ЖАСЫЛ НИВА
Әуел бастан айтып қойғаным дұрыс, біз жақтың адамдары өте кішіпейіл болатын. Тарихтан бұл әдет елімізде тамыр жайлаған: біз үлкендерге — негізі, жасы үлкендер мен лауазымдағы адамдарға ерекше сый көрсетіп үйренгенбіз.
Әйтпесе, заманға қарасай! Социализмнің күйреп жатқаны анық.
Прибалтикада Тәуелсіздік үшін көтерілістер болып жатыр. Ташкент те тыныштығын жоғалтқан. Ал бізде Бағдаттағыдай тыныштық.
Дұрыс, бізде де “диктатор мырзаларға” қарсы шығулар болып тұрады: сонда да азаптау мен кемсітулер жанынан өтіп, сай-сүйегін сырқыратқандар...
Бақаны бассаң да бақылдайды ғой!
Бірақ ант етемін, мәселе онда емес.
Неге десеңіз, нағыз маған ұқсаған зиялы адамдар барлық жерде бар. Оның үстіне мен тілге алмақшы болған (садқаи тілім кетсін) “диктатор амалдарлар” да басқа облыстарымыздан табылады. Сондай-ақ, жасыл “Ниваның” да тұқымы көп. Әрі десең, сол биік Аққыратқа ұқсаған қыраттар да республикамызда көп. Қысқасы, туған жерге, қалаға жатқан едік. Міне осы қызыл “Жигулидеміз”. Әйелім, ұлым, қызым.
Жолымыз Аққыраттың үстімен өтеді.
Ал Аққырат болса, әлгі бір “диктатордың” совхозына қарайды.
Ілгеріде бұл жаққа жолым түссе, баруда да, қайтуда да қыратты шетте қалдырып, шөл арқылы кететін едім: ол жақ тыныш, жолы тегіс, ең жақсысы — “диктатор” жоқ.
Бұл жолы өте асығып тұрған едік, сағат 12-де институтта болуым керек, сабағым бар. Соңыра не бір қиялмен: “Көктем ғой балалар да бір қуансын, табиғатты тамашаласын”, деп оларды да бірге алып шыққам.
Иә-иә, қыраттың жолы жақын-да!
Таудың етегінде кәуәп пісіретін бір кафе бар. Сол жерде тоқтап, екі сыхтан кәуәп жедік. Бір пиаладан шай ішіп, тағы жолға шықтық.
Жол десеңіз, тау бауырлап кетеді.
Айнала жап-жасыл. Доланалар аппақ болып гүлдеген. Итмұрын ашылған. Дүние жүзіндегі барлық бұлбұл осы жерге келіп қалған сияқты, әрбір бұтақта сайрайды. Таудың етегінде сай бар, арғы жақта — аппақ қар.
Сонымен жан-жақты тамашалап, көтеріңкі көңілде кетіп бара жатқан едік. Машинаның жылдамдығы орташа — сағатына елу-алпыс километр. Кетіп бара жатып көңілімде бір күдік пайда болды. “Диктатор” кездесіп қалмасын да”. Ол бізді жеп қоймайды. Бірақ оның қылмыстары — өте үрейлі! Әншейін сәлем бермей өткені үшін бір жасөспірімді аяғынан астырған...
Қысқасы, бұрылыстан өтіп жатқанымызда, топ-топ болып гүлдеген ағаштардың арасынан бір жасыл “Нива” тап етіп шыға келді. Соң алдымызға түсіп, жайлап жылжи бастады. Дәл соның машинасы! Әйгілі машина!... “Диктатор директор” деп жатырмын, өтініш, енді оған біраз тоқталайық... Хош, ол кісі — сол райком секретарларын қайта-қайта ауыстырып жүргендердің бірі...Өз білгеніңізді көз алдыңызға келтіріңіз. Олардың бәрі бір-біріне ұқсайды. Ақшамен лауазымға ие болған. Кейін үкімет жоспарларын халықты құлдай істетіп, және припис-мриписпен асырып орындап, герой болған. Содан кейін Орталық комитеттен қорғаушы — “көке” тапқан. Бәлкім сол “көкенің” көмегімен “герой” болған. Қысқасы, көкенің “ашыл дастарқанына” айналған, бұл жақта өзі би, өзі хан, болған кісі...
Бізге ұқсаған адам — институттың қарапайым оқытушылары да ол үшін бір шегіртке: шертіп қалса, ұшып кетеміз. Қысқасы ол адамның залымдығы институтты да жайлап алған. Ректорымыз, бейшара бір жақсы адам. Оның атын естісе дірілдейтін еді: оның ауылынан яки туыстарынан біреу жарым бала оқитын болса, ең алдымен соған жағымпазданып, күйіп-пісіп жүретін.
Бірақ, оның үстінен жаз-жаз көбейген, кей жерлерде көтерілістер болғаны туралы да еститінбіз.
Қысқасы, жасыл “Нива” жолға түсіп алды да жылдамдығын төмендетіп, жай ғана жылжып кете бастады. Әрине бұл соның машинасы. Жан-жағынан антенналар шығарылған, демек ішінде рациясы да бар. Машинаның өзін айтсай, жап-жаңа. Бірақ жолдың жанынан шыққандықтан, артқы айнасы лай болғаны үшін, ішінде неше адам отырғаны көрінбейтін еді. Өте жай, жылжып қана кетіп бара жатыр. Мен де жылдамдықты азайттым. Не қылсам екен? Өтіп кетейін бе? Иә, сол сәтте институттан ұшырып жіберер: осындай оқиғалар болғанда, кейбіреулер байқамай өтіп кетіп, жоқ жерден бәлеге жолыққан. Егер, мен сізге айтсам, мұндай өзіне би, өзіне хан еркетайлар ілгері барлық қоғамда болған, ең қызығы олар бір-біріне ұқсаған. Бірақ, біздің қоғамымызда олардың пайда болуы, күтпеген жағдай болып, кісіні ойлантыратын мәселе. Біз де “Ниваның” соңынан кетіп жатырмыз. Бір уақытта ұлым қырсықтана бастады. “Папа өтейік. Өтіп кетейік!” Арғы жақтағы тегіс жолда жүргеніме үйренген ғой. Бұл жердегі көктем көріністері оны одан бетер есіртті.
“Мақұл, деймін. — Қазір өтеміз” деймін. Кейін қатыным да мазасыздана бастады: “Не болды сізге? Мұнша сылбырап қалдыңыз? Жол кең ғой, соза бермей, обгон қылып, озып кетейікші, папасы”.
Менің де дертім ішімде: институтқа тез арада жетіп баруым керек. Бұл жүрісте, кім біледі...
Қысқасы, кетіп бара жатырмыз. Тоба деймін. Кейде “Нива” тоқтап-тоқтап қалады.
“Өт, өте бер” деп жатқан секілді.
Өтіп боппын: мен де “Жигулиді” тоқтатып қаламын. Кете бердік, кете бердік.
Табиғаттан әсерленудің де быт-шыты шықты.
Ұлым тағы да мазасызданды, қатын мыңғырлады, қызым шешесінің сөзін қайталай бастады.
Е, сөздің қысқасы, бір жарым яки екі сағаттай оның соңынан еріп жүрдім: тез жүрсе тез жүремін, жай жүрсе, жай жүремін, тоқтаса-тоқтап қаламын. Бәріміздің ығырымыз шығып кетті, ұлым жылай бастады, қатын бізбен сөйлеспей қойды, қызымның қабағы түйілген. Өзім ше? Маған зәру ме еді осы жүріс?
Институттағы сабақ та қалды. Қыраттан асып өткен соң да кемінде екі сағат жол жүруім керек.
Сағат он екіге жақындағанда, қолым қалтырап, машина да қызып кетіп, қыратқа шығуымызға бір шақырым қалған еді, “Нива” бірден бұрылып, сол жаққа өтті де, сондай тік қырға зыңылдап шығып кетті. Самолеттің моторы орнатылған ба, деп ойладым. Қырдан асып ғайып болды.
Шүкір қылып, жағама түкіріп, жылдамдықты асырдым. Қыратқа шықтық.
Сондай шет жерде МАИ посты бар. Таныс инспектор жолға шығып келе жатыр. Ала таяғын осылай созды. Тоқтадым. Енді қуанып тұрғанымда тағы жүрегім дүрсілдеп кетті. “Жолда орынсыз әрекет қылдым ба екен?” деп ойладым. Инспектор да “диктаторға” тиісті адам-да! Рация арқылы бірдеңе деген болса, праваны он жерінен теседі. Бұл жолды өмірбақи ұмытуыма туры келеді.
— Бұларды жайына сап қойыңыз, ұстаз. Бастық “өте әдепті бала екен” деп айтты, — деді күлімсіреп.