ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ҚАЖЕТ
Қазіргі күндегі проблемалардың бірі — отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі. Қоғамда зорлық-зомбылыққа жол жоқ. Заңдылықта бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәніне және психикалық ықпал жасауы зорлық-зомбылық деп сипатталады.
Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар азаматтарды алаңдатпай қоймайды. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, қыз-келіншектер арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта отбасылық қылмыстық әрекеттердің алдын алу мақсатында Тамды ауданындағы барлық ауылдарда профилактикалық шаралар өткізілуде.
Осындай шаралардың бірі аудандағы “Тамдыбұлақ” және “Шарқ” ауылдық азаматтар жиынында өткізілді. Шараға шақырылған ауыл тұрғындары және Олий Мажлис Сенатының мүшесі З.Түлекова, аудан әкімінің орынбасары, отбасы және қыз-келіншектер бөлімінің бастығы А.Доспанбетова, аймақтық реабилитация бөлімінің меңгерушісі А.Құшақбаева қатысты.
Шарада тұрғындар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан Өзбекстан Республикасы заңдарының, Президент қаулысының орындалуы жайлы шара қатысушыларына баяндама оқылды. Қоғамда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың жолын кесуге, ана мен баланы қорғауға, аймақта отбасының рөлін күшейтуге бағытталған және “Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн” акциясы аясында өткізіліп жатқан шаралар жөнінде мағлұматтар берілді. Елімізде жанұяда кездесетін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себебі маскүнемдік пен жұмыссыздық және де себепсіз қызғанудың салдарынан қыз-келіншектер зорлық-зомбылық құрбанына айналып келуде. Әйелдер өзіне қол жұмсаған адаммен бір шаңырақтың астында тұрып, баспанасыз қалудан, бірі отбасы жағдайының төмендігін ойласа, енді бірі берекесі кеткен шаңырақтың одан әрі шайқалып кетуінен қауіптеніп ішкі істер органдарына хабарласуға қорқып, көрсетілген зәбірлерге амалсыздан шыдап келеді.
Осыған орай Өзбекстан Республикасында отбасын зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында және де қыз-келіншектерге құқықтық жәрдем алу үшін қысқа санды 1146 және 1259-санды сенім телефондарына қоңырау шалу мүмкіндігі бар. Әрбір шағым сыр сақталуы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.