July 7, 2023

ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ШАВКАТ МИРЗИЯЕВТЫҢ ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫНА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНДА СӨЙЛЕГЕН

Құрметті төраға!

Құрметті делегация басшылары!

Шанхай ынтымақтастық ұйымының келесі саммитіне қатысушылардың барлығын шын жүректен құттықтағаныма қуаныштымын.

Мен Үндістан Республикасының Премь­ер-министрі Нарендра Моди мырзаға бүгінгі кездесуімізді ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірілген барлық сөздермен келісемін. Үндістанның ШЫҰ-ға алғашқы төрағалығы сәтті болғанын атап өтеміз.

Біздің көпқырлы ынтымақтастығымыз Самарқант саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес қарқынды дамып келе жатқанын ризалықпен атап өткім келеді. Біз ұйымымызды одан әрі кеңейту және реформалау бойынша қабылданған қаулыларды іске асыруға кірістік.

Сәтті пайдаланып, Иран Президенті Иброхим Раисийге Иран Ислам Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіруіне және осы мемлекеттің ұйымға қосылуына және барлық рәсімдердің аяқталуына байланысты айтылған құттықтауларға қосыламын.

Өзбекстан, сонымен қатар ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Беларусь Республикасының міндеттемелері туралы қабылданған қаулыларды толық қолдайды.

Құрметті мәжіліс қатысушылары!

Бәріміз халықаралық қатынастар жүйесінде жалғасып жатқан түбегейлі өзгерістерге куә болып отырмыз.

Өкінішке орай, геосаяси шиеленістер мен келіспеушіліктердің күшеюі байқалады, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты дамуға қатысты жаңа қатерлер пайда болады, экология, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік саласындағы қауіптер өсуде. Осыған байланысты сындарлы және сенімді диалогты жолға қою шұғыл қажеттілікке айналатыны анық.

Өзбекстан даулар мен қақтығыстарды шешуде, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін оңтайлы шешімдер табуда және қаулы қабылдауда Біріккен Ұлттар Ұйымы орталық болуы керек, деген принциптік ұстанымды ұстанады.

Өткен жылы өзара диалог пен сенім жөніндегі шараларды нығайту мақсатында біз Самарқанттың ортақ қауіпсіздік пен өркендеу жолындағы ынтымақтастық туралы бастамасын ілгерілеткенімізді атап өткен жөн.

Күн тәртібінің жаһандық ауқымдағы ең өзекті мәселелерін талқылау, олардың кең өңірімізге әсерін бағалау және ынтымақтастықта ұсыныстар әзірлеу мақсатында біз БҰҰ-мен, басқа да ықпалды халықаралық серіктестермен бірлесіп, осы бастаманың тұрақты платформасын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Құрметті әріптестер!

ШЫҰ аясындағы көпжақты және көпқырлы ынтымақтастықты дамыту және нығайту жолымен барады екенбіз, бүгін біз ұйымымыздың табысы оның негізгі қағидаттарын қатаң сақтау негізінде қамтамасыз етілетінін жақсы түсінеміз. Бұлар — ұйымның блоктан тыс мәртебесі, ашықтыққа қатаң адалдық, тең құқықтылық және қаулыларды консенсус негізінде қабылдау қағидаттары.

Ең бастысы, біздің ынтымақтастығымыз ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы түрлі мүдделерді, көзқарастарды және мәдени айырмашылықтарды өзара құрметтеуге және сындарлы қабылдауға негізделген.

ШЫҰ-ны дамытудың қазіргі кезеңінде біз оның аймақтық күн тәртібіндегі неғұрлым өзекті мәселелерді шешуде тиімді халық­аралық құрылым ретінде көшбасшылық рөлін сақтау және күшейту өте маңызды, деп санаймыз.

Осыған байланысты біз ұйым аясында қабылданған келісімдер мен қаулыларды түгендеуді, ынтымақтастық институты мен механизмдерінің қызметіне аудит жүргізуді, ұйымымызды жаңғырту бойынша келісімдерді іске асыруды жеделдетуді орынды деп санаймыз.

Біз, сондай-ақ Ұлттық талдау орталықтарын біріктіретін Сарапшылар форумы аясында ШЫҰ болашағы туралы бірлескен зерттеу жобасын жүргізуді ұсынамыз.

Біз келесі саммит кезінде осындай жұмыс­тың нәтижелерін қарастыра аламыз.

Құрметті жиналысқа қатысушылар!

Бүгінгі кездесуіміздің күн тәртібіне сүйене отырып, ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша нақты ұсыныстарымызды атап өткім келеді.

Бірінші. Біз ұйым шеңберіндегі өзара үйлесімділік пен өзара түсіністікті нығайтуды “Шанхай рухына” сәйкес шешуші міндет деп білеміз.

Біз ШЫҰ-ның жақсы көршілік, сенім және трансшекаралық әріптестік кодексін әзірлеу жөніндегі бастамасын ілгерілетеміз. Бұл құжатты қабылдау жаңа жағдайларда басымдықтарды анықтауға, көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша жалпы жанасулар мен кешенді шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Екінші. ШЫҰ аймағы — бұл ұзақ мерзімді болашақта біздің ұйымға кіретін барлық елдердің тұрақты дамуы үшін экономикалық мүмкіндіктердің орасан зор аумағы, платформа және ресурстық база саналады.

Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша әлемдік жалпы өнімнің шамамен үштен бірі, тікелей шетелдік инвестициялардың шамамен 27 пайызы және әлемдік сауданың 20 пайызы ШЫҰ-ға тиесілі.

Біздің ұйымға мүше мемлекеттер өнеркәсіптік және инновациялық даму көрсеткіштері бойынша көш бастап келеді, орасан зор зияткерлік әлеуетке, энергетика және аграрлық саладағы бай ресурстарға ие.

Осыған байланысты бүгінде ішкі, яғни аймақтық сауда мен өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастықты дамыту үшін ортақ кеңістікті қалыптас­тыру жөніндегі бастаманы ілгерілету бұрынғыдан да өзекті болып отыр.

Мен үкіметтеріміз бен жауапты кеңселерімізге ШЫҰ-ның инновациялық дамыту, цифрландыру және роботтандыру, жасанды интеллект, биотехнология, фармацевтика және өнеркәсіптің басқа да болашағы зор салаларын қамтитын Жаңа экономикалық диалог бағдарламасын қабылдау туралы мәселені қарауды тапсыруды ұсынамын.

Осындай жобаларды ілгерілету мақсатында біз Өзбекстанда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер аймақтарының инновациялық серіктестігі апталығын жоғары технологиялардың бірлескен көрмесімен бірге өткізуге ниеттіміз.

Үшінші. ШЫҰ кеңістігінде көлік және коммуникациялық байланыстарды нығайту бойынша кешенді іс-шаралар қабылдау маңызды.

Қазіргі уақытта біз Солтүстік — Оңтүстік және Шығыс — Батыс магис­траль жолдарын дамыту бойынша бірқатар стратегиялық жобаларды белсенді түрде ілгерілетіп жатырмыз. Осыған байланысты Қытай — Қыр­ғызстан — Өзбекстан теміржолын салу жобасы бойынша практикалық жұмыстың басталғанын атап өткім келеді. Біз осы бағыт бойынша, сондай-ақ Ауғанстан арқылы Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс базарларына апаратын Иран мен Пәкістан порттары бағытында мультимодальды тасымалдауды дамытудамыз.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жобаларды іске асыру жүк тасымалдау көлемін бірнеше есеге арттыруға, сондай-ақ көлік шығындарын үштен біріне азайтуға мүмкіндік береді.

Біз ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көлік саласындағы өзара байланысының бірыңғай картасын әзірлеген жөн деп санаймыз. Бұл қолданыс­тағы “кедергілер” мен “олқылықтарды” анықтауға, ортақ, өзара интеграцияланған көлік-транзит жүйесін қалыптастыру жөніндегі басым іс-шаралар мен жобаларды айқындауға мүмкіндік береді.

Біз бұл мәселелерді ірі көліктік-логистикалық компанияларды, операторлар мен экспедиторларды, талдаушылар мен осы саладағы мамандарды кеңінен тарта отырып, елдеріміздің көлік министрлерінің келесі кеңейтілген кездесуінде егжей-тегжейлі қарастыруды ұсынамыз.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының басшылығымен Өзбекстанда Аймақаралық байланыс орталығын құру жөніндегі бастамамызды да қолдайды деп үміттенеміз.

Төртінші. Мен “жасыл” күн тәртібіне қатысты мәселелерге тоқталғым келеді.

Бүгінде біздің барлық елдеріміз осы бағытта үлкен жұмыс атқаруда. Дегенмен, ШЫҰ кеңістігінде климаттың өзгеруіне бейімделу, декарбонизациялау және “таза” технологияларды енгізу, “ақылды” ауыл шаруашылығын дамыту және суды үнемді пайдалану мәселелері бойынша одан да тығыз үйлестіру және іс жүзіндік ынтымақтастық қажет.

Біз ұйымымыздың кеңістігінде келесі жылды Экология жылы деп жариялауды қолдаймыз.

“Жасыл белбеу” бағдарламасы аясында Аймақтық экологиялық жобаларды қолдап-қуаттау және “жасыл” технологияларды енгізу бо­йынша бірлескен іс-қимыл жоспарын дайындауды ұсынамыз. Бұл жұмыс­ты Өзбекстанда құрылып жатқан Орталық Азия қоршаған ортаны зерттеу және климаттың өзгеруі университетінің базасында ұйымдастыруға болады.

Бесінші. Азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты қатерлердің артуына байланысты біз осы мәселе бойынша Өзбекстанда осы жылдың сентябрінде Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен бірлесіп халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз.

Бұл шараның жеке сессиясы осы мәселені жаһандық дәрежеде шешуге іс жүзіндік үлес қосудың жалпы қағидаттары мен жанасуларды әзірлеу мақсатында ШЫҰ елдерінің ынтымақтастығына арналады.

Біз сіздердің елдеріңіздің делегаттарын осы конференцияға белсенді қатысуға шақырамыз.

Алтыншы. Туризм саласындағы ынтымақтастық басты басымдықтардың бірі болып табылады.

Қазіргі уақытта сапалы және қолайлы бағамен әмбебап туристік өнімдердің жетіспеушілігі анық байқалуда.

ШЫҰ аймағында Туризмді дамыту жылында біз туристік әкімшіліктер, жетекші операторлар мен авиакомпаниялар арасындағы байланыстарды жандандыруды қолдаймыз.

Осы жылдың октябрь айында Самарқант қаласындағы “Жібек жолы” халықаралық университетінде өтетін Дүниежүзілік туристік ұйым Бас ассамблеясының мерейтойлық сессия­сы шеңберінде ШЫҰ туризм индус­триясын дамыту бойынша бірлескен ғылыми-практикалық конференция өткізуді ұсынамыз.

Жетінші. ШЫҰ елдері бай мәдени және гуманитарлық әлеуетке ие.

Осы бағытта үйлестірілген саясатты жүзеге асыру елдеріміз бен халықтарымызды жақындастырады деп сенеміз.

Осыған байланысты біз белсенді мәдени алмасулар бойынша жыл сайынғы күнтізбелерді қалыптастыру тәжірибесін енгізуді ұсынамыз. Осы күнтізбеден халықтарымыздың бірегей тарихи мұрасына арналған бірлескен көрмелер, тікелей және электрондық платформалардағы концерттер, театрлық гастрольдер, форумдар, кинофестивальдар мен тұсаукесерлер өткізіледі.

Ғылыми және білім беру бағдарламаларын кеңейту, халықтарымыздың әдеби мұрасын ұйымға қатысушы елдердің тілдеріне аудару және басып шығару бойынша жүйелі жұмыс жүргізу маңызды.

Сондай-ақ “ШЫҰ — озық идеялар мен болашақ бастамалар кеңістігі” тақырыбында жас­тар арасындағы диалогты кеңейту бойынша шаралар бағдарламасын дайындау жөніндегі бас­таманы алға тартамыз.

Сегізінші. Елдеріміздің тұрақты дамуы аймақта бірыңғай және бөлінбейтін қауіпсіздікті қамтамасыз етумен тығыз байланысты.

Мен әріптестерімнің ШЫҰ-ның Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының қызметін жандандыру жөніндегі бастамаларын қолдайтынын қуана атап өткім келеді.

Біз Аймақтық терроризмге қарсы құрылым кеңесінің көшпелі отырыстарын өткізу тәжірибесін жалғастыруды қолдаймыз. Бұл қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге тез жауап беру үшін осы құрылымның әлеуетін арттыруға қызмет етеді.

Сондай-ақ көпжақты маңызды құжаттарды — Ақпараттық технология­лар саласындағы қылмыстарға қарсы күрес бойынша ынтымақтастық туралы келісімді және ШЫҰ кеңістігінде экс­тремистік идеологияға қарсы күрес жөніндегі бірлескен бағдарламаны дайындауды және қабылдауды жеделдету қажет, деп санаймыз.

Бұл құжаттарды іске асыру радикалданудағы қатерлерге лайықты жауап болуы керек, арандатушы күштердің өз идеологиясын, ең алдымен, жастар арасында тарату әрекеттерін бейтараптандыруы керек.

Құрметті әріптестер!

Біздің күн тәртібіміздегі тағы бір маңызды мәселе — Ауғанстанда жал­ғасып жатқан күрделі жағдай.

Өкінішке орай, бұл елдің проблемасы мен ауған халқының трагедиясы халықаралық күн тәртібінде екінші орынға қойылды. Халықаралық деңгейдегі барлық кейінгі әрекеттер күтілетін нәтиже бермеді. Бұған Ауғанстан халқының өсіп келе жатқан әлеу­меттік жағдайы дәлел. Оның үстіне, бұл елге көрсетілетін гуманитарлық көмек көлемі айтарлықтай қысқарды.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде Ауғанстан үкіметімен сындарлы диалог құру арқылы ғана бұл мәселенің шешімін таба аламыз деп санаймыз.

Бұл көбінесе Ауғанстанның жақын көршілері мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттерінің саяси ерік-жігеріне байланысты, олар ұзақ мерзімді саяси шешім табуға мүдделі.

Осыған байланысты “ШЫҰ — Ауғанстан” диалогтық тобы форматында бірлескен істер мен кеңесулерді қайта тіктеу орынды деп санаймыз.

Құрметті делегация басшылары!

Құрметті достар!

Сөзімнің соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалықты қабылдап алуына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа айтылған құттықтаулар мен тілектерге қосыламын.

Біз сіз жариялаған ауқымды бағдарламаны іске асыруда тығыз ынтымақтастыққа дайынбыз.

Өзбекстанда өтетін президенттік сайлауға орай айтқан жылы сөздеріңіз және сәттілік тілегендеріңіз үшін сіздерге шын жүректен ризамын.

Кездесуіміздің нәтижелері, бүгін алға қойылған бастамалар, қабылданатын маңызды қаулылар ШЫҰ кеңіс­тігіндегі көпқырлы серіктестікті одан әрі кеңейтуге, халықтарымыз арасындағы өзара келісім мен достықты одан әрі нығайтуға қызмет ететініне сенімдімін.

Назарларыңызға рақмет.