ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАУ ЖАҒДАЙЫ
Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі еліміздегі министрліктердің ішінде Мемлекеттік ұйымдардың цифрлық трансформациялау жағдайы рейтингінің 2023 жылғы 2-жартыжылдық қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеледі.
Қарастырылған кезеңде министрлікте цифрландыру саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ағымдағы жылдың 9 айы барысында Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі тарапынан оқу орындары мен министрлік қызметін цифрландыруға бағытталған ақпараттық жүйе жасалып, іс жүзіне енгізілді.
Атап айтқанда, мемлекеттік жоғары оқу орындары студенттерін жатақханаларға орналастыруға арналған ақпараттық жүйе, студенттерге төлем келісімшартын алу үшін онлайн өтініш жіберу, келісімшарттарды жүктеп алу және жоғары оқу орындарында келісімшарт негізінде көрсетілетін қызметтер үшін жүзеге асырылатын төлемдердің мониторингін жүргізетін ақпараттық жүйе, сондай-ақ “HEMIS” ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы жасалды.
Бұдан тыс, Бірыңғай интербелсенді мемлекеттік қызметтер порталында 7 мемлекеттік қызмет іске қосылды. Атап айтқанда, студенттер үйіне орналасуға өтініш жіберу, жоғары оқу орындары студенттері үшін академиялық анықтама (транскрипт) алу, жоғары/орта арнаулы және кәсіби білім алғандық туралы анықтамаларды өңдеу сияқты жаңа қызметтер енгізілді.
2023/2024 оқу жылы қабылдау үдерістерінде академиялық лицейлер үшін litsey.edu.uz, кәсіптік-техникалық мектептер үшін kasb.edu.uz, техникумдарды табысты бітірген бітірушілерді жоғары оқу орындарына кіруі үшін suhbat.edu.uz, екінші мамандық алу үшін ikkinchitalim.edu.uz және магистратура үшін magistr.edu.uz, оқуды көшіру мен тіктеу үшін transfer.edu.uz арқылы жалпы 260 мыңнан астам өтініш онлайн түрде қабылданды.
Жалпы алғанда, үстіміздегі жылдың 9 айы барысында аталған министрлікте білім беру саласын цифрландыру бойынша нәтижелі жұмыстар жасалды.
ЕЛІМІЗДЕ БАУЫРМАЛДЫҚ АПТАЛЫҒЫ ӨТУДЕ
БҰҰ Бас ассамблеясының қаулысына сәйкес, 1997 жылдан бастап 16 ноябрь жыл сайын бүкіл әлемде “Халықаралық бауырмалдық күні” ретінде кеңінен атап өтілді. Бұл күнді Өзбекстанда да атап өту халқымыз арасында жақсы дәстүрге айналған. Мемлекетіміздің ұлттық саясатының ең маңызды, үстем бағыттарының бірі — бұл барлық ұлттардың дамуына теңдей жағдай мен мүмкіндіктерді жасау, ұлтаралық байланыстарды үйлестіру болып табылады.
Осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында “Халықаралық бауырмалдық күніне” орай Ұлтаралық қатынастар және шетелдермен достық байланыстар комитетінің, Дін істері бойынша комитеттің, сондай-ақ бірқатар ынтымақтас мекемелердің ұйымдастыруымен елімізде 13-19 ноябрь күндері Бауырмалдық апталығы өткізілуде.
Тұрғындарда, әсіресе балалар мен жастарда азаматтық борышты, отансүйгіштік, қадір-қасиет, азаматтық жауапкершілік, сондай-ақ бауырмалдыққа негізделген ұлтаралық қарым-қатынас сезімдерін қалыптастыру нәтижесінде олардың қоғам дамуына қатысуын жандандыру, ұлтаралық татулық пен конфессияаралық бауырмалдық сезімін күшейту апталықтың негізгі мақсаты саналады. Бұл апталық барысында жер-жерлерде түрлі мәдени, рухани-ағарту және ғылыми-іс жүзіндік шараларды кең көлемде өткізу жоспарланды.
Мұндай маңызды іс-шараларды Ұлтаралық қатынастар және шетелдермен достық байланыстар комитеті, Дін істері бойынша комитет, Сыртқы істер, Әділет, Мәдениет, министрліктері, Республикалық Руханият және ағарту орталығы, Өзбекстан Жазушылар Одағы, тағы басқа да мүдделі министрліктер мен кеңселер ынтымақтастықта іске асырады.
Бағдарлама аясында Өзбекстан Ұлттық телерадиокомпаниясының Медиа орталығында елімізде ұлтаралық татулық пен діни бауырмалдықты қамтамасыз ету, шетелдермен достық байланыстарды дамыту аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды жұртшылыққа таныстыру мақсатында “Өзбекстан — бауырмал өлке” тақырыбында Халықаралық пресс-клубтың кезектегі сессиясы жоғары деңгейде өтті.
Сессия жұмысында Ұлтаралық қатынастар және шетелдермен достық байланыстар комитетінің, Дін істері бойынша комитеттің, Республикалық Руханият және ағарту орталығының, мүдделі министрлік пен кеңселердің, ұлттық мәдени орталықтардың, сондай-ақ республикада жұмыс жүргізетін діни конфессиялар басшыларының ақпары тыңдалды.