November 11, 2023

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САҚШЫЛАРЫ  

Кеден (түркі тілінде тамға — таңба, белгі деген мағынаны білдіреді) — тауардың және көлік құралдарының, мүлік пен басқа да заттардың кеден шекарасы арқылы өту тәртібін қамтамасыз ететін, кеден режимдерін қолданатын, кеден төлемдерін өндіріп алатын, кеден бақылауын жүргізіп, кеден рәсімдемесін жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

Сауда — кез келген экономиканың негізі. Сауданы кеденсіз елестету мүмкін емес. Кеден — еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды саланың бірі. Дәл осы кеден қызметкерлерінің белсенді еңбегінің арқасында мемлекетіміздің импорт-экспорттық саясаты жүзеге асырылады. Сондай-ақ импорттық тауарлардың сақталуы қадағаланып, ел бюджетіне адал кіріс пен еліміздің халықаралық беделі жоғары деңгейде қамтамасыз етілуде. Расында, соңғы жылдары Президент Шавкат Мирзияевтың кеден саласына көңіл бөлуінің, сондай-ақ саладағы дәйекті реформалардың нәтижесінде жүйеде жаңа даму кезеңі басталды.

Мойындау керек, осы күнге дейін кеден қызметкерлері туралы кереғар түсінік болды. Бірақ бұл салада да өз мамандығына адал, міндетіне жанашырлықпен қарайтындар аз емес. Сол мамандардың еңбегінің арқасында экономикамыз дамып, халықаралық аренада беделіміз артып келеді.

Бүгінгі таңда 183 мемлекет Халықаралық кеден ұйымына мүше және олар халықаралық сауданың 98 пайыздан астамын басқарады. Оның төрттен үш бөлігі дамушы елдер. Дүние жүзінде кеден қызметкерлерінің жалпы саны 800 мыңнан асады. Олардың қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі орасан зор.

Бүгінде кеден саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойлануда. Елдің дамуы жолында жанқиярлық танытып жүрген кеденшілердің бірі — Асқар Сейсенғалиев.

Ол адал қызметімен кеден саласында үлгі болған отандас­тарымыздың бірі. Қарақалпақстан Республикасы кеден басқармасында 17 жылдан бері қызмет етіп жатқан Асқар Сейсенғалиев бүгін осы бөлімнің бас инспекторы қызметін атқарып, кеден қызметі подполковнигі арнаулы атағын алған.

Кеден органдарындағы еңбек жолын Қарақалпақстан Республикасының Кеден басқармасы Кіріс және кедендік құн басқармасының инспекторы болып бастаған кейіпкеріміз “Нөкіс” сыртқы экономикалық қызмет кеден бекеті, “Давуд-ота” шекаралық кеден бекеті, “Қарақалпақстан” теміржол шекаралық кеден бекеті, сондай-ақ бөлімнің түрлі бөлімшелерінде инспектор, аға инспектор, пост бастығының орынбасары, бас инспекторы қызметтерінде жемісті қызмет атқарды.

Кішіпейіл, шыншыл, еңбек­қор, білімі мен біліктілігі мықты, қызмет тәртібін қатаң сақтайтын А.Сейсенғалиев бүгінде Өзбекстан Республикасы Кеден комитетінің тауарларды классификациялау департаментінің бас инспекторы қызметін атқаруда. Кеден бекеттерiндегi кеден бақылауының тиiмдiлiгiн арттыру, соның iшiнде импорт және экспорттық өнімдердің сыртқы экономикалық қызмет көрсету тауарлар номенклатурасы (СЭҚ ТН) бойынша кодтарды дұрыс классификациялаудың нәтижесінде мемлекет бюджетіне өндірілетін кедендік төлемдердің толық және дұрыс өндірілуіне өз үлесін қосуда.

Өткен 2022 жылдың ішінде сыртқы экономикалық қызмет көрсету кеден бекеттерінде ресмилендірілген жүк декларацияларынан жалпы 50 жағдайда тауарлардың СЭҚ ТН кодтарындағы қателерді анықтады, оның ішінде жалпы сомасы 1 миллиард 428 миллион сум көлемінде қосымша кедендік алымдар есептелді, 2023 жылдың 9 айында 62 жағдайда тауарлардың СЭҚ ТН кодтарын бұрыс белгіленуінің нәтижесінде 1,5 миллиард сум мөлшерінде қосымша кедендік төлемдер есептеліп, мемлекет бюджетіне өндірілуге қол жеткізілді.

Сондай-ақ, А. Сейсенғалиев еліміздің аумағына тауарларды әкелу және экспорттаумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне өзінің өкілеті аясында тауарлардың СЭҚ ТН кодтарын анықтау бойынша алдын ала шешім қабылдауда қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 2022 жыл ішінде барлығы 128 кәсіпкерлік субъектілерінің өтініші негізінде тауарлардың СЭҚ ТН кодтарын анықтау бо­йынша бастапқы шешімдер ұсынылды, ал ағымдағы жылдың басынан бастап 92 кәсіпкерлік субъектілеріне СЭҚ ТН коды бойынша алдын ала шешімдер дайындалды.

А.Сейсенғалиевтің Кеден органдарындағы нәтижелі қызметтері лайықты бағаланып, “Алғыс хат” және “Мақтау қағаздарымен”, Өзбекстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес “Өзбекстан Республикасы Қарулы Күштеріне 25 жыл” мерекелік төсбелгісімен марапатталған. Кейіпкеріміз жас болуына қарамастан, кеден органдарындағы көп жыл­ғы қызмет тәжірибесін, білімі мен біліктілігін кейінгі ұр­паққа үйретіп, бірқатар шәкірт­теріне тәлімгер болып келеді.

Еліміздің дамуы, тыныштығы, экономикалық қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген мықты кеденшілеріміздің қатарында Асқар Сейсенғалиев сияқты замандастарымызға ауыр да абыройлы қызметтерінде сәттілік тілейміз.

Гүлзат ҚҰРБАНОВА,

“Нұрлы жолдың” тілшісі.