НӘУБЕТ ҚҰРБАНДАРЫН АҚТАУ СОТЫ ӨТТІ
Қатігез тарихтың құрбаны болған, жазықсыздан-жазықсыз нақақ айыпталып жазаға тартылған жандардың ұрпағы өз әулетінің аты ақталуын қалайтыны белгілі. Талай жылдардан бері бұл істің лажсыз көрінгені белгілі. Бірақ араға жылдар салып қоғамның ойы өсіп, пікірлер мен сана дамып, сол кездегі саясаттың қаншалықты қатігез әрі адам құқығына қайшы екеніне көзі жетті.
Әсіресе егемендік алып, азаматтардың мүддесі бірінші орынға көтерілген елімізде, сол заманның “нәубет құрбаны” болған зиялы қауым мен бай шаруаларының атын ақтау, олардың еңбегі мен мүддесін қорғау алғышарттардың біріне айналды. Кеңес үкіметі кезеңінде ату жазасына, қуғынға, одан басқа да жазаға айыпсыз ілінгендер араға ғасырлар салып аттары ақталуда. 24 август күні Өзбекстан жоғары сотында сол кезеңде елімізде өмір сүрген қазақ-өзбек, қарақалпақ, татар тағы басқа ұлт өкілдерінің кеңес үкіметінде жазықсыз жазаланған адамдарын ақтау кассациялық соты өтті.
Сот отырысы заманның қиындығын көрген жандардың атын ақтау үдерісін бірнеше айлардан бері қарап әділ шешім қабылдауға бел байлаған еді. Бұл мақсат орындалып, қазір нақақтан айыпталған адамдардың ұрпақтары әулетінің аты ақталғанына қуанды. Атап айтқанда Науаи облысындағы Тамды мен Кенимех аудандарында өмір сүрген 14 бай шаруалардың істері де қаралып, олардың заман таршылығында айыпсыз жазаланғаны анықталды. Олардың көбі қазақ ұлтының өкілдері екені, сол заманда тек малы мен ғана емес, қанымен, жанымен қоса жазаға тартылғаны, кейбіреулері ату жазасына кесілгені кеңес үкіметінің әділетсіз екенін көрсетті.
Кеңес одағының сол кездегі жалған ақпараттарында жазылған, өтірік айыптауларында Көмеков бастаған 14 адамға мынадай айып тағылған. 1931 жылы 9 марттан 11 июльге дейін олар Кенимех ауданы орталығына атпен бастырып келіп түрлі көтерілістер мен жанжал көтеріп, антиреволюциялық әндер шырқаған. Нәтижеде 7 июль күні милиция бөлімімен қақтығыс орын алып, Қанатбай Сарыбатыров пен Әбіш Ерназаров өлтірілген. Содан кейін басқа қатысушылар қамауға алынып, 1932 жыл 6 февральда ОГПУ құзырындағы “үштік” (сол кездегі сот орындаушыларының атауы) тарапынан қалған 11 кісіге 3, 5, 10 жылға жаза лагеріне жіберу жазасы қолданылған. Ең өкініштісі, қатысушылардың барлығы шаруашылықпен айналысатын адамдар болған.
Қорыта айтқанда, Кеңес үкіметі жер мен малды, адамдардың өмірі мен жандарын түрлі айла-тәсілдермен жалмап, түрлі саяси ойындардың көмегімен геноцид ұйымдастырғаны бүгінде баршаға бірдей ақиқат. Қағаз беттерінде аттары аталып бізге дейін есімдері жеткен жазықсыз жазаланған азаматтардың есімдері бүгінде әділ сот арқылы ақталып отыр. Бірақ сол кезеңнің құрбаны болып, аттары белгісіз қалған жандар қаншама, тарих ғылымы қазіргі таңда бұл мәселені ескерсе екен. Өйткені әділдік толық орнауы тиіс.