ЖАҚСЫЛЫҒЫҢ МОЛ БОЛСЫН, ЖАҢА ЖЫЛ!
Көңіліме қуаныш, шаттық сезімін ұялатып, жүрегіме жылулық себетін мерекелердің бірі — Жаңа жыл. Әлем халықтары үшін ортақ мереке болғандығына қатты қуанамын. Бұл ғажайып мереке жақындаған сайын қоршаған ортада өзгерістер болып, яғни жасыл шыршалар жылтыраған түрлі ойыншықтармен, қаладағы көшелер түрлі оюдағы жарықтармен безендіріледі. Адам көрсе көзі қуанатын көрініске риза болып, күллі әлем бейнебір ертегілер әлеміне саяхат жасап жатқандай күй кешесіз. Сондай сезімнің жетегінде әрбір отбасы тәттіге, түрлі тағамдарға толы ақ дастарқан басына жиналып, қызықты әңгіме-дүкен құрып, ақ ниетпен жаңа жылдан ақ
Өткен жылда орындалмаған ізгі армандар осы жылы орындалса екен деп тілейді. Сол отбасылардың қатарында өзін тұтас бір отбасы санайтын “Нұрлы жол” газетінің ұжымы да Жаңа — 2024 жылды жайсаң көңіл күймен қарсы алды. Биылғы Жаңа жыл күнгі ауа райы жылы келіп, айнала ақ көрпеге оранбады. Десек те, мерекелік кеште әріптестеріміздің көңілдеріне аппақ қардай ақ арман ұялап, ақ тілектерін айтып, бірін-бірін құттықтап жатса, Бас редакторымыз Ғұламзәкір Юсупов ұжымымызға ізгі тілектерін жеткізіп, сыйлықтарын тарту етіп қуаныш сыйлады. Ұжымымыз қызметкерлері ағамыздың қазіргі басқарып отырған кезеңін “Қойдың үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман, мамыражай заман”, — деп дәріптейді.
Жаңа жыл қарсаңында адамзат осы жылда болған өміріне қорытынды жасап жатады. Біз де өткен күндерімізді ой елегінен өткізіп, қол жеткізген жетістіктеріміз бен мерейлі мақтаныштарымызды сіздермен бөлісуді жөн көрдік. Ендеше — Жақсылығың мол болсын, Жаңа жыл! — дей отырып, газетіміз журналистерінің өткен жылдағы игі істері мен табыстарын саралап айтайық.
Редакциямызға жұмысқа енді ғана кірген бойдақ жас кадр: — “Нұрлы жолда” жұмыс істейтін әйелдер күйеулерінен қорықпай ма? Сіздерді олар ұрыспай ма? — деп сауал берген болатын. Оның таңданатынындай да бар еді. Өйткені газет шығатын күндері ақпарат кешігетіндіктен кейде жұмыс кеш бітіп таңатар болады, ал қалыпты жағдайда түннің жарымында үйге қайтамыз. Біз: — “Жұбайларымыздан қорықпаймыз, оларды қайта біз ұрысамыз”, — деп әзілдесетінбіз. Алғаш келгенінде жоғарыдағы сөздерді айтып таңғалып жүрген Рүстем Төлегенов талай-талай іссапарға шығып, мардымды мақаласының, еткен еңбегінің арқасында “Алтын қалам” сыйлығының иегері болды.
Ендеше біраз шегініс жасап, “Нұрлы жолдағы” ұстаздарымызды еске алайық.
Мен жұмысқа келерде Амангелді Сейдахметов ағайдың дауысын телефон арқылы есітіп, радиодағы диктордың дауысындай керемет екен деп таңғалғанмын. Ол кісі Журналистер одағының мүшесі, “Шухрат” медалінің иегері болды. Ұжымымыздың жасын да, кәрісін де “сіз” деп сыйлайтын, биязы мінез бен мәдениеттіліктің ең жоғары үлгісін сол кісіден көрдім. Бас редактордың орынбасары болған соң сұрануды сол кісіден сұранатынбыз, өйткені “жоқ” деген сөз аузынан шықпайтын. Жаңаны жақтаушы, жақсылықты қолдаушы ағамыз тұшымды да тартымды өткір тақырыпта мақала жазсақ, газет шыққан бойы қоңырау соғып құттықтайтын. Соған қуанып, марқайып қалатынбыз. Жаны жаннатта болсын, марқұм ұстазымыздың.
“Нұрлы жолды” 11 жылға жуық басқарған Қалдыбек Сейданов қаламы қарымды журналист, бірнеше кітаптардың авторы. Шығармашылық жолда өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, өмірдің әр саласында қалам тербейтін, “кеңге — кең дүние, тарға — тар дүние, қалқам”, — деп еркелететін пейілі кең, көңілі дархан ағамыз қашанда аман болсын.
Ақан Ташметов редактор болып келгенінде ол кісіні біз, кейінгі жастар қорқа да үрке қарсы алғанбыз. Сөйтсек, жұмысты орнымен талап ететін, журналистиканы жан-тәнімен сүйетін адам екен. Өзі жоспар жасап, бізді жанды мақала жазуға үндейтін. — Журналист батыл болуы шарт, әкімдердің есігін теуіп аша алсаң, әділдік пен шындықты шыңғырта жаза алсаң ғана нағыз журналист бола аласың. Мінез болу керек журналисте, — дейтін мінезді қаламгер ағамыз. Үйретері бар, қай сала болмасын бағыт бере алатын редактор әркімнің өзіндік стилін қалыптастыра білді. Көбіне сыни мақалаларды жазуды талап ететін. Сол мақалаларды тиісті министрліктерге жіберіп, жауаптарын да газет бетінде жариялайтынбыз. Сол кездерде газетіміздің абыройы асып, мәртебесі биіктей түсті. Сыни мақалаларды жазуға берген тапсырманың артында өзі тұратын. Ол да — ерлік. Ұстазымыздың тапсырмасымен “Гаражда оқып жатқан балалар”, “...Қоқыс жанып жатыр”, тағы басқа да көптеген сыни мақалаларым жарыққа шықты. Сол еңбектерімнің арқасында кезінде “Атиргул” байқауының жеңімпазы, 2004 жылы “Шухрат” медалінің, 2023 жылы “Достық” орденінің иегері атандым. Осыған орай қызметіміздің биік шыңына шықтық десек, артық айтқандық болмас. Әріптестерім Қатира Нұрбаева Өзбекстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, Әзиза Айқожаева “Шухрат” медалінің, “Достық” орденінің, Райхан Бабатаева, Жаннат Молдашевалар “Шухрат” медалінің иегерлері. Әрине, бұл марапаттардың астарында ерен еңбек жатыр. Бұл кісілер өз өмірлерін газет үшін арнаған, ісіне адал берілген, интеллектуалдық, психологиялық, шығармашылық қабілетін толық пайдаланып, табандылығымен, істемпаздығымен оқырман қауымға танылған қызметкерлер.
Журналистика көп ізденісті, сол жұмысқа деген сүйіспеншілік пен махаббатты талап ететін мамандық. Ізденген, талпынған, білімді, сөзге шебер журналист қана өзекті тақырыпты көтеріп, сол проблеманы шеше алады. Осы жолда еңбектеніп жүрген тілшілеріміз Арухан Ақпанбетова, Айгүл Тешебаева, Гүлжамал Байтөреевалар “Жылдың ең жақсы журналисі” байқауының жүлдегерлері, Әлия Әбдірахманова “Ең ұлы, ең ғазиз” байқауының жеңімпазы. Құттыбай Башаров тың тақырыптардағы мақалаларымен көзге көрінген кәнігі журналист. Бекболат Мұхтаров өзінің сыни мақалаларымен, әңгіме-очерктерімен оқырмандардың ыстық ықыласына бөленіп жүрсе, Ерсейіт Батырбеков, Гүлзат Құрбановалардың алар асуы әлі алда болған жас кадрлар. Болашақта идеяға толы материалдар жазып жұрттың назарын өздеріне аудара алады деп оларға үміт артамыз.
Баспасөз беттерінде ел құлағын елең еткізетін мақалаларымен танымал болған Үсен Асқаров қаламы қарымды, халықты аузына қарата алған, өзекті тақырыптарда қалам тербейтін, шындықты шырқырата сойып салатын журналист әрі қоғамдық қайраткер бола білді. Республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы болған кезінде “Нұрлы жол” газетін киелі шаңырақ санап, журналистерге аса құрмет көрсететін. Әрі газеттің кітап қорын жыл сайын байытып отыратын. Экономикалық шолуларды тамаша жасайтын, дүниеге өзіндік көзқарасы, саяси-әлеуметтік өмірге өзгеше ұстанымы бар табанды да қайратты, жігерлі тұлға тағдырдың айдауымен атажұртта қызметін жалғастырып жүр. Біз ол кісінің жұмыстарына сәттіліктер тілейміз.
Рысбай Анарбеков жас мамандарға ақыл-кеңес беріп, журналист болып қалыптасуына ықпал етіп жүретін сыйлы ағамыз еді. Редакция жұмысында ұйымдастырушылықпен, әдеби-шығармашылықпен айналысатын. Біз: “Реке!” — деп алдыңғы буын ағамызға құрмет пен ілтипат көрсететінбіз. Жаны жайсаң, жақсы адам еді ұстазымыз. Әруағыңыз шат болсын, Реке!
Әріптесіміз Айтуар Сабыров дарынды ақындардың бірі еді.
Оның қаламынан туған “Өнтек Балқы”, “Әз Әйтеке бабамыздың мәңгілік қоным тапқан мекені”, “Белгісіз қыздың бейіті” атты мақалалары мен “Қиын тағдыр”, “Сол менмін”, “Батырларым”, “Ақын көзімен қарап бақ” атты, тағы басқа да көптеген өлеңдерін ел сүйіп оқиды.
Ақын “Сағыныш”, “Сен менің елімді көр”, “Дүние жалған”, “Көкейде қалған көп түйін”, “Менің де титтей мұңым бар”, “Сергелдең еткен сезімдер”, “Толғағы жеткен тоқсан сөз” атты 7 кітаптың авторы.
Көкірегімде сағыныш бар бір керім,
Мәңгілікке өздеріңмен біргемін, —
дегеніндей өзі өлсе де, сөзі өлмейтін Айтуар Сабыров әрқашан бізбен бірге.
Марқұм әріптесіміз Мекембай Омаров тірі болғанында жуырда туылған күнін тойлайтын едік. Жазушы ағамыз Өзбекстандағы қазақ балалар әдебиетінің атасы болумен қатар, қызықты да тартымды мақалаларымен, шежіресімен, әсіресе жазба да айтыскер ақындығымен елге танымал болған тұлға еді. Біз әріптесіміздің жаны жаннатта болуын Алладан тілейміз.
Иә, Жаңа жылда жазған мақаламызда “Ескі жыл есірке, Жаңа жыл жарылқа”, — деп ескі жылмен қоштасып, Жаңа жылды қарсы алдық. Сонымен кіріп келген Жаңа Ұлу жылының жақсылығы мол болсын дейміз.