ӘДЕП, ӘДЕТ ЖӘНЕ ДӘСТҮР
Азия халықтарының, әсіресе, Орта Азия мен Таяу Шығыс мемлекеттерінің ішінде мұсылман халықтарының әдебі, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері бір-біріне сәйкес келетіні де, сәйкес келмейтіндері де бар. Өйткені ол халықтардың тұрмыс-тіршілігі мен өмір сүру жағдайлары, табиғат әлемі ерекше болғандықтан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары өзгеше болатыны белгілі. Сондықтан мақаланың негізгі мақсаты — әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлердегі кейбір ерекшеліктер жайлы және қазіргі таңда кейбір ұлттарда (халықтарда) қалыптаса бастаған әдеттер туралы оқырман қауымды құлақтандыру.
Заман ағымына қарай (Кеңестік кезең кезінде) қоғамымызда рухани байлығымыз саналған ата дәстүрімізде тоқырау, шегіністер болғаны шындық. Ұлттық саясатымыз бұрмаланып, ұлттардың бірігуі секілді бұрыс саясат үстемдік байқатып, ұлттық мәдениет, өнер, ана тіліміз бен ата салтымыздың дамуына тұсау болмады деп кім айта алады? Кеңес одағының соңғы жылдары белең алған ата салтымыздан ұзақтап, салт-дәстүрлеріміздің ұмыт болуы, тіпті кейбір қалыптасқан әдет-ғұрыптардың жоғалып-жойылуына да жеттік. Әлеуметтік жағдай жақсарып, тұрмыс-тіршілік оңалған сайын жастарымыздың арасында жаман әдеттер бой көтере бастағанына нендей себептер болды екен? Ол, әрине, батыс елдерінің біздің халықтың тұрмысына, өміріне сай келмейтін жаман әдеттері дей аламыз.
Ал енді, негізгі тақырыпқа оралатын болсақ, бірінші әдеп жайында сөз етуге тура келеді. “Адаб” — арап сөзі болып, ол тәрбиелілікті, білімділікті, адамгершілікті, жалпы мәдениеттілікті білдіретін термин. Бізде ол әдептілікті байқатады. “Әдепті жан екен, әдепті бала немесе қыз” екен деп халық текке таңданбаса керек. Тіпті әдепті әулет, әдепті ел, әдепті халық деп те аталатыны өтірік емес. Әдепті болу тәрбиеге байланысты әрине. Ол ата-анаға, балабақшаға, мектепке, қоршаған ортаға байланыстылығы белгілі. Әдепті атану, мәдениетті болу үшін күнделікті тұрмыстық өмірде ежелден қалыптасқан әдетті мықты ұстану (қолдану) қажет екендігін жоққа шығаруға болмайды. Жас ұрпақ өз отбасында ата-әжеден, әке-шешеден, жалпы елінен ұлт әдебін (этикетін), әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы үйренбей (ұстанбай) тұрып әдепті болуы екіталай. Егер жастар өз ұлтына тән әдет, дәстүрлерді ұстана алатын болса ғана әдепті жас екен деп айтуға болады. Расында да, егер әрбір жас ұрпақ әдепті болатын болса, оның отбасы, махалласы, ауылы, тіпті елі де әдепті халық атануы мүмкін емес пе?
“Этикет” деген термин Еуропадан өткен болып, ол “әдеттердің (әрбір халықтың өз түйсігі бойынша) дұрыс саналғанын қағида ретінде қабылданған рәсім” дегенді білдіреді. Өкінішке орай, соңғы кездерде халқымыздың өзіне тән кейбір әдеттері мен дәстүрлері жойылу қарсаңында десек, жаңсақтық болмас. Жойылу қарсаңында емес-ау, жойылып та болды деуіміз мүмкін. Керісінше, кейбір жағымсыз әдеттер қалыптаса бастаған сияқты. Мысал ретінде айтатын болсақ, сүндет тойы, үйлену мен қыз ұзату тойларын алайық. Қыз ұзату тойында өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін сақталып келген қазақ халқының өзіне ғана тән қыз жеңгесінің арнайы жасандырылған атқа мініп, ауылма-ауыл аралап жүріп тойға, қыз-жігіттердің “өлең-айтысына” шақыруы өмірден өшкені анық. “Қыз сыңсуы” да жойылған сияқты. Қыз сыңсығанда қазақ оның, яғни қыздың “жылауын” тұрмыс құруға қарсы екен деп түсінбеген. Қыз өзге елге аттанар алдынан елімен, әке-шешесімен, аға-інілерімен, әпке-сіңлілерімен, жалпы жұртпен сыңсу арқылы қоштасқан. Осы сияқты ата салтымыздың құрдымға кетіп бара жатқаны өкінішті. Тұрмысқа шығып жатқан қыздың киінуін сөз етер болсақ, еуропа елдерінен біздің тұрмысымызға еніп болған той киімдерінсіз өткен тойды көргендер бар ма екен? Әрине, жоқ. Бірақ соңғы кездерде жағдай дұрыс жағына өзгеріп жатқан сияқты. Бұл — өте қуанышты құбылыс.
Қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары бар. Сол салт-дәстүрлердің бірі халқымыздың ұлын үйлендіру тойы. Ата-бабаларымыз жастарды үйлендірмес бұрын жас жігітке екі түрлі шарт қоятыны ежелгі үрдіс. Оның бірі — қалыңдықты жеті ата арыдан іздестіру болса, екіншісі, олардың жас айырмашылығы ескертілген. Қаны жақын туыс адамдардың бас қосуына мүлдем мүмкін еместігі дәстүріміздің озық тұсы деп айта аламыз. Өйткені қаны жақын туыс жандар үйленсе, олардан туылған балалардың ақыл-есі дұрыс бола бермейтіні белгілі. Мұны медицина да дәлелдеп отыр. Жеті атасына дейін қыз алыспау дәстүрін көп ғасырлардан бері берік сақтаған қазақ елі Есім хан тұсында мұсылмандықты әкелген арабтардың жақындарына үйлене беретін әдеттерін қате деп біліп, ол бұрыс әдеттен қатты сақтанған. Сондықтан Есім хан мынадай заң шығарған екен: “Туыстық араға жеті ата толғанша үйленуге болмайды. Егер кімде-кім жарлықты бұзса, өлім жазасына кесілсін”. “Есім ханның ескі жолы” деген сөз сол кезден бастап арамызға енгені түсінікті болып отыр. “Жеті атасын білу” дәстүрі қазақтың әрбір отбасында сақталуы — үлкен мағынаға ие. Бұл — әрбір қазақ азаматының ата-тегін білдіретін төлқұжаты іспетті. Осы жақсы дәстүрді, әдетті ұстана білмеген кей ұлт өкілдері бұл жаман әдеттің зардабын көріп те жатыр. Мұндай дәстүрді берік ұстанған грузиндер мен армяндар туыстық араға 9 ата салып үйленсе, қырғыздар 4 атаға дейін қыз алыспайды екен. (“Наурыз” жаңғырған салт-дәстүрлер. Алматы, “Қазақстан” 1991)
Үйлену тойындағы тағы бір айта кететін жағдай — “қалыңмал” мәселесі. Қалыңмал дегенде оған дұрыс түсінілмей жүрген кездер (заман) болды. Қызды сатып алады екен деген жаңсақтық ұғым Кеңес одағы орнағаннан кейін-ақ басым болды. Қалың малға берілетін мал-дүние, ақша болсын, ол қыздың жасауына, сәукелесіне, т.б кәделі алыс-берістерге жұмсалатын қаражат екендігіне мән берілмеді. “Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз той болмайды” деген сөз осындай жағдайлардан кейін пайда болмағанына кім кепіл бола алады екен? Қазақ қызын ешқашан жасаусыз шығарған емес. Жасау беру — әке-шешенің парызы, міндеті. Осы жерде бір айта кететін жәйт — қыз алып қашу мәселесі. Қызды қазақ жігіттері неге алып қашқан? Ол баршаға аян шығар. Ауқатты бай адамдар қызын кембағал жігітке бермеген. Сондықтан бірін-бірі сүйген жастар сол “қыз алып қашу” деген жағымсыздау әдетті өмірге әкелген. Ал енді, қазіргі таңда жігіттер танымаған, бұрын көрмеген қыздарды зорлап көлікке салып, алып қашуды әдетке айналдырып алғандарын көріп жүрміз.
“Ата дәстүрдің дұрысы да, бұрысы да болады” демекші, алдымыздағы жылдардың талабы мен мақсатына сай салт-дәстүріміздің жағымсыз саналғандарын тастап, дұрыс делінгенін жаңғыртып, алға басу баршамызға ұлы міндет екенін мойындауымыз керек. Қазіргі таңда барша тойларда екі жақтың туған-туыстарына, нағашы жұрты жағындағы азамат-азаматшаларға, екі жастың жора-жолдастарына, тағы басқа адамдарға той бастаушының сөз беруі тойға барған жұртты зеріктірері айдан анық. Төрге шыққан құттықтаушылардың саны 25-30 адамнан асып кетеді. Барлығының айтар сөзі — алғашқы құттықтаушының сөзін қайталау. Оларды тыңдап отырғандардың өзі жоқ. Айта берсең, осы сияқты жағымсыз әдеттер көп-ақ. Сонда, дұрыс болатын, халыққа жағымды болып көрінетін әдетті неге қалыптастырмаймыз?
Жалпы қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері жайында жазылған Қ.Арғынбаевтың “Қазақ халқындағы жанұя мен неке”, Алматы, 1973 жылғы шыққан кітабынан көре аламыз. Салт-дәстүрлер туралы кезінде Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан және шетелдік этнографтардың еңбектерінен көреміз. Халықтардың қонақ күту дәстүрі және көптеген әдет-ғұрыптары бір-біріне сәйкес келетінін байқауға болады. Әсіресе, қонақ күту дәстүрі көп халықтарда бір-біріне өте сәйкес келетіні халықтар арасындағы жақындықты, достықты, мейірбандықты одан ары жақындата түсуге үндеген сияқты болып тұрғаны түсінікті-ақ. Азия халықтарының, әсіресе Орта Азия мен Таяу Шығыс халықтарының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің жақындығы халықтар арасындағы достық қарым-қатынастарын нығайта түсуге жол ашатыны анық.