September 16, 2023

ХАЛЫҚТЫ АУЫЗСУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ДЕҢГЕЙІ АРТАДЫ  

Халқымызда су әкелген елде әзіз деген сөз бар. Тіршіліктің көзі, тазалықтың нышаны болған суды қорғап-сақтау, оның әрбір тамшысын үнемді және тиімді пайдалану баршамыздың міндетіміз. Өйткені денсаулығымыз да, ұзақ өмір сүруіміз де, ең алдымен, ауызсудың сапасына байланысты.

Сондықтан соңғы жылдары халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету, кәрізсу қызметін жақсарту жұ­мыс­тарын одан әрі жеделдету, ауызсумен қамту және кәрізсу қызметтерін қамтуды арттыру бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, соңғы бес жылда еліміздің сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға 1 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды. 2017-2023 жылдар аралығында 5870 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 31837,5 километр ауызсу және кәрізсу желілері салынып, қайта жаңартылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 11,8 миллион халықты ауызсумен қамтамасыз ету жақсарды, 6,6 миллион тұрғын бірінші рет ауызсумен қамтамасыз етілді.

2021-2022 жылдары жалпы құны 67,4 миллиард сумға тең болған жалпы 215 жаңа арнайы техника сатып алынды. Қазіргі уақытта қолданыстағы 476 техника жөнделді.

Атап айтқанда, “Абат ауыл”, “Абат махалла” бағдарламалары аясында халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында өткен қысқа мерзімде республикамыздың барлық аймақтарына су құбырлары тартылып, көп жылдардан бері халықты мазалап жүрген мәселелер оң шешімін тапты. Соның нәтижесінде болашаққа үлкен үмітпен, сеніммен қарап, әрдайым ерік-жігермен өмір сүрген азаматтар арманына қол жеткізді. Елімізде болып жатқан өзгерістер мен жаңаруларды күнделікті өмірінен байқап, сезінді.

2030 жылға қарай халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету деңгейін 90 па­йызға жеткізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осыған орай, 2023-2030 жылдары республика бойынша 50 мың шақырымнан астам ауызсу желілері мен 2 мың құрылыс нысандарын салу және қайта жаңғырту тұрғындар мен экономика салаларының қауіпсіз де сапалы су ресурстарына сұранысын қанағаттандыруға қызмет ететіні сөзсіз.

Халықты сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында республиканың үлкен қалаларында мемлекет бюджеті және халықаралық қаржы институттары қаржысы есебінен 15-ке жуық жоба жүзеге асырылуы нәтижесінде шамамен 6,7 миллион халықты ауызсумен қамтамасыз ету жақсарады.

Бұл бәрі емес. Республиканың орталықтандырылған су құбыры жоқ шалғай аудандарында орналасқан елді мекендерге ауызсу жеткізу үшін басқа заңды және жеке тұлғаларға тиесілі 220 су құбыры ұйымы мен 1701 арнайы су тасымалдау көлігімен жеткізіп берілуі жолға қойылды.

Айта кетерлік жайт, балама көздерді пайдаланатын және ауызсуды арнайы су көлігі техникасымен тасымалдайтын тұрғындардың үлесі 25,6 пайызды құрайды. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 18 октябрьдегі тиісті қаулысына сәйкес “SUYEZ International SAS” (Франция) компаниясының қатысуымен Ташкент қаласын ауызсумен жабдықтау және су жүйелерін жақсарту мақсатында жалпы құны 218,8 миллион еуролық жоба жүзеге асырылуда.

Бұл жоба аясында қалада “ақылды” басқару жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде еліміздің шалғай елді мекендерінде тұратын және орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілмеген мың-мыңдаған азаматтарды таза ауызсумен қамтамасыз етуге, олардың көптен күткен арманын жүзеге асыруға, ең бастысы, халықтың денсаулығын сақтауға негіз болады.

Жасыратыны жоқ, әр саланың дамуы білікті кадрларға байланысты. Сондықтан елімізде сумен жабдықтау саласында білікті кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, өңірлерде барлығы 248 диспетчерлік пункт пен 527 апаттық-қалпына келтіру бригадасы құрылып, 2219 желі шеберлері мен сантехниктер білімін жетілдірді.

Бір сөзбен айтқанда, халықты ауызсумен қамтамасыз ету — ең алдымен, еліміз тұрғындарының денсаулығының кепілі. Осыған орай, мемлекет тарапынан сумен жабдықтауды жақсарту, салаға цифрлық технологияларды жер-жерлерде енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға және оның сапасын жақсартуға қызмет етеді.

Камол ЖУМАНИЯЗОВ,

Олий Мажлис Заң шығару палатасының депутаты.