ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ДАРЫН ИЕСІ
Биыл қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, ақын-философ, жазушы, тарихшы, композитор әрі аудармашы Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толды.
Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Абаймен замандас әрі інісі және ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін жалғастырушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Құдайбердіұлы Абай бағытын ұстанды. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға беріледі де онда жеті жасына дейін оқиды. Жеті жасында әкесінен жетім қалған ол бұдан былайғы кезде Абайдың тікелей тәрбиесінде болады. Өскен ортасының аса бай дәстүрлері мен Абай ағасының тәрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның талантты ақын, парасатты ой иесі болуына да зор ықпал жасады. Шәкәрімнің өзі кейінірек былай деп жазады: “Әкеміздің бір шешесінен туған ИбраЅим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша Һәм орысша ғылымға жүйрік Һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, әртүрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім”.
Кезінде арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, өз бетінше ізденіп, Абай ағасының жетекшілігімен жан сарайын байытқан Құдайбердіұлы өз заманында қазақ арасындағы аса білімдар адамдардың бірі болды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді. Ол көп ізденісінің арқасында сол заманның ең білімдар адамдарының қатарында болған. Соның нәтижесінде Хафиздің махаббатқа толы еңбектерін және Физулидің “Ләйлі-Мәжнүн” дастанын тәржімалаған. Орыс халқының да классикалық әдебиетіне терең бойлап, Пушкиннің “Дубровский” повесі мен “Боран” повесін өлең етіп аударған. Толстойдың да бірқатар шығармаларын қазақ қауымына таныстырып, оған хат жазу арқылы ақыл-кеңес сұрап отырған.
Тарихи деректерге сүйенсек, Шәкәрім Құдайбердіұлы 1876 жылы Мәуенді жар етіп, 1878-1880, 1887-1888, 1901-1905 жылдары Шыңғыс елінде үш рет болыс болған. 1882 жылы Айғаншаға үйленіп, 1903 жылы Орыстың императорлық географиялық қоғамы, Батыс-Сібірлік бөлімі, Семей бөлімшесінің мүшелігіне қабылданған. Ал 1905 жылы Абайдың соңғы кеңесімен қажылыққа аттанып, Стамбул, Египет пен Меккеге саяхаттайды. Осы жолда Парижге аялдап, Францияның мұражайында және кітапханаларында болған. 1906 жылы қажылықтан оралып, 1908 Семей түрмесінде жатқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен кезіккен. 1911 жылы ақынның “Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі”, “Мұсылмандық кітабы” атты еңбектері, бір жылдан соң “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек” поэмалары жарық көрген. Оның “Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі” еңбегі жайында Әлихан Бөкейхан “Ерекше сөз” тақырыбымен, Жүсіпбек Аймауытов “Шәкәрім ақсақалға” тақырыбымен мақала жариялаған. Ал 1917-1918 жылдары Алаш қозғалысына қатысып, уездік земство жұмысына, Алаш сотының қызметіне араласып, артынша қызметтен алшақтап, айтыс-тартыстан іргесін аулақ салған екен. Одан кейін де шығармашылығын тоқтатпай, 1918 жылы “Шын бақыттың айнасы” эссе-шығармасы басылып, сол жылы Алашорда үкіметінің соты, төбе биі қызметтерін атқарған. 1924 жылы Семейде “Дубровский әңгімесі” баспадан шығып, оның шығармалары “Айқап”, “Абай”, “Шолпан”, “Таң” журналдарында, “Қазақ”, “Сарыарқа”, “Қазақ тілі”, “Еңбекші қазақ”, “Қазақ әдебиеті” газеттерінде басылған. Ал “Әділ-Мария” романы, “Нартайлақ- Айсұлу” поэмасы мен “Үш анық” философиялық туындысы өмірден өткен соң оқырман қолына тиген. Деректерге сүйенсек, Шәкәрімнің қоғамдағы өзгерістерге қызу араласқанын аңғарамыз. Ақын 1925 жылы Шыңғыстағы Шақпақ деп аталатын өз қыстауынан он бес шақырымдай қашық маңда қора-жай тұрғызып, шығармашылықпен беріле шұғылданады. Сол кезде оған “Шыңғыстау көтерілісін ұйымдастырды” деген айып та тағылады. Түптің түбінде қазақ зиялысына қастандық ойлағандар мақсатына жетіп, 1931 жылдың 2 октябрінде НКВД-ның жендеттері оны атып өлтіреді де, мүрдесін құдыққа тастайды. Саналы ғұмырында қаншама қызмет жасап, ұрпаққа мол шығармашылық мұра қалдырған Шәкәрімнің өмірі осындай қорлықпен аяқталған.
Десе де, оның шығармашылығы 1958 жылы толық ақталып, Ахат есімді ұлы 1961 жылы 30 жылдан соң ғана әкесінің сүйегін құрқұдықтан қазып алып, Жидебайдағы Абайдың зиратының жанына жерлеген. 1988 жылдың 14 апрелінде Қазақстан Республикасы Орталық комитеті Шәкәрім Құдайбердіұлын толықтай ақтау туралы шешім қабылдады.