September 16, 2023

АДАМНАН ӨЗГЕШЕЛІГІ ЖОҚ  

Биыл ерте көктемнің күндерінде базарларда гүлдердің, әсіресе үй гүлдерінің бағасы қымбат екен деген сөздер жиі құлаққа шалына бастады. Себебі биылғы қыстың аязды келіп көшеттердің, гүлдердің үсік шалуы бағаның қымбаттауына әсер етіпті. Айтса, айтқандай-ақ бұл жағдай, яғни гүлдерге суықтың әсер етуі үйде де, тіпті жұмыс орындарында да болды. Дегенмен қазіргі кезде базарға немесе гүл сататын дүкендерге барсаңыз жайқалып өсіп тұрған гүлдің түрі көп. Қарасаң көз тоймайтындай, бірінен бірі әдемі, түрлі-түсте ашылып тұр. Күн сәулелі өлкемізде өсірілмейтін гүлдің өзі жоқ шығар.

Өсімдіктер, гүлдер тек әдемілік сыйлап қана қоймай, адамның денсаулығына жақсы әсерін тигізеді. Гүл өскен ортада тазалық, татулық пен бірлік, жақсылық пен жомарттық болары сөзсіз.

Мамандардың айтуынша, кейбір гүлдерді үй дәрігері деп те айтуға болады екен. Бұған дәлел ретінде көпшілігіміздің, әсіресе гүл өсіруге қызығатын жандардың терезе тұсынан табыла қоятын мына гүлдердің түрлерін келтірген жөн болар. Мәселен, қазтамақ (герань) — ең жағымды гүлдердің бірі. Оның 280 түрі бар. Гүлдің барлық түрі фитоцинттер (өсімдіктен шығатын бактерияларды жоятын зат) ауадағы зиянды микробтарды өлтіреді. Әсіресе иісті қазтамақ өте пайдалы, ол ұйқысыздықта, жүйке жүйесі мен қан айналымын жақсартуға пайдалы. Қазтамақ тұрған жерде ұрыс-керіс болмайды, болған жағдайда да бұл гүл адам жүйкесіне әсер ететін зат бөле бастайды. Көпке дейін суармасаң, “ренжіп”, көпке де­йін гүл ашпайды. Бұл жылусүйгіш гүл.

Шегіргүл (фиалка) — адамдағы ынтымақтастық пен тыныштықты арттыру қабілетіне ие. Оның 500-ге жуық түрі бар екен. Халық медицинасында кеңінен қолданылады.

Шеффлера (Schefflera немесе қолшатыр ағашы) — темекі тартатындардың бөлмесінде немесе жұмыс кабинетінде өсіруге болады. Бұл өсімдік темекі түтінінің құрамындағы никотин мен смоланы өзіне жылдам жұтады.

Кактус ауада жиналған радиацияны бойына сіңіреді. Ауасы таза, кең бөлмеде гүлдейді. Кактустың бұта, ағаш, лиана тәрізді түрлері болып, 220 туысы, 3000-дай түрі бар екен. Қызықты мәлімет, мысалы, кактусқа түу түрі қандай сүйкімсіз деп айтар болсақ, бойынан алькогольдік улы қоспалар бөліп, адамды ішімдікке итермелейді екен. Содан адамдардың ішімдікке әуестенгенін ғалымдар анықтап отыр.

Толстянка немесе крассула (жасаң шөп) — ақша, табыс, байлық гүлі. Мұны халық арасында доллар гүлі деп те аталады. Бұл гүл жұқпалы ауруларға ем. Күннен қорғап, терезе алдына қойған жөн. Крассула ауаны тазартып, көңілді көтеріп, адамға күш-қуат береді екен.

Фикус қызғаншақ гүл. Бұл гүл адамды мазасыздықтан арылтып, сабырлылыққа шақырып ашуды басады. Ең көп тараған бөлме гүлі. Оның 1500-2000-ға жуық түрі бар. Фикус гүлін ас бөлмеде, терезесі тас жолға қарайтын бөлмелерге қою керек. Бөлме ішін ылғалдандырып, шаң-тозаңнан сақтайды. Жатын бөлмеге қоймау қажет. Өйткені күндізгі өз бойына сіңірген көмір қышқыл газын түнде кері шығарады.

Алоэ — үй гүлдерінің патшасы. Отаны Африка. 400-ге тарта түрлері бар: алоэ вера, шұбар алоэ, ағаш тәрізді алоэ, қорқынышты алоэ. 3-5 жылдан асқан алоэны емге пайдаланады. Гүлдің басты қасиеті ауаны тазартып, бақытсыздықтан қорғайтын гүл деген наным-сенім бар.

Папоротник — үй ауасын тазартып, вирусқа қарсы үйдегі теріс энергияны өзіне тартады.

Аспарагус — ауадағы кері әсерлерді жояды. Адамның көңіл күйін жақсартып, сенімділік сезімдерін қалыптастырады. Белсенді, тынымсыз адамдар өсірген дұрыс.

Ұлыбританияның биолог мамандары “өсімдіктердің адамнан өзгешелігі жоқ, олар да адамдар сияқты көреді, иісті сезе алады, оларда есіту қабілеті мен дәм сезу қасиеті дамыған” деп тұжырымдаған. Иіс сезу арқылы өсімдіктер бір-бірімен араласады. Олардың есіту қабілеті бар екені ғылыми түрде дәлелденген. Тіпті гүлдер әуенді де жақсы қабылдайды екен. Сондықтан үйдегі гүлдермен сөйлескен дұрыс. Нәтижесінде әдемілік пен қуаныш сыйлары сөзсіз.

Гүлге қызығатын, гүл өсіретіндердің арасында гүл де жер, адам таңдайды, гүлді әркім де өсіре алмайды деген сөздер жиі айтылады. Жоғарыда келтірілген мәліметтен бұл сөздердің қаншалықты шындыққа жанасымдылығын көруімізге болады.

Тағы бір қызықты фактіге сүйенсек, өсімдік қобалжуға бейім болып, адам мен өсімдіктердің арасында көрінбейтін белгісіз бір байланысты орнатады екен. Сондықтан көңіл күйлеріңіз болмаса, өсімдіктер мен гүлдердің арасында жүру адамға оңды әсер етеді екен. Тіпті адам ауырып қалғанда сүйікті гүлдеріңіз де ауырады, тіпті кейде өліп қалады. Міне осыдан барып, адам жаны мен өсімдіктердің байланысын байқауға болады. Өсімдіктердің “миы” тамырында орналасқан ол жүректің сіңірі сияқты, жұмылып, шашылып тұрады деген дәлел бар. Адамдар табиғаттан ала алмаған әсерін өсімдік арқылы ала алады. Сондықтан экологтар кеңсеге, үйге гүл өсіруге кеңес береді.

Қорыта айтқанда, гүл табиғаттың еркесі, әдемілікті толықтыру үшін адам баласына барген тамаша татуы. Ал, сол әдемілікті қолдан жасау өз қолымызда. Жоғарыда айтқандай, бұл тек әсемдік қана емес, адам үшін пайдалы толған дүние екенін ұмытпайық.

Гүлжамал БАЙТӨРЕЕВА