасты. Осылардың есебінен облыс экономикасына жылына 6,5 триллион сум, бюджетке 1,6 триллион сум, экспортқа 100 миллион доллар қосылып, 2 мың жоғары кірісті жұмыс орны ашылады.
Мысалы, Байсундағы 3 миллиард долларлық газ-химия кешенінде жылына 5 миллиард текше метр газ тазартылып, 6 триллион сумдық табиғи газ бен күкірт өндіріледі. Облысқа жылына орта есеппен 120 миллион доллар экспорттық кіріс қосылады. Геологиялық барлау кеңейтіліп, тағы 100 миллиард текше метр газ қоры ашылады.
— Сұрхандарияның экономикалық әлеуеті зор, жерасты және жерүсті байлықтары, қайсар да еңбекқор халқы бар. Қазір бұл әлеуеттің жартысы да пайдаланылмай жатыр. Жағдай жасап, жұмыспен қамтуды, инвестицияны, экспорт пен кірісті еселеп ұлғайту қажет, — деді мемлекет басшысы.
Сондықтан келесі жылы облысқа 1,5 миллиард доллар инвестиция тарту, өнеркәсіпте 12 триллион сумдық өнім өндіру, экспортты 500 миллион долларға жеткізу, импортты 100 миллион долларға азайту міндеттері көрсетілді. 400 мың тұрғынды жұмыспен қамту облыс, аудан әкімдерінің басты міндеті болуы тиіс екені айтылды.
Облысқа инвестиция тарту мен саланы дамытудың ең үлкен резерві — жұмыс істеп тұрған кеніштерді пайдалану екені айтылды.
Жауаптыларға Сарыасиядағы қорғасын, мырыш, алтын және ақ мәрмәр, Байсун мен Сарыасиядағы көмір, Шерабадтағы калийлі тыңайтқыш қорын игеру бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Таулы аймақтарда геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту міндеті қойылды.
Сұрхандария өзінің табиғи топырақ-климат жағдайымен ерте пісетін өнімдер өсіруде бірінші орында тұра алады. Дегенмен, өнімділігі сапалы тұқыммен, көшетпен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне 10 ауданда in vitro зертханалар ұйымдастыру тапсырылды.
Кептіру және сұрыптау қондырғылары мен 70 шағын салқындатқыштар келесі жылы орнатылады. 100 мың гектар жерде ықшам жылыжайлар құрылып, пияз, брокколи, розмарин, руккола, қызыл райхан, жалбыз сияқты экспорттық дақылдар өсіріледі.
Ангор, Жарқорған, Құмқорған, Алтынсайда 6 сақтау, кептіру және сұрыптау орталығын және Терміз ауданында Оңтүстік Кореямен бірге 50 миллион долларлық логистикалық хаб құру туралы шешім қабылданды.
Жіңішке талшықты мақта суды 15 пайызға дейін аз талап етеді және ерте піседі. Сондықтан мұндай мақта сұрыптарының алқаптарын 50 мың гектарға дейін кеңейту, оны өңдеуді 30 пайызға жеткізу, молекулалық генетика мен селекция бойынша бірлескен жоба жасап, заманауи зертхана құруға тапсырма берілді.
Жиналыста су тапшылығы мәселесі де сөз болды. Сұрхандариядағы жердің 80 пайызы насостармен суарылады. Су екі есе қымбаттады, жылына 20 миллион киловатт-сағат электр энергиясы ысырап болады.
— “Су тегін емес” деген ұғымды тұрғындардың санасына терең сіңіріп, оны аудан белсенділерімен, зиялы қауыммен, жалпы жұртшылықпен бірге күнделікті өмірдің заңдылығына айналдыру керек, — деді Президент.
Жауаптыларға су шығыны көп 47 каналды бетондап, 6 каналды жөндеудің екі жылдық бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.
Облыстың туристік әлеуеті де жоғары. 600-ден астам мәдени мұра және туристік бағыттар бар. Қазіргі таңда “Далварзинтепа” жәдігерлігінде ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті.
Осыны жалғастыра келе, Байсундағы “Бойбұлақ”, “Тесіктас”, “Мачай” үңгірлері мен Ұзындара бекінісін осындай мұражайға айналдыру керектігі баса айтылды. Шетелдік ғалымдардың экспедициясы Шерабадтағы “Хатак” үңгірі мен Зараутсай жартасына тартылады. Сангардақ сияқты тағы 10 махалла туристік ауылға айналады.
“Омонхана” шипажайы күрделі жөндеуден өтіп, сыйымдылығы кеңейеді. Тағы бір жаңа шипажай салынады. Байсун, Алтынсай, Сарыасия және Шеробод қалаларында жол, қонақүй және сауда қызметтерінің құрылысы бойынша 200 миллион долларлық жобалар жүзеге асырылады.
Жиында әлеуметтік мәселелерге де ерекше көңіл бөлінді.
Аурулардың алдын алу мақсатында әр махаллада және дәріханада фитобарлар ұйымдастыру, үйде жаттығу бағдарламасы мен дұрыс тамақтану мәзірін әзірлеу маңыздылығы айтылды.
“Байсун”, “Шалола”, “Бойчечак”, “Булбули гуе” сынды көркемөнер ұжымдарының халықаралық фестивальдерге қатысуына қолдау көрсетіп, эпостар мен терминдердің “Алтын қорын” жасау керектігі айтылды.
Сұрхандық жастардың спортқа қатысуын кеңейту үшін арнайы қаулы қабылдау туралы шешім қабылданды.
Жиналыс барысында министрлер мен әкімдердің, зиялы қауым өкілдерінің, кәсіпкерлердің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.
Президент Шавкат Мирзияев Терміз қаласындағы “Indenim Textile” кластеріне қарасты тоқымашылық кәсіпорнының қызметімен танысты.
Бұл кәсіпорын 2019 жылы іске қосылған, оның жалпы құны 10 миллион доллардан асады. Германиядан, Жапониядан, Түркиядан, Қытайдан әкелінген озық технология мен құрал-жабдықтардың арқасында жылына 800 түрлі 9 миллион дана киім-кешек шығару қуаты жаратылады. Оның бір бөлігі экспортқа шығарылса, негізгі бөлігі ішкі базарға — “Indenim” дүкендеріне жеткізіледі.
Мемлекет басшысы кәсіпорындағы жұмыс барысын және өндірілетін өнімдерді аралап көрді.
— Елімізде тоқымашылық шикізаты бар, өнім сапасы да артып келеді. Тек бізде дизайн мектебі жоқ. Қазір әлемде стильдер тез өзгеруде. Біздің киім тігетін кәсіпорындар бәсекеге қабілетті болуы үшін дизайн мектебін дамыту керек, — деді Шавкат Мирзияев.
Осыған орай, мамандарды дайындау сапасын арттыру, мамандарды тәжірибе жинау үшін Италия сияқты дизайн саласы озық елдерге жіберу жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ базарды зерттеп, болжау және бұл тұрғыда кәсіпкерлерге көмектесу қажеттігі айтылды.
Кәсіпорында моноцентр құрылып, жұмысшылар алдымен осында оқытылады. Бүгінде 800 әйел жұмыспен қамтылған.
“Indenim Textile” кластерінің мақта өсіру және қайта өңдеу, келебе жіп дайындау, киім өндіру және сату тізбегі құрылды. Оларда 9 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.
Мемлекетіміз басшысына кәсіпорынның алдағы жоспарлары туралы баяндалды. Алдағы уақытта мата тоқу және бояудың, киім өндірісінің көлемі ұлғаяды. Бұл мақсатқа барлығы 55 миллион доллар инвестиция салынады. Нәтижесінде тағы 10 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Осымен Президент Шавкат Мирзияевтың Сұрхандария облысына сапары аяқталды.