November 11, 2023

ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН, СЕРИАЛДАР ЖӘНЕ ЖАНЖАЛКЕШ ҚЫЗДАР  

Мектепте жүргенімде бір-біріне қол көтеріп, төбелескен қыздарды еш көрмеппін. Жанұяларда қыз бала тәрбиесіне мән беріп, үй шаруасын үйрететін. Әр кез “Қыз бала еш қатты сөйлемейді” деп айтатын үлкендер.

Бүгінгі күнде әлеуметтік желілерде мектептің оқушы қыздарының төбелесіп, жағаласып жатқанын бейнетаспадан көріп жүрміз. Көшеде де анасымен тең әйелдерге сөз қайтаратын қыздарды көп кездестіреміз. Сонда мұндай аянышты жағдайлардың себептері қандай? Қыздар неге ұрысқақ, жанжалкеш болып барады?

Жақында оқыдым. Шетелдік кісі: “Мен қыз-келіншектеріңізді өте ұрысқақ деп ойлайтын едім, бірақ олай емес сияқты” деді. Неліктен олай ойлайсыз деген сұраққа ол: “Әйелдер тек фильм­деріңіз бен сериалдарыңызда бір-бірімен төбелеседі” — деп жауап берді.

Шынымды айтсам, қымбат уақытымды сериалдар мен фильмдерге кеткізгім келмейді. Бірақ кейде теледидардан сериал көрсем, кейіпкерлердің сөзіне, әсіресе әйелдердің жаман ойларына ренжіп қаламын. Бұлар сериал арқылы адамдарға не үйретіп жатыр, руханилық, адамдық, ізеттілік қайда деймін.

Түрік сериалдарындағы сәнді өмірді айтпағанда. Соңғы үлгіде киінген әйелдер мейрамханалар мен кафелерде отырады. Олар қашан балаларын тәрбиелейді, қашан үй шаруасымен айналысады деп ойлайсың. Оның үстіне түрік сериалдарындағы махаббат біздің менталитетімізге де, мәдениетімізге де сәйкес келмейді. Сонда теледидардан тәрбиеленген жас қыздардан не күтуге болады?

— Төрт қызым бар, — дейді Ақдария ауданындағы № 27 жалпы орта білім беретін мектептің музыка пәнінің мұғалімі, халық ағарту ісінің үздігі Комила Қиличева. — Мектеп бітірген соң олар­ға қарапайым ұялы телефон сыйладым. Институтта үшінші курсқа өткенде көп функциялы сенсорлық телефон әпердім. Сол кезде де мен оларға айтпай, телефонын тексеріп отырдым. Ата-аналар, әсіресе қалада тұратындар баласының қайда екенін білу үшін мектепке телефон беріп жібереді, бірақ ол телефон қарапайым болуы керек. Меніңше, жастардың тәрбиесін бұзатын нәрсе — телефон мен теледидар, телефонда қыздардың кіммен сөйлесіп жатқанын, не көріп тұрғанын білмейсің. “Иқрор” телехикаясында бір әйелдің екі қызы да екінші әйел болып тұрмысқа шығып жатыр. Фильм осыдан дұрыс қорытынды шығару үшін түсірілгені рас, бірақ жастар қорытынды жасамай, жеңіл өмірге қызығып барады.

Бүгінде аналардың көбі шетелде немесе базарда жүріп, қыздарының тәрбиесіне, білім алуына аз ғана уақыт бөледі. Негізінде, ата-ана мектеппен бірлесе жұмыс істеп, баласының тәрбиесіне байыппен қарауы керек.

Руханият сағаты сабақтарында тақырыпты өмірден мысалдар арқылы өтуге тырысамын. Топтамадан қалай дұрыс қорытынды шығаруға болатынын түсіндіремін. Мұқият түсіндірілсе, оқушы қыздар міндетті түрде түсінеді. Бірақ аналар қыздарына уақыт бөліп, олардың тәрбиесімен шындап айналысуы керек.

Теледидардан сапасыз фильмдерге тыйым сала алмайтынымыз рас. Бүгінде, технологиялық даму дәуірінде кейбір адамдар әлемнің кез келген еліндегі фильмдер мен телешоуларды көре алады. Олардағы бейнелер біздің телебағдарламалардан да нашар. Сондықтан шетелдіктер балалары тек балаларға арналған арналарды көретіндей етіп үйіндегі теледидарды бағдарламалап қояды. Осы әдісті біз де, ата-аналар да қолдансақ жақсы болар еді.

Ата-ана, шын мәнінде, бала тәрбиесіне бей-жай қарамайды. Балаларының уақытын спортпен шұғылдану, репетиторлық, сабаққа дайындалу сынды сабақтан тыс жұмыстарға бөлген ата-аналар бар. Осындай талапшыл ата-аналардың балаларының теледидар көруге бос уақыты жоқтың қасы. Бірақ мұндай ата-аналардың саны өте аз.

Қалай десек те, бала ең алдымен тәрбиені отбасынан алады. Қызының ақылды, ибалы, зейінді, зерделі болғанын қалайтын әрбір ана уақытын баласының тәрбиесіне арнайды. Қызымен бірге сабақ дайындайды, үй шаруасын бірге істейді, бос уақытын қалдырмайды. Өйткені бүгінде көз алдымызда төбелескіш, ұрысқақ қыздар көбеюде, оның себебі — олардың тәрбиесінде олқылықтың болуы. Ендеше, қыздарыңыздың болашағына бейжай қарамасаңыз, осы олқылықтың орнын толтырыңыз!

Хуршида ЭРНАЗАРОВА