September 9, 2023

ЖІБЕК ЖОЛЫ БОЙЫНА ӨРКЕНИЕТТІ ТАРАТУ

Жуырда Самарқант облысында “Шаньдунның қонақжайлығы және сапалы өнімдері” көрме-тұсаукесері, сондай-ақ екі жақтың кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастық пен алмасу конференциясы өтті.

Конференция басталар алдында жетекшілер мен қонақтар тақырыптық көрмені тамашалады. Экспозицияда аудио-визуалды “Өзбекстан мен Қытайдың өзара шұғылалы және мәңгілік достығы”, “Ұлы елдің қуатты құралдары: Шаньдунның интеллектуалдық өндірісі”, “Шайдың нәзіктігі мен хош иісі: Лудың дәмін бірге татамыз” дегустациялық, сондай-ақ “Ци стилі мен Лудың нәзіктігі: Шаньдунның қолөнері” мен “Шығыстың одалары және әнұрандары: Шаньдунның кітап жұпары” атты көрмелер ұсынылды.

Конференцияда Самарқант облысының әкімі Эркинжон Турдимов бүгінгі шара мен кездесу Шаньдун мен Самарқант кәсіпкерлерінің тығыз ынтымақтастығына түрткі болатынын атап өтті. “Самарқанттың Шаньдун сынды әлеуетті провинциямен ынтымақтастығы көп нәрсені білдіреді. Біз олардың тәжірибесін пайдалануымыз керек. Шаньдун қаласының бизнесмендеріне Өзбекстан заңнамасы аясында Самарқантта жұмыс істеу үшін барлық жағдайды жасаймыз”, — деді ол.

ҚКП комитетінің хатшысы, Шаньдун провинциясы халық өкілдері Жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы Линь У өз кезегінде Самар­қант облысымен туысқан аймақ болып табылатын Шаньдун провинциясы — халқы, экономикасы және мәдениеті жағынан Қытайдағы жетекші провинциялардың бірі саналатынын тілге тиек етті. Бүгінгі таңда аталмыш провинция ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің маңызды тапсырмасына сәйкес, жасыл, төмен көміртекті және жоғары сапалы дамудың озық аймағын құруды белсенді түрде алға тартып, көптеген бастамаларда үнемі жаңа табыс­тарға жетуде. “Тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, жоғары деңгейге және кең ауқымды өзара тиімділік пен ортақ жеңіске жетеді”, деді Линь У.

Оның пікірінше, бұл конференция дәстүрлі достықты нығайтып, алмасу мен ынтымақтастықтың тамаша болашағын көрсетті. “Шаньдунның қонақжайлылығы және сапалы өнімдері” көрме-тұсаукесері күннен-күнге ныға­йып келе жатқан өзбек-қытай достығының жарқын тарихының тағы бір парағы. “Қонақжайлық” жылылық, дос­тық, шынайылық және жомарттықты бейнелесе, “сапалы өнім” үнемі жетілдіріліп отыратын жоғары сапаны білдіреді. Бұл Шаньдунның табиғаты мен мәдениетін, оның халқының табиғаты мен мінезін тамаша сипаттайды”, — деді Линь У.

Шара аясында БАҚ қызметкерлері ассоциациясы мен Шаньдун телерадио хабарларын тарату станциясы Ферғана журналистер бірлес­тігімен және Ферғана қаласының “Рухсор” телекомпаниясымен ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды.

Шаньдун провинциясы мен Са­мар­қант облысы бауырлас өңірлер, оларды ежелден келе жатқан қарым-қатынас пен терең достық байла­ныс­тыратынын атап өткен орынды.

Бұл шаралар Шаньдун провинция­сы халық билігінің Пресс-канцеля­рия­сымен бірге ұйымдастырылып, “Хайдайды Кангюймен байланыстыру арқылы Жібек жолы бойына өркениетті тарату” ұранымен өтті. Оған 150-ден астам қытайлық және өзбекстандық қонақ қатысып, Өзбекстан мен Қытай арасындағы ынтымақтас­тық пен достықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Айгүл ТЕШЕБАЕВА,

“Нұрлы жолдың” тілшісі.