МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ “ПЕДАГОГИКА” КІТАБЫ — ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ТҰҢҒЫШ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ӘДЕБИЕТ
Түркістан өлкесінің ілім-білім орталығына айналған Ташкент қаласы XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап түркі зиялылары шоғырланған ордаға айналды. Мұнда ұлт зиялылары ана тілінде мектептер ашу, оқу әдебиеттерін жазу, көркем шығармаларын кітап етіп бастыру ісімен қызу шұғылданды. Ал 1920 жылы Ташкентте Қазақ Халық ағарту институты ашылды. Қазақ мектептері үшін оқытушылар даярлау мақсатында ашылған бұл институтқа Түркістан өлкесінің түрлі қалаларынан Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Санжар Асфендияров, Мағжан Жұмабаев,
Жүсіпбек Аймауытов сынды ағартушы-педагогтар шақырылды.
1922 жылы Омбы мен Петропавлда оқытушылар курсын ашып, қазақ оқытушыларын даярлауға басшылық етіп жүрген Мағжан Жұмабаев Түркістан өлкесінің Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұловтың шақыруы бойынша Ташкенттегі қазақ-қырғыз ағарту институтында сабақ береді. Институтта қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бере жүріп, Ташкентте шығатын “Сана”, “Шолпан” журналдарында, “Ақжол” газетінде де белсене қызмет атқарады, көптеген өлеңдері мен “Батыр Баян” поэмасын, бірқатар әдеби зерттеу еңбектерін жариялайды. Ғалым 1922 жылы Орынборда шығарған “Педагогика” атты ғылыми еңбегін біраз түзетулермен 1923 жылы Ташкентте қайта бастырып шығарды. Сөйтіп, қазақ тілінде шыққан тұңғыш “Педагогика” оқу кітабы оқытушылар даярлайтын оқу орындары үшін аса қажетті ғылыми-педагогикалық әдебиетке айналды.
Бұл кітапты жазудағы мақсатын Мағжан Жұмабаев былай түсіндіреді: “...балаға шын тәрбие беру үшін, тәрбиешінің өз тәжірибесі, Һәм ұлт тәрбиесімен таныс болу ғана жетпейді екен. ... тәрбие майданында шынығып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан ғалымдардың тәрбие туралы ойларымен, қысқасы, дұрыс жолға түсу үшін тәрбие пәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек”.
Ғалымның “Педагогика” кітабы 15 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде тәрбиеге “тәрбие кең мағынасында алғанда, қандайда бір жан иесіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді, адамзат туралы айтқанда, адамның баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша, тиісті азық беріп, өcipy деген мағынада жүргізіледі” деп, сипаттама береді. Ал тәрбиенің мақсатын былай айқындайды: “Тәрбиеден мақсұт адамды Һәм сол адамның, ұлттың, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу”. Ағартушы екінші бөлімде педагогика пәнін беске бөліп қарастырады. Жалпы педагогиканы адамның дене Һәм жан күштерін тәрбиелеу жолдарын көрсетеді деп сипаттайды. Дидактиканы оқытудың негізгі жолдарын, ал методиканы белгілі бір пәнді қалай оқыту жолдарын көрсетеді деп анықтама береді. Педагогика пәнінің төртінші бөлімін мектепті басқару, бесінші бөлімін педагогика тарихы деп атайды.
Ғалым жалпы педагогика дене тәрбиесі мен жан тәрбиесі жайлы деген қорытындыға келеді. Мағжан Жұмабаевтың “Педагогика” оқулығы тәрбиенің осы екі түріне арналған. Белгілі болғандай, педагогикалық оқу орындарында оқытылатын педагогика оқулықтары педагогиканың жалпы мәселелері, дидактика, тәрбие теориясы, мектепті басқару (оқу орны менеджменті) деген үлкен-үлкен бөлімдерден тұрады. Қазіргі педагогика пәні үйренетін мәселелерді Мағжан да өз кезінде дұрыс анықтап берген. Бірақ бұдан жүз жыл бұрын қазақ тілінде педагогикалық және психологиялық әдебиеттердің жоқтығын ескере отырып, автор мектепке дейінгі педагогика, жалпы педагогика, психология ғылымдарының қарастыратын мәселелерін үйлестіріп берген.
Мағжан Жұмабаевтың “Педагогика” оқулығының өз дәуірі үшін де, бүгінгі күн үшін де маңыздылығы сол, бұл кітапты оқыған ата-ана да, тәрбиеші де, оқытушы да, оқушы да баланы туылғаннан бастап қалай тәрбиелеудің жолдарын біліп алады. Ғалым жаңа туған баланы тәрбиелеу үшін өлшеу, жылылық, демалу, тамыр соғу, бала бөлмесі, баланың тамағы, киім, ұйқы, қозғалу, серуен, тісеу деген жәйттермен таныс болу керек екенін айтады. Кітапта бұлардың барлығын ғылыми түрде баяндап береді. Мағжан: “Дене тәрбиесіне жеңіл қарауға болмайды. ... Дене — жанның құралы. Құралы мықты болса, иесі де мықты болады” деп қадап айтады. Ол “Сау жан сау тәнде ғана болады” деген ескі мәтелді ұстану қажеттігін алға тартады.
Педагог жан тәрбиесін дене тәрбиесімен бірге алып бару керек дейді. Жанды дұрыс тәрбиелеу үшін психология ғылымын білу керек деген тұжырымға келеді. Кітапта жан көріністерінің дене көріністерінен айырмашылығын және арасындағы байланыстарды ашып береді. Жан көріністерін үйрену жолдарын түсінікті етіп жеткізеді. Жан тәрбиесінің түзу болуы үшін жүйке жүйесі мен оның қызметін, жүйке жүйесін сақтау мен дамытуды білу керек деп, осы мәселелерді ашып береді.
Кітаптың кейінгі бөлімдерінде жан көріністерін әсерлену, абай, суреттеу, ес, қиял, ойлау, тіл деп бөліп қарастырады. Әр қайсы ұғымды ғылыми тұрғыдан жан-жақты ашып береді. Бұл ұғымдардың барлығын психология ғылымы зерттейді. Ал Мағжан бұларды педагогикамен байланыстырып баяндайды. Бұлай жазу педагогика мен психология ғылымы Түркістан өлкесіне енді еніп келе жатқан сол дәуірге өте қажет еді.
Кітаптың үлкен бір бөлімі жан көрінісінің ішкі сезім мен қайрат түрлеріне арналған. Мұнда педагогика мен психология ғылымының бірлескенін көреміз. Педагог ішкі сезімдерді мінезіне қарай жағымды және жағымсыз, күшіне қарай жан күйі және аффект деп ажыратып, бұларды қазақ тұрмысымен байланыстырып ашып береді. Тәрбиеші баланың ішкі сезімдерін тәрбиелеудің жолдарын білу керек деп, оны неден бастауын түсіндіреді. Ішкі сезімдердің ашу, қорқу, аяу, достық, зерігу сияқты түрлерін сипаттап береді. Адам үшін ішкі сезімдердің ең қымбаттысы сұлулық (эстетика) және құлық сезімдері деп, оларды баланың бойында қалыптастыру жолдарын көрсетіп береді. Ғалым “баланың үсті-басы, денесі, беті-қолы, бәрі таза ұсталуға тиісті” деп, сұлулықтың басы тазалықта екенін көрсетеді. Баланың айналасында сөйленетін сөздер де сұлу болуға тиісті дейді.
Балада құлық сезімін дамыту үшін маңайдағы адамдардың құлықты болуына айрықшы мән беруді талап етеді. Сонымен бірге үйде де, мектепте де дұрыс тәртіп болу керек, әйтпесе балада тәрбиешіге сенім қалмайды дейді. Баланың дұрыс құлқын тәрбиелеу оңайлықпен болмайтынын, ерте жастан балаға жаман мен жақсы істерді салыстырып үйретіп отыру керек дейді. Сонда бала жақсы-жаманды жеңіл айыратын болады.
Қайратты тартылу, ұмтылу, тілеу деп үш түрге бөліп баяндайды. Қайраттың жасалу және оны дамыту жолдарын көрсетеді. Қайратты мінезбен байланыстырып түсіндіреді. Оның пікірінше, әрбір адамда тума мінез бар, оны темперамент деп атайды. Темпераменттің сангвиник, холерик, флегматик, меланхолик түрлері таза күйінде болмайды, бір-бірімен араласып жүреді. Кітапта темперамент адамның генетикалық қасиеттеріне ғана емес, өмір бойы жинақталған тәжірибелеріне байланысты да, жасына қарай да өзгеретіні көрсетілген. Кітап баланың жалпы жаратылысына шолу жасаумен аяқталады.
Мағжан Жұмабаев “Педагогика” оқу кітабын тек өзінің ұстаздық тәжірибесіне сүйеніп жазған жоқ. Ол педагогика және психология ғылымын терең меңгеріп, қазақ халқының менталитеттік ерекшеліктерін ескеріп, үлкен ғылыми дайындықпен жазды. Мағжан Жұмабаевтың “Педагогика” оқу кітабы, қазақтың ірі ғалымдарының бірі, профессор Шериаздан Елеукеновтің пікірінше, “тарихи ескерткіш ретінде қабылданбауы керек”. Бүгінгі таңда Мағжан Жұмабаевтың оқулығы жоғары оқу орындарының жаңа буын оқу әдебиетін жасауға негіз болуы тиіс. Өйткені бұл кітапта педагогикалық және психологиялық терминдерге нақты анықтамалар берілген.
Жоғарыдағы пікірлерімізді түйіндейтін болсақ, Мағжан Жұмабаевтың осыдан 100 жыл бұрын 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан “Педагогика” оқулығы әлі күнге дейін ғылыми маңызын жойған жоқ. Түркі тілдес халықтардың тұңғыш кітабы “Педагогика” ұлттық педагогикалық ой-пікірлердің дамуына септігін тигізері сөзсіз.
Низами атындағы ТДПУ-дың профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.